№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Келешекке кемел қадам

Келешекке кемел қадам


«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Елбасының ертеңгі ұрпаққа аманаты іспеттес. Бұл бағдарлама уақыт өзі тудырған, Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз жолын, дәстүр-салтын танып, ұлттық құндылықтарымен қайта қауыша бастаған қазақ елінің айқын бағдаршамы.


Өткенімізді жаңғыртып, тарихымызды ұмытпай, қолда барды қадірлеп, аялай білу қоғамымыздағы әрбір азаматтың парызы болу керек. Қоғамды қадірлеу әр азаматтың өмірлік қағидасынан бастау алады.
Қоғамды алға бастайтын – тек еңбек. Ал алаңсыз еңбек ету үшін әркімнің өз ұстанымына деген сенімі болуы керек. Сенімнің негізін Шәкәрім «Үш анығында» былай тұжырымдайды: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім».
Адамнан ынсап кеткенде теңдессіз құндылықтар да кеміп, арсыздыққа жол ашылады. Бұл жөнінде Абай 29 қарасөзінде: «Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат?» дейді.
Қоғамның бетұстары бола алатын, темірқазығы ретінде жол сілтей алар адамға ақыл керек. Ой мен ақыл бірлігі – ертең де іргелі ел болуды ойлайтын, өзінің ұрпағына да соны аманат етіп қалдыра алатын азаматтың міндеті.
Қоғамның иммунитетін көтеру рухани жаңғырудың мән-мазмұнын байытып, оны өміріміздің басты қағидасына айналдырғанда мүмкін болмақ. Ақсақалдар институты, қазақ даласының демократиясы, кішінің үлкенге құрметі, ізеті қайта тіктелуі қажет. Осы тарихи иммунитетіміз күшіне мінгенде ұлттық құндылықтарымыз жандана түседі.
«Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден». Қазірде ұлтқа сын айтушылар көбейді. Пенденің жеке-дара кемістіктері үшін бүкіл халыққа күйе жағу биік ой-сананың белгісі емес.
Бүгінгі күні әлемдік тренд – өмір бойы білім алу. Түркі әлемінің алтын бесігінде мыңдаған жылдар бұрын айтылған тасқа қашалғандай мынадай қасиетті сөз бар: «Жарық ой, жарық сөз, жарық іс, жарық өмір».
Халықтық ұлағатымызға келсек, басты орында – ұрпақ мәселесі тұрды. «Ұлым болса шоқ болсын, шоқ болмаса жоқ болсын» деуі сол ұрпақтың ата даңқына сөз келтірмес биік намысты болуын көксеуден туған серт болса керек. Ал бүгінгі күнде осы құндылықтың орнын байлыққа құмарлық басты. Ер демей, әйел демей, алдымен атақ, мансапқа қол жеткізуді мұрат тұтып, тең құқылы түрде құзыретке жарысуда. Отбасы институты орнықты болуы үшін оның иесі – отағасының, яғни әкенің беделі төмендемеуі тиіс. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» дегендей, келешек ұл-қыз да отбасы өнегесін жалғастыратын болады.

Елбасы: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса ол адасуға бастайды» деп айқын атап көрсетті.

Міне, бұл қауіппен айтылған ескертудің астарын ең алдымен баршамыздың тіршілігіміздің алғашқы бастауы – табалдырықтан іздесек, біз осы «алтын босаға» тақырыбына айрықша көңіл бөлуіміз, «Отбасы институтын» жан-жақты қарастыруымыз қажет. Оның қағидасы қарапайым. Отбасы рөлі – әкенің қолында. Ана – оның қолдаушысы. Екеуі қосылып «шағын мемлекеттің» тұтас тыныс-тіршілігіне, бірлігі мен ынтымағына, жарқын келешегіне жауапты.
Бүгінгі заманның талабы сол, нәзік жандар да ерлермен бірдей қызмет орынтағында, депутат мінберінде, саясат сахнасында жүр. Бірақ негізгі міндеті – еріне мойынсұну сынды жұбайлық өмірдің табиғатына мін түсірмесе кісілігінен түсіп қалмайды. Қайта абыройы асқақтай түспек.
Жаратылыс заңымен жарасым тапқанның жүзі жарқын боларына осы рухани жаңғыру талаптары тағы біраз міндеттер жүктеді.
Қоғамның басты тұтқасы, отбасының берекесі мен бағы – әйел-ана жөнінде жалғыз-ақ мысал келтіріп, ойымызды түйіндегіміз келіп отыр.
Аналар мерекесіне орай Мемлекет басшысының қабылдауында болған туған жердің аяулы қызы Әзия Қыстаубаева жалғыз ауыз пікірімен үлкен тұлғаның өзін таңқалдырды: «Түзде әкіммін, ал үйде әйелмін. Енемді алақаныма салып, ерімнің көңілінен шығуға барымды саламын. Бұл біздің отбасымыздың бұлжымас қағидасы». Осы өнегенің өрнегі ұрпақтан-ұрпаққа мінсіз жалғассын десек алдымен өзімізге биік талап қоя білген жөн.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

21 қыркүйек 2019 ж. 627 0