№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ашық есік күні: аналардың талабы тыңдалды

Ашық есік күні: аналардың талабы тыңдалды


Кез-келген қоғамдағы өзекті мәселе – ана мен баланың әл-ауқатын жақсартып, олардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Осы ретте, жаңақорғандық сала басшылары «Жаңақорған ауданының жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің «Халықты жұмыспен қамту орталығында» аналарды қабылдап, олардың арыз-шағымын тыңдап, ашық есік күнін өткізді.

Бұл күні аталмыш мекемеге қарай ағылған аналардың қарасы көп. Бірі жұмыс сұраса, енді бірі көп баласына мемлекет тарапынан қандай жәрдемақы берілетінін білгісі келді.
– Мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы тікелей отбасына байланысты десек, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мен отбасын нығайтуда басым бағыттардың бірі – ана мен балаға әлеуметтік қолдау жасау болып табылады. Біз отбасы мен балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында сала басшыларының басын қосып, аудандағы аналарды қабылдап, оларды толғандырған мәселелерді тыңдау мақсатында бүгінгі ашық есік күнін ұйымдастырдық, – деді аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков.
Қоғамдық қабылдауға Жаңақорған кентінің әкімі Әбунасыр Бекішов, аудан әкімінің әйелдер ісі, отбасы және гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Әзия Қыстаубаева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, Халыққа қызмет көрсету орталығы Жаңақорған аудандық филиалының директоры Сермұхамед Оразгелдиев, аудандық аурухананың бас дәрігері Яхия Шорабаев, «Жаңақорған ауданының жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Әбдіхалит Ахметов, «Жаңақорған ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейлов, «Жаңақорған ауданы жер қатынастары бөлімінің маманы және «Жаңақорған ауданының жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің «Халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры Жаңабек Тұрлыбеков қатысып, аналарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
– Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру. Осы мақсатта елде бірнеше ілкімді істер атқарылды. Мәселен, Елбасы тапсырмасымен 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы бекітіліп, ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі, өз бизнесін дамыту мен мансап жолында ілгерілеуі үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді, отбасындағы құқықтар мен міндеттердің тең жүзеге асуы қарастырылып, ана мен бала құқығын қорғау бірінші орынға қойылды. Біздің ауданда да осы бағытта жұмыстар атқарылып келеді. Өйткені, ана мен баланың бақыты – тұтастай ұлттың бақытымен папа-пар, – деді Әзия Қыстаубаева.
Шерментаева Ботагөз, көп балалы ана:
– Менің 5 балам бар. Мамандығым мейірбике, бірақ жұмыссызбын. Маған көп балалы ана ретінде мемлекеттен қандай көмек бар? Құзырлы орындар жұмыс тауып бере ала ма? Осы мәселемен келіп отырмын.
Сартаева Жайдаркүл, жалғызбасты ана:
– Менің үш балам бар. Жалғызбасты анамын. 2017 жылы №393-ші болып үйдің кезегіне тұрғанмын. Осы мәселе бойынша келіп тұрмын. Жалпы, бүгінде үйге кезекке тұрғандарға үй беріліп жатыр ма? Бұл кезек қашан жылжиды?
Көгенбаева Санакүл, аудан тұрғыны:
– Бүгін аналарды қабылдау күні дегенді естіп келіп отырмын. Менің сауалым денсаулық саласына байланысты. Мүмкіндігі шектеулі қызым бар. Аяқ-қолы істен шыққан қызымды ауруханаға жатқызу үшін порталды ұзақ күтемін. Мұның себебі неде? Қызымды үйден емдейтін болсам, оған қандайда бір көмек бар ма?
Тұрғындардың портал жөнінде қойған сауалына ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаев егжей-тегжейлі жауап берді:
– Ауданның кез-келген тұрғыны алдын ала жоспарлы түрде ем алуға жатқысы келсе алдымен аймақтық дәрігеріне барады. Аймақтық дәрігер құжаттарын қабылдап, алғашқы тексеруден өткізгеннен кейін оны арнайы комиссия мүшелеріне жолдайды. Сол жерде науқастың қай жақтың ауруханасына жатқысы келгеніне орай жолданады. Мысалы, көбісі үлкен қалаларда емделуді таңдайды. Ол жаққа біздің ауданнан да басқа жақтан баратындар көп. Міне, осындай жағдайда тұрғындар кезегін ұзақтау күтіп қалады. Біз мемлекет тарапынан бөлінген дәрі-дәрмектің барлығын ауруханаға жатқан науқасқа тегін береміз. Бірақ, мемлекеттен барлық дәрі бірдей бөліне бермейді ғой, сонда сатып алуына тура келеді. Жалпы, көптеген дәріні ауруханада жатып ем қабылдаған науқас тегін алады. Бізде тәуліктік көмек, күндізгі стационар, үйдегі стационар деген қызмет түрлері бар. Егер аймақтық дәрігер үйден шыға алмайтын науқасқа үй жағдайында ем алуды тағайындаса, онда көшенің мейірбикесі сол ауруға уақытылы егу жасауға міндетті. Тіпті, сенбі-жексенбі күндері де олар осы қызметін атқаруы керек. Өйткені, көше мейірбикесі тура осындай қызметтер көрсетуі үшін жұмысқа алынған, – деді бас дәрігер.
Сондай-ақ, жұмыс пен әлеуметтік көмек сұраған аналар жазбаша өтініш қалдырды.
– Жалпы, ашық есік күнінде келген тұрғындар тарапынан жазбаша түрде 242 өтініш пен арыз түсіп, ауызша 100-ден аса сұрақтар қойылды. Оның басым бөлігі жұмысқа орналасу, атаулы әлеуметтік көмек алу және несиелер мен қайтарымсыз гранттарды алу, аз қамтылған отбасылардың мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығының бар немесе жоқтығы, тұрғын-үй кезектілігі мен тұрғын-үй мәселелері, тұрғын-үй салуға жер мәселелері, жер, көлік, мүлік салығы бойынша сауалдарын жолдады. Алдағы уақытта, аталмыш өтініштер бойынша өтініш иелеріне жауап қайтарамыз, – деді Жаңабек Оразбекұлы.

Р.S.: Иә, көп балалы аналардың талабын тыңдауға арналған «ашық есік күніне» біз де қатысып, ақжаулықтыларды қандай мәселе көбірек толғандыратынына куә болып қайттық. Жұмыссыздық пен әлеуметтік жәрдемақыны алу жолдарын сұраған аналар алдағы уақытта талаптарына қанағаттандыратын жауап алады деген сенімдеміз...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
16 ақпан 2019 ж. 1 361 0