№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еркебұланның еңбегі неге еленді?

Еркебұланның еңбегі неге еленді?


Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағытының бірі – қамқор жандар мен туған өлке дамуына өлшеусіз үлесін қосып жүрген азаматтарды елге насихаттау. Насихаттап қана қоймай, аталмыш бағдарламаның «Атамекен» жобасы аясында жаны жомарт жандарды құрмет биігіне көтеру жайы жолға қойылған.


Жыл сайын мақаладан туындаған басым бағытты жүзеге асыру мақсатында «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлерін 5 сала бойынша анықтайды. Соның бірі – «Ерен ерікті» номинациясы. Биыл мұндай құрмет төріне «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының мүшесі Еркебұлан Төреқұлов лайықты деп танылды.
Еркебұлан Ерікұлы жастар арасынан шыққан бүгінгінің нағыз жанашыр азаматы деуге лайықты жан. Қашанда әлеуметтік желілерде тың туынды, жаңа тақырып қозғаумен қатар жастардың белсенділігін, қоғамдық интеллектуалдық ой өрісін көтеруде бастамашы азамат. Еркебұланның негізгі қызметі – көлікті сақтандыру компаниясында менеджер болып жұмыс жасайды.
«Жаңарған Жаңақорған Жастары» еріктілер тобының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға үнемі белсенді атсалысады. Мәселен, биыл жаз маусымында ерікті жастардың бастамасымен жалғызбасты ана, кент тұрғыны Анар Беласароваға баспана соғу кезінде Еркебұлан өзінің нағыз ерікті екенін көрсетті. Қандай қол көмек болмасын, тұрғын үй аяқталғанша баспананың басынан табылды.
Сондай-ақ Еркебұлан жыл сайын қасиетті Ораза айт пен Құрбан айт мерекесінде жеке көлігімен тұрғындарды тегін тасымалдайды. Әрі ол бұл ісін мақтан тұтпайды. Керісінше ерікті жастар онымен мақтанады. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік маңызы бар жобалардың барлығында Еркебұлан көш бастап, ұйымдастырушылық қабілетімен көрініп жүреді.
Міне содан да болар жақында ғана аудандық «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанды. Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің қабылдауында болып, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар мен көмекке зәру жандарға көмектесуде белсене атсалысқаны үшін жоба аясында «Ерен еріктілік» номинациясымен марапатталды. Елге еткен еңбегін елеп-ескерген марапатқа қанаттанған Еркебұлан қашанда қоғам үшін пайдалы болған істен қашпайтынын жасырмады.
– Ағайынға көмектесу, әлсізді демеу, жасы кішіні қолдап, көмекке мұқтаж пендеге қол ұшын созу адамзатқа тән мейірімділіктің белгісі. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда кез келген әлеуметтік мәселеге әкімдіктегілер ғана жауапты деп ойлайтындар бар. Шын мәнінде жайлы өмір сүру өзімізге байланысты екенін естен шығармасақ. Жақсылық жасауды өзіме жеке басым үшін емес Алла разылығы үшін міндет еттім. Сауап түгесілмейтін нығмет қой. Сондықтан мені осындай марапатқа ұсынып, одан әрі жігерлендіргені үшін жаңақорғандық аудан әкімдігі мен еріктілер тобына алғысым шексіз, – дейді Еркебұлан Төреқұлов.
Туған жерге туын тігіп, өңір өмірін жақсартып, әлеуметтік жобаларды іске асырып, көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созған, жұрт ықыласына бөленген жандар қашанда құрметке лайық. Бұдан байқағанымыз, кез келген мәселені бірлесіп шешсе, нәтижесінде жемісі мол болмақ.
Абыройы асып, мерейі тасыған «Ерен еріктілік» аталымының жеңімпазы атанған Еріктің ұлы Еркебұлан құрмет пен марапат құшағына бөленіп, тұрғындардың алғысын арқалады.

Лаура БИБАСАРОВА
27 тамыз 2019 ж. 1 298 0