№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанда коттеджде тұрып, 21 мың теңгені алған кімдер?

Жаңақорғанда коттеджде тұрып, 21 мың теңгені алған кімдер?


Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы – еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам. Парламент Сенатының депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол!» мақаласында қоғамдағы өзекті мәселеге осылай назар аудартады.


Рас, тіленшектік пиғылымыз бар екенін жасырын емес. Ол бәрімізге тән – байға да, кедейге де. Мысал көп. Жұмыспен қамту орталығының басшысы Жаңабек Тұрлыбековпен сапарлас болдық. Ортақ әңгіме – атаулы әлеуметтік көмек төңірегінде өрбіді.
– «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, 1 тамызда аудан әкімінің өкімімен атаулы әлеуметтік көмекке құжат әзірлеу барысында орын алған заң бұзушылықтардың алдын алу және қаржылардың мақсатты берілуіне талдау жасау жөнінде жұмысшы топ құрылып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Үй-үйді аралап, қаржылай көмекті алатындардың әлеуметтік жағдайын көруді жоспарладық. Сенесіз бе, көрсетілген мекен-жайлар бойынша екі қабатты үйлерге бардық. Зәулім үйдің иесінен атаулы әлеуметтік көмекті не мақсатта жаратып отырғанын сұрадық. Отағасы білмейтін болып шықты. Сөйтсе, әйелі құжат дайындап, әкімдіктегі танысы арқылы өткізіп жібергені анықталды. Қазір алған қаржыны өтеп жүр, – деп әңгіменің ұшын қылтитты орталықтың басшысы.
Сосын үсті үстіне сұрақ қойып, асыға жауабын күттім.
– 2019 жылы 3382 отбасының 19 253 мүшесіне (11 658 бала) атаулы әлеуметтік көмек берілді. Республикалық бюджеттен 1032962,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 193533,0 мың теңге, ұлттық қордаң 489112,0 мың теңге қаралды. Қайта зерделеу жұмысы барысында табысын жасырған 572 отбасы анықталып, 284-не төлем толықтай тоқтатылды. Бюджетке кері қайтарылатын 22 849,7 мың теңгенің 1,4 пайызы өтелді, – деді Жаңабек Оразбекұлы.
Құт қонған, береке орнаған деп әспеттейтін әлеуметтік деңгейі жоғары ауылдық округ тұрғындары атаулы әлеуметтік көмек алу жөнінде алдыңғы орында тұр. Тіпті коттедж үйлерде тұратындары қысылмай-қымтырылмай берсең ала берем пиғылын ұстанған.
– Зерттеу жұмыстары барысында түсіндіруді жүргіздік. Нәтижесінде Аққорған ауылдық округінен – 31, Қожакенттен – 20, Қыркеңседен – 13, Жаңақорған кентінен – 9 отбасы өз еркінен көмектен бас тартты. Бес отбасыдан жоғары Қыраш, Байкенже, Өзгент, Акүйік, Талап, Жайылма, Сүттіқұдық ауылдық округінен тіркелді. Жыл аяғына дейін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындалған тұрмысы төмен отбасыларға қосымша қазан, қараша, желтоқсан айына 850674,7 мың теңге қажет, – деді орталықтың директоры.
Дәл қазір қоғамда көп пайдаланатын сөздің бірі – масылдық. Масылдықты кеселге балайтын қоғамтанушылар да бар. Енді бірі мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажыратуды алға тартады. Жалпы масылдық дегеніміз не? Жұмысқа құлқы жоқ, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдылану, ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүруді дұрыс санайтын психологиялық түсінікті жатқызады. Ондайлар көп пе? Ол жөнінде нақты ақпарат жоқ. Дегенмен қазақ қоғамын тұңғиыққа батыратын кеселдің біріне айналды. Олай болмаса Тұңғыш Президент өзінің Жолдауында: «Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет» – демеуші еді ғой.
Әлеуметтанушылар біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз қылықтар, әсіресе, нарық заңдылықтарына негізделген қоғамда айқын байқалатынын айтады. Адамның еңбекке деген қабілет-қарымы, ынта-жігері төмендігінен, оның еңбегіне деген сұраныс азайып, нәтижесінде сенімсіздік пайда болады. Оның арты «масылдық психологиясына» әкеледі.
Ел ағалары мен әкімдерді сөзге тартып, масылдық тақырыбын өзек еттік. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Есік алдындағы жерді кәдеге жаратып, қап көтеріп, құрылыс жасап, сауданың көркін қыздырып отбасын асырап жүрген ерлер аз емес. Басым пікірлестірімнің көбі еңбек бәсекесінде қабілетіміз төмен екенін мойындады.
– Үкімет көмекке зәру азаматтарға қол созудан тартынған емес. Биыл көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге төлеу жайлы шешім шықты. Бүгінде оның игілігін көріп, тұрмысы оңалғандар көп. Аяқ-қолы балғадай азаматтардың мұқтаждық пен масылдықты ажырата алмай әкімдіктерге тепсінгені ұят-ақ. Өздері еңбекке жарамды, тіпті кейбірінің әлеуметтік жағдайы тәуір болғанымен кедей-кепшікке арналған жәрдемақыға жармасуы масылдық психологиясынан. Бұл түрімізбен қалай бәсекге қабілетті боламыз? – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов.
Ағайынды азаматтар Ерлан мен Нұржан, Ғазиз бен Ғалымжан, Мұрат пен Қанаттың ісі көпке үлгі. Олар бірнеше рет шығынға ұшырып, ісі тоқтады. Сенім мен жігердің арқасында қайта тұрып, істі қайта басынан бастады. Қазір ірі-ірі «Заңғар», «Ғани», «Атамекен» сауда орындары мен кәсіпкерлік орнын қалыптастырды. Бүгінде еңбек етемін, табыс табамын деген азаматтарға кедергі жоқ. Тек ниет, сенім, қаракет керек-ті. Жаңақорған кентінде Мамед Байсаловты танымайтын жұрт кемде-кем. Оның көпке танымал болуы – еңбегіне адалдығынан, кәсібилігінен. Оның қызметіне жүгінетіндер көп болғандықтан ұзын-сонар кезекті көресіз. Бос уақыты жоқ, әрбір минуты еңбекке ұштасқан. Еңбекқор азаматтан табысын сұрадым.
– Шүкір, бұйырғанын алып жүрміз. Орташа алғанда айына 150 мың теңгеден аса табамын. Еңбегіне қарай әр айда әртүрлі болады, – деп қысқа қайырды шаштаразшы жігіт.
Мамед қайтарымсыз гранттар мен проценті төмен несие алуға құлықсыз. Ол өзінің еңбегіне сенеді, өзінің кәсіби қабілетіне сенеді.
Қыркеңсе ауылдық округінде Серік Мырзабаев есімді азамат бар. Еңбек жолын №213 мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастайды. Осы кезден шаруашылық құруды мұрат етіп, нақты жоспар жасайды. Алдымен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басшысына барады. Жоспарымен бөліседі. Шаруашылықты дамытуға ынталы жастың идеясын қолдап, акционерлік қоғам инвестиция құяды. Бүгінде 1000 бас мүйізді ірі қараны бордақылайтын алаң жасақтап, мал сою пунктін іске қосты. Төрт түлікті асылдандыру бағытында жүйелі жұмысы бар. Алдағы уақытта Өзбекстанға мүйізді ірі қараның етін экспорттауды жоспарлап жүр.
– 2010 жылы серіктестік құрылды. Содан бері 200 млн. теңгеден аса инвестиция тарттым. Жоспар құрып, қарекет қылса Алла тілеуіңді береді екен. Қазір репродукторлы шаруашылық құрдық. Төрт түлікті көбейтудеміз. Алдағы уақытта етті өңдейтін шағын комбинатты іске қосу жоспарда бар, – дейді іскер азамат.
Қарапайым мұғалім мақсат қойды, сосын тәуекел етті. Нәтижесі көз алдымызда. Иә оған қол ұшын берген азаматтар болған шығар. Бірақ оның мұраты бәрінен биік болды.
Ауданда кәсіпкерлікті дамыту қолға алынып, бизнеспен айналысуға ниеттілерге қайтарымсыз гранттар беріле бастады. Аз қаржы да емес. 29 жасқа дейінгі жастар, көп балалы аналар, жұмыс жасауға қабілетті мүгедектер 505 мың теңге көлемінде, ал 16 жастан зейнеткерлерге дейін 252 мың теңге грант алып, кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Бүгінге дейін 400-ге жуық жаңақорғандық грант алып, кәсібін дамытуы тиіс еді. Алайда көбісі бизнесті дамытудың көзін таппады немесе іс бастауға ниеті болмады. Нәтижесінде қаржыны үй құрылысына салды, Түркістанға қыдырып қайтты және т.б. мақсатсыз жаратылды.
Менің бір арманшыл көршім бар. Ауызбен үй тұрғызады, қымбат көлік алады, іргелі шаруашылық құрып, ауылдастарын жұмыспен қамтиды. Сөзбен бәрін қатырады. Бір жылы арманың қалқан етіп жалға жер алды. Сөйтіп қауын, қарбыз екті. Бақша дақылдары мерзімінде пісті. Қырсыққанда, өткізетін жер таппады. Қауын далада ағып кетті. Көршім осыған әкімдікті бір кінәлады, саудаларгерді бір кінәлады. Алайда өзінің жігерсіздігін, бәсекеге қабілетсіздігін мойындағысы келмейді. Бүгінде арман кемесіне мініп, әлі қиялдап жүр...
Кәсіпкерлер сенімді жұмысшыны көп іздейді. Белгілі кәсіпкер Пақырдин Тұрғанбаев редакцияға бірнеше рет жарнама беруге келді. Мақсаты жұмысшы қолын табу.
Ел ағасы адамдардың пиғылына таңғалып:
– Бір әйел қаржылай демеу көрсетуімді сұрап келді. Бердім. Арада бірнеше ай өткенде тағы келді.
Оған:
– Күйеуің бар ма? – дедім.
– Бар, – деді.
– Онда маған жұмысқа келсін. 60-70 мың жалақы төлеймін, – дедім.
– Ол грузчиктің жұмысын жасауға намыстанады. Ақша бересіз бе, әлде кете берейін бе? – деп жауап қатты. Қойнына бір жасқа толмаған баласын сала келгендіктен қолына ұялғандықтан ақша ұстаттым. Одан кейін әлгі әйел маған қайтып келген емес, – деп болған оқиғаны айтты.
Серік Бақытұлы фейсбуктағы аккаунтына жұмысшы іздеп, жарнама бергенін көз шалды. 70-80 мың теңгеге ұсынды.
Бюджеттік мекемелерден жұмыс табу қиын болғанымен, шағын және орта бизнес саласында жұмысқа сұраныс бар. Егер сенімге кірсе кәсіпкерлер оның әлеуметтік жағдайын шешіп беруге де дайын. Оған мысал да көп.
Шүкір, тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында түзу заманда өмір сүрудеміз. ХХ ғасырдың қасіретіне көз салсаңыз – алапат аштықтан азшылыққа ұшырап, тарих бетінен жойылып кетуге шақ қалдық, қуғын-сүргінде асылымыздан айырылып, ескексіз қалған кеменің күйін кештік, ал соғыста қаншама ерлердің демін үзіліп, ұлттық мінезден айырылдық. Қарымды қаламгер Нұртөре Жүсіп айтқандай, сонда да ертеңгі күннен үмітін үзбеді. Ұрпақ үшін өмір сүрді.
Бізге дәл қазір жетпей жатқаны ұрпақтың қамын ойлау, ертеңге сену. Сонда ісіміз оңалады. Қысқасы, масылдық мұратқа жеткізер жол емес. Осыны түсінейік.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
26 қазан 2019 ж. 1 543 0