№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ауыз қуысында 2000-ға жуық микроб болатынын білесіз бе?

Ауыз қуысында 2000-ға жуық микроб болатынын білесіз бе?


Қазақстанда тіс жегісі ауруы басты проблемаға айналды. Әсіресе жасөспірімдерді тіс жегісі жиі мазалайды. Осы рете тісті қалай дұрыс күтіп ұстауға болады? Тіс жегісі ауруынан қалай сақтануға болады? Бұл жөнінде арнайы мамандардан білдік.


Нақты деректерге сүйенсек, әлем халқының 93 процентін тіс жегісі мазалайды. Мамандар тіс жегісінің кең таралуына экологиялық және экономикалық факторлардың әсерін алға тартады. Осы факторлардың салдарынан дүние есігін ашқан сәбилер тіс жегісіне бейім келеді. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың басым көпшілігі тіс жегісінен зардап шегеді. Жалпы адам денсаулығының мықты болуы тіске байланысты екені даусыз. Тіс ауруының пайда болуы асқазан және эндокриндік жүйенің бұзылуына алып келеді. Осы орайда аудандық емхананың стомотология бөлімінің меңгерушісі, стоматолог Бибігүл Амантайқызын сөзге тарттық.
– Бірінші кезекте жеке бастың гигиенасына мән беру маңызды. Тісжегі дегеніміз – микроб. Яғни ауыз қуысындағы микробтардан пайда болатын ауру. Ғылыми тұрғыда ауыз қуысында 2000-ға жуық микроб болатыны дәлелденді. Тіс уақытылы тазаланбаса микроб көбейіп, тіс жегісіне айналады. Экологияның нашарлығы, тағам құндылығының төмендігінен жүкті әйелдерде қаназдық, кальций жетіспеушілік, иммундық жүйенің төмендігі пайда болады. Аяғы ауыр ананың денсаулығындағы кінәрат көп жағдайда ұрпағына беріледі. Сондықтан әйелдер жүктілік кезеңінде керекті дәрумендерді қабылдағаны дұрыс. Бүгінде тіс жегісі 3 жастан бастап 12 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. 15-16 жастағы балаларда сүт тістері тұрақты тіске ауысқан уақыттан бастап тіс жегісі азаяды. Қылшықты щеткалар сүт тістердегі қорғаныс қабығына зақым келтіреді. Осы себепті 5 жасқа дейінгі балаларға тісті щеткасымен қолданбағаны дұрыс, – дейді стомотолог-дәрігер Бибігүл Матешова.
Оның айтуынша, тіс жегісімен жүгінетіндер саны азайды. Статис­тикаға жүгінетін болсақ, 2016-2017 жылы тіркелген жүкті аналардың 20-30 процентінін ғана тістері сау болса, 2019 жылы 50 пайызға жетті. Бұл – халықтың сауаттылығының артқанының белгісі.
Айта кететіні, аудандық емханада зейнеткерлер мен батыр аналар, мектеп жасындағы балалар, аяғы ауыр аналар және мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін ем көрсетіледі. Сондай-ақ, кент және ауылдық округтердегі 38 мектепте тіс дәрігерлері қызмет көрсетеді.
Ауырмаудың жолын іздеу әл­де­қайда тиімді. Адамдар тіс ауруына қарсы түрлі пасталармен, залалсыздандыратын шайғыш құрал­дарды пайдаланып жатады. Соған қарамастан тіс дәрігеріне жүгініп жататындар аз емес. Осы аурудың алдын алу үшін үй жағдайында жасалатын қолжетімді кеңестерімен кент тұрғыны Нағима апа бөлісті.
– Күнделікті жатар алдында ауызды тұзды сумен шаю, ауыз қуысындағы микробтардан тазартады. Ал, тісте ауырсыну болса сарымсақ пен жуа көмегімен арылуға болады, яғни сарымсақты тазартып ауырған тіске қойып, ауырсынуды басуға болады. Ерте заманнан халық ара­сында осындай тәсілдер арқылы ем қабылдаған, – дейді зейнеткер.
Тіс жегісінің пайда болуына әсер ететін негізгі факторлар және оның алдын алу шаралары қандай? Бұған «Баян сұлу» клиникасының басшысы, стоматолог Баян Божбанбаева жауап берді.
– Тіс жегісінің негізгі себебі не?
– Баланы жастайынан ауыз қуысы гигиенасын сақтауға үйретуіміз қажет. Яғни, таңертеңгі астан кейін, кешке ұйқының алдында міндетті түрде тісті тазалау қажет. Мәселен, ауыз қуысында қалған кішкентай қиқым үгітіндісі тіске кариес түсіретінін ұмытпағанымыз жөн. Сол себепті әр тамақ жеген сайын ауыз қуысын шаю керек. Тіс тазалығын сақтаудағы есте ұстар нәрсе, үш ай сайын міндетті түрде тіс щеткасын ауыстырып тұру керек. Ал, бізде жоғалып қалмаса, ауыстырмайтындар бар. Сонымен қатар міндетті түрде жылына бір рет тіс дәрігеріне көрініп, тісті емдетіп тұру қажет.
– Сіздерде тіс ауруларын емдейтін қандай техникалар бар?
– Бізде арнайы рентген аппарат­тары мен заманауи стоматологиялық кресло бар. Рентген аппараты арқылы аурулардың алдын алып, асқынған түрін ертерек анықтаймыз. Жалпы, тәжірибе алмастыру мақсатында Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы және шетелге жиі барып, тәжірибе алмасып тұрамыз.
Маманның сөзінше, халық ара­сында сүт тістердегі тіс жегісін емдеудің қажеті жоқ, олар түсіп қалады деген тұжырым қалыптасқан. Ол дұрыс емес. Сүт тістерде тіс жегісі болса, кейінгі тұрақты тістерде аурудың даму мүмкіндігі жоғары болады.

P.S.: Әрбір адам өз денсаулығына өзі жауапты. Тіс жегісінің алдын алудың басты шаралары ауыз қуысының гигиенасын сақтап, дұрыс тамақтану және стоматологқа жылында бірнеше рет көріну. Тіс күтім ережелерін әрбір адам сақтауды басшылыққа алғаны абзал. Мамандармен пікірлесу барысында осыны ұқтық...

Майра ҒАНИЕВА
26 қараша 2019 ж. 665 0