№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанда 39 жалғызбасты қарт тұрады

Жаңақорғанда 39 жалғызбасты қарт тұрады


Зағипа әженің бүгін көңіл-күйі жақсы, денсаулығы қалыпты, телефон қоңырауына жарқын үнмен жауап берді. Мұнысына әлеуметтік қызметкер Меруерт апай да қуанып қалды. Қанша жерден қуатты болса да жалғызбастылық дерті көңіліне қаяу түсіретіні анық. Бүгінде аудан орталығында Зағипа әже секілді 39 жалғызбасты қарт тұрады. Әрбір зайырлы мемлекеттің дамуы халқының өмір сүру деңгейіне байланысты сараланады десек, оларға қамқорлық көрсету мемлекет міндеті.


Тағдыр тауқыметін тартқан, түрлі жағдайларға тап болған қарияға немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға кез-келгеніміз көмек көрсетуге құлық таныта қоймайтынымыз рас. Тіпті өз баласы теріс айналып, қараусыз қалған жалғызбасты жандар да жоқ емес. Халықтың осындай әлсіз топтарына көмектесетін, науқас адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайтын арнайы қызметкерлерді – әлеуметтік жұмыс мамандары деп атайды.
Әлеуметтік қызметкерлер әкімшілік жанынан құрылған әлеуметтік қызмет орталықтарында, ауруханада, психиатрияларда, маскүнемдік мен есірткіге тәуелділіктен оңалту орталықтарында жұмыс істейді. Оларды көбіне үй қызметкерлерімен шатастырады екен. Мемлекет тапсырысы бойынша арнайы әлеуметтік қызмет стандарты бар. Соған сүйенеді. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін мамандар балалардың әлеуметтік қамсыздануына бағалау жүргізеді және адамдардың мемлекеттік жәрдемақы алуын қадағалайды.
Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтiк қызметкерлер күнi. Бұл – жалғызбасты қарттарға, мүгедек балалардың және басқа да азаматтардың мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтын мейiрбан жандардың мерекесi. Осы тұрғыда қызметі көзге көрінбейтін, бірақ еңбегі еселі жандарды төл мерекесі қарсаңында дәріптеуді мұрат етіп, 30 жылға жуық еңбек өтілі бар Меруерт Нұртасбекқызын әңгімеге тарттық.
– Шыны керек, қартайғанда жалғыз қалу өте ауыр. 30 жылдай болды осындай жандармен бірге келемін. Олардың көңілін табу өте қиын. Аптасына екі рет, кейде күн-түн демей ауырып қалса қоңырау шалады. Дереу барып, көмек көрсетуге тырысамыз, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға алып барамыз. Егде кісілер көңілшек келеді, кейде бір шаруаның орайы келмесе ренжігендей күйде қалады. Сондықтан оларға барынша қолдау көрсетіп, мұңымен бөлісіп, оңалып кетуіне ықпал жасауға тырысамыз, – деді Меруерт Асанбекова.
Айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан қоғам мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж. Ал ұл-қыздары қараусыз қалдырып немесе тағдыр маңдайына жалғыз болуды жазған қазыналы қариялардың әр күні сағынышпен өтеді. Мұңға толы жанарларында жастық шаққа, ұл-қызына деген сағыныш байқалады. Біз сондай жандардың үйін аралағанда төрде отырған апа-аталардың есікке елеңдеп отыратынын көрдік. «Апа», «ата» деп немерелері мен балалары кіріп келетіндей көңілдерінде үміт бар.
– Өмірімнің жартысынан көбінде жалғызбасты қариялардың жанында қамқор бола жүріп жан-дүниесін терең тани түскендеймін. Олар қоғам алдында еңсесін көтеріп жүргенімен, іштей мүжіліп, сарғайып отырады. Міндетіміз – жарығы мен газының ақшасын төлеп беріп, үйлерін жинастыру ғана емес, көңілдеріне де жарық түсіруге тырысамыз. Мұңайғанда сырларымен бөлісеміз. Үйлерін әктеп, қора-жайын тазалап береміз. Кейде ұжым болып бір-бірімізге көмектесіп, қиын жағдайдан шығуға жәрдемші боламыз. Бір сөзбен айтқанда, солардың өкіл баласындай бір жақыны боп кетеміз. Осындай қызметте жүргенімізді ар емес, абырой санаймыз, – деді кейіпкеріміз.
Сала қызметкерінің ауыр мехнаты жөнінде ой тербеген кент әкімдігінің әлеуметтік маманы Үміт Аптаева:
– Үйде әлеуметтік көмек беру бөлімшесінің штатында педагогикалық және медициналық білімі бар 40 қызметкер бар. Олардың жетеуі қарттарға, қалғаны мүмкіндігі шектеулі балаларға қарайды. Осы бағытта әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын бағдарлап, жоспар құрып, ай сайын есеп алып отырамын. Қызметкерлер болса өздеріне жүктелген қариялардың аптасына екі-үш рет күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап, керек-жарағымен қамту үшін базардан чек арқылы азық-түліктерін тасып береді. Солардың ішінде еңбек өтілі көп, әрі тәжірибелі маман деп Меруерт апайды атауға болады. Бір өзі жеті қарияға қарайды. Еңбегіне адал жан, – дейді.
Байқағаным, әлеуметтік қызметкер болу үшін темірдей төзім, салқын сабыр керек. Олардың сұраққа жауап бергенін, тапсырманы орындағанын күту, қиналып жүрсе мұңын тыңдап, жұбату үшін де біраз күш жұмсауға тура келеді. Әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеу, қысқасы, көпшілік ойлағандай оңай шаруа емес. Бұған үлкен жүрек иесі ғана бара алады дер едім. Сондықтан қызметі көзге көрінбейтін, осындай жандарға қалай құрмет көрсетсек те артық етпес. Біз Меруерт апайдың қызметінен осындай құрметке лайықты істі көрдік. Өзі де ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ана. Адал қызметінің арқасында талай рет марапат биігінен көрінді.
Бір сөзбен түйіндейтін болсақ, ананың айналанайынан, әкенің балам деп басынан сипағанынан артық бақыт жоқ шығар, сірә! Осыны ұмытпайық. Ал әлеуметтік қызмет тек қана кең жүректі, өзінен гөрі өзгеге болсын дейтін адамның ғана қолынан келеді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
29 қазан 2019 ж. 737 0