» » Роботқа құштар өнерпаз

Роботқа құштар өнерпаз


Бүгінде озық елдер технологияның игілігін көруде. Әсіресе роботты игеруге мән беруде. Қазақстан робототехниканы дамытуға енді көңіл бөлуде. Ол білім беру жүйесіне енгізіліп, кеңінен насихатталып жатыр.


Арсен Мұратұлы робот жасауға бейімделіп жатқан жас талант.
Ол робот жасауды аудандық балалар мен мәдени тәрбиелік жұмыстар орталығында меңгеруде.
Білімпаздың шығармашылық ізденісі мен та­ны­мын білу мақсатында ұстазы Дастан Кадиров­ты әңгімеге тарттық.
– Бүгінде орталықта робототехника үйірмесіне 36 бала қатысады, олар алдыңғы, орта, жоғары буын, ал Арсен ортаңғы буындағы алғырлығымен көзге түсіп жүрген оқушымыз. Арсен өте ізденімпаз. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайды. Алайда отбасының үлкені болғандықтан үй шаруасынан қолы босай бермейді-ау. Сабаққа да көп келе бермейді. Оның ата-анасы талантты жастың жан-жақты ашылуына жағдай жасаса екен, – деді ұстазы.
Арсеннің робототехника үйірмесіне қатысып жүргеніне бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде бірнеше роботтар құрастырып, байқауларға қатысып үлгерді.
Осы орайда біз Арсенді де әңгімеге тартып көрдік.
– Осы уақыт аралығында жеткен жетіс­тіктерің бар ма?
– КазРоботикс федерациясының ұйымдас­тыруымен өткен облыстық «Қара сызықты жыл­­дамдық» командалық жарыста ІІ орынды иелендім. Онда 300-ден аса қатысушы болды. Сондай-ақ «Ақсүйектен» облыстық фестивальде 400 қатысушының ішінен 5-6 орынға табан тіредік, – дейді Арсен.
– Балалар үйірмеде робот жасаудан басқа немен айналысады?
– ІТ негізгі программалық тілдерін оқимыз, 3Д принтермен модельдеуді үйренеміз, дронмен жұмыс жасап, видеороликтерді монтаждауды тәжірибе түрінде жасаймыз.
– Бүгінгі таңда қандай шығарма­шы­лықпен айналысудасың?
– Қазір жасап жатқаным адамдар кіре алмай­тын қуыс, қараңғы жерлердегі зат­тарды алуға көмектесетін робот. Ол Лего Ево 3 жинағымен жасалған, 10 метрге дейінгі қашықтықта бас­қа­рып отыра аламын.
– Болашақта жасағың келген робот бей­несі?
– Әлемде ешкім жасамаған роботты жасаймын, – деп арман тілегін жеткізді.
Өскенде автомеханик болуды мақсат еткен Арсен білікті маман болу үшін, жаңа тех­ноло­гияны бүгіннен бастап меңгеруде.
Болашақта робот технология саласында тың дүниелер істеп, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын азамат боларына сенім мол.

Майра ҒАНИЕВА

01 қазан 2019 ж. 493 0