Жоба аясындағы жүздесуде не айтылды?
Қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күресуде түрлі бағдарламалар іске қосылды. Облыстық «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің міндеті жемқорлықтың жолын кесу. Жуырда аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аталмыш топтың кеңсе жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов бөлім басшылары және түрлі сала мамандарымен арнайы кездесті.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен өмір сүру сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын өңірлерге тарату туралы айтып, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасын іске асыру тапсырылған болатын. Соның нәтижесінде облыс әкімінің қолдауымен өңірімізде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы құрылды.
Аталмыш жоба негізінде құрылған «Адал ұрпақ» еріктілер клубының қатысуымен өткен жиында сыбайлас жемқорлықты азайтудың жолдары айтылды.
– Біздер сыбайлас жемқорлықсыз қоғамға кезең-кезеңімен осындай алдын алу шараларын жүргізе отырып қол жеткізетін боламыз. Сыбайлас жемқорлықтың басты факторы мерекелік сыйлықтар алудан бастау алады. Осы тұрғыда сыйлықтан бас тарту мәселесі және оны қабылдаудың, алудың, берудің арасындағы заңдық жауапкершіліктің салмағын түсіндіру біздің ұйымның басты бағыты. Егер қызметкер құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықты қабыл алса, оны міндетті түрде өткізгені дұрыс. Арнаулы қорға түскен құнды зат саудаланып, түскен қаржы республикалық бюджетке аударылады, – деді кеңсе жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов.
Кеңсе жетекшісі «Ақмешіт – адалдық алаңының» қызметі мен оның негізгі бағыттарын тарқатып айтты. Жоба аясында облыс көлемінде балабақшалар мен мектептерде сыбайластық айқындалғанын, соның ішінде білім беру ұйымдарына қатысты мәселелер назардан түспейтінін баяндады. Әрі жемқорлықпен күреске қоғамның әрбір мүшесі атсалысу керектігін айтты.
Ұйымның жүргізген мониторингі нәтижесінде осы кезге дейін азаматтарға қолайсыздық тудырып келген кейбір мәселелер оң шешімін тапқан. Мәселен, денсаулық сақтау саласында медициналық анықтамалардың, санитарлық кітапшалардың беру тәртібі, квотаның берілуі, медициналық қызмет сапасы зерттелген. Бұған дейін емханалардан квота бойынша жолдама алған азаматтар осы анықтаманы қосымша растау үшін емханалардың мөрімен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасына келіп тіркеліп, басқарманың мөрін бастыру үшін, кезекте тұратыны анықталған. Яғни бір квота үшін осыншама әуре-сарсаңға түскен. Мәселе «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы өкілдерінің ұсынысы бойынша шешіліп, квота беру тәртібіне өзгерістер енгізілді. Бұдан былай тұрғындар квотаны алып, тікелей республиканың медициналық ұйымдарына ем қабылдауға бара беретіні белгілі болды.
Лаура АЙДАРХАНҚЫЗЫ