№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тіс ауруы: балаларды неге жиі мазалайды?

Тіс ауруы: балаларды неге жиі мазалайды?


Өскелең ұрпақ елдің ертеңі. Өміріміздің жалғасы. Сондықтан әркімнің өз баласының денсаулғына алаңдауы орынды. Әсіресе, балаларды уақытылы дәрігердің тексеруінен өткізу маңызды. Өйткені, бүгінде балалар арасында түрлі аурулар көп. Соның бірі – тіс жегісі.
Әдетте тістотық диагнозы 2-3 жасар балаларда жиі кездеседі. Оның себебі әртүрлі.


Мәселен, тісті тазаламаудан, тәтті тағамдарды көп тұтынудан, бала ағзасына кальцийдің жетіспеушілігінен бала тісі жаппай құрттап жатады. Кейде аналар баласына тәтті бермесе де тістерінің бүлініп жатқанын айтады. Демек, баланың бойында кальций аз, құнарсыз тамақ жейді деген сөз. Баланың тамағына үлкен мән беріп, оны ерте жастан дұрыс тамақтану дағдысына қалыптастыру керек. Ескеретіні, дүкендегі зиянды тағамдардан бас тартқаны абзал.
Бүгінде аудан бойынша 6 және 11 жас аралығындағы балалардың сүт тістерінің жаппай құрт жегіне ұшырауы жылдан-жылға көбеюде. Тістің бұлай бүлінуіне экологиялық жағдайлар, ауыз судың құрамы мен тазалығы да әсер етеді. Су құрамында фтордың мөлшерден тыс көп болуынан бала тісі үгіліп, флюорозға шалдықтыруда. Сәбидің ағзасына микроэлементтер мен дәрумендердің жетіспеушілігі де тіс жегінің пайда болуына себеп. Сонымен қатар, баланың соматикалық аурулары, яғни, бала ағзасындағы түрлі дерттің де әсері болады. Өйткені, қандай ауру болса да бала ағзасындағы зат алмасу процесіне тікелей қатысады. Соның салдарынан тістері құрттап жатады.
Сондай-ақ, ана жүкті кезінде дәрумендерді көп қабылдауы керек. Өйткені, баланың сүт тістері құрсақта жатқанда қалыптасады. Егер ананың бойында кальций аз болса, қан аздық болса, онда балада да осы дәруменнің жетіспеушілігі туындап, бала аурушаң болады. Нәтижесінде, тістері ерте құрттап жатады.
Тістотықтың алдын алу үшін балаға тәтті беруді азайтып, құрамында кальцийі көп тамақ беру керек. Егер ауыз су құрамында фтор жоқ болса, онда сәбидің тісін құрамында фторы бар тіс пастасымен жуған жөн. Фтор енді бұзыла бастаған тістерді сақтап қалуға көмектеседі. Ол тіс эмалін шірітетін бактериялардың қышқыл түзуіне жол бермейді. Ауыз қуысындағы сөлге фтор араласып, тіс айналасына жиналады да, өзіне өзге минералдарды тартады, мысалы кальций. Ал кальций өз кезегінде тістің алғашқы бұзылуында-ақ тіс эмалын қайта қалыпқа келтіреді.
Сонымен қатар, бала тісін тазалайтын щетканы дұрыс таңдау өте маңызды. Өйткені, барлық щетка пайдалы бола бермейді. Әлі өздігінен тіс тазалай алмайтын сәбилер үшін ең тиімдісі – силиконды массажер. Оны саусақ басына кигізіп баланың тісін оңай тазалауға болады. Ал, 3 жасқа толған балаларға сапалы, қылшықтары жұмсақ тіс щеткасын алған дұрыс.
Айта кететіні, тіс эмалінда қалыптасатын минералдар тіс құрамнда бар минералдарға қарағанда қатты болады. Тіс тіндерінде фторапатит деп аталатын жаңа элемент пайда болады. Фторапатит ауыз қуысында пайда болатын қышқылдармен күресіп қана қоймай, қауіпті бактериалардың таралуына жол бермейді. Алайда, құрамында фторы бар тіс пастасын сақтықпен пайдалану керек. Өйткені, кей жерлердің суы құрамында фтордың мөлшері көп болады. Мұндай жағдайда фтор бар пастадан бас тартқан абзал. Өйткені, бұл ағзадағы фтордың шамадан тыс көбеюіне соқтырып, флюороз тіс ауруына шалдықтыруы ықтимал. Бұл ауру бала тісінің жаңадан қалыптасып келе жатқанында фторды көп пайдаланудан болады. Бұның жеңіл түрі тіс эмалында кішкене дақтардың болуы арқылы білінеді. Ал, асқынған түрінде тіс эмалының түсі толықтай өзгеріп, тісте кедір-бұдыр пайда болуы мүмкін.
Қорыта айтқанда, баланың тістері мен денінің сау болып қалыптасуы ата-анаға тікелей байланысты. Әр ата-ана баласының дұрыс тамақтануын қадағалап, жеке бас гигиенасын ұқыпты ұстауды үйретсе мың сан аурудың алдын алуға болатыны анық.

Бибігүл МАТЕШОВА,
тіс дәрігері.

05 ақпан 2019 ж. 1 552 0