Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАРИХ ТОЛҚЫНЫ: ҚАЗАҚ ХАНДАРЫНЫҢ ТЕҢГЕЛЕРІ

ТАРИХ ТОЛҚЫНЫ: ҚАЗАҚ ХАНДАРЫНЫҢ ТЕҢГЕЛЕРІ

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тарихты танып, ұлттық кодымыздың кілтін табуда қозғаушы күшке ие. Ал, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы алаш тарихының кемелді кезеңдерін қамтып, тарихи өтпелі кезеңдерде ата-бабамыздың шешуші рөл атқарғандығын дәлелді, дәйекті келтірді.

Тарих – ұлттық сананы оятатын құрал, рухты кемелдендіріп, бәсекеге қабілеттілігін шыңдайтын идеологиялық қару. Ендеше, тарихшылар мен зерттеушілер тарихтың әр кезеңін тыңғылықты, жан-жақты зерттеуді тоқтатпау қажет.
Нумизматика саласында ондаған жылдан бері зерттеп жүргендіктен Қазақ хандарының атынан соғылған теңгелерді де ілмекке алдық.
Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек, хандықты күшейтіп, еңселі орда, айбынды елге айналдырған Қасым, Хақназар, Есім, Тәуке, Абылай хан және т.б. жайлы жазылған мақалалар аз емес. Бірақ, соған қарамастан тарихта аттары аз аталатын немесе мүлдем аталмайтын хандарды анықтап, зерттеуді қажет етеді. Мысалыға алатын болсақ, Қазақ хандығынан бұрың ХІІІ ғасырда Алтын Орда мемлекеті пайда болды. Гильом де Рубрук, Плано Карпини, Ибн Баттута, Өтемісқажы, Әбілғазы Баһадурхан, орыс жылнамалары және де т.б. санаулы деректерден Алтын Орда мемлекеті жайлы біршама мәлімет алуға болады. Оның өзі аз. Бұған көмек ретінде, сол замандағы хандардың атынан соғылған теңгелер арқылы қосымша мәлімет ала аламыз. Зерттеушілер ортағасырлық теңгелердегі хандардың есімдері және соғылған жылдары арқылы қай хан, қай жылдары билік құрғанын жылнамашылардың қалдырған мәліметтерімен салыстырып, дәлелдеп отырады.
Соңғы кезде Ресей зерттеушілері Алтын Орданың Сыр бойындағы ұлысының тарихын зерттеуге назар аударып, жаңалықтар ашуда. Бұларды тіпті жаңалық деп айтуға болмайды, дәлірек айтатын болсақ, табылып жатқан деректерді салыстыру арқылы, тарихтын бетіндегі ақтаңдақтарды айқындау деп айтылуы жөн болар.
Солардың бірі, 150 жыл бұрын Ресей зерттеушісі П.Савельевтің Сырдария ұлысында Мубарак ходжа ханның билік құрған мерзімі 1328 жыл деген мәлімдемесінде қате кетуінің салдарынан, КСРО заманында және осы күнде де біздің тарихшыларымыз әлі де осы мерзімді келтіруде. Ал шынында нумизматикалық мәліметтер арқылы бұл ханның билік құрған мерзімі 1360-1368 жылдар екені бірнеше жыл бұрын Ресей зерттеушісі Е.Гончаров анықтаған болатын.
Соңғы кезде XIV ғасырда Сыр бойында Сарай, Сығанақ – Гюлистан теңге сарайлары атынан соғылған теңгелер анықталып жатыр. Зерттеушілер не себептен мұндай атаулармен теңгелер соғылғаны туралы нақты анықтай алмай, олардың арсында түрлі пікірталас туындауда. Себебі, Сарай, Гюлистан атты Алтын Орда қалалары Еділдің бойында XIV ғасырда бой көтеріп гүлденген. Зерттеуші-нумизмат Е.Гончаров Сарай мен Гюлистан Сыр бойында да болған қалалар десе, зерттеуші П.Петров Сарай – ол қала емес, ханның ордасы, Сығанақ қаласынан алыс емес жерде орналасқан, ал Сығанақ – Гюлистан – Гүлді – бақшалы Сығанақ деген мағынаны білдіреді деген пікір айтуда.
Осыған орай, ғылымға Сығанақ өлкесі, немесе Сығанақ елі деген ұғым еңгізілуде.
2015 жылы Сыр бойындағы Өзгент (Қырөзгент) қаласында XIV ғасырда бұған дейін белгісіз болып келген Күнче хан өз атынан теңге соқтырғанын Ресей зерттеушілері А.Брагин мен П.Петров анықтаған. Ал, енді бүгінгі күндері, сол Күнче хан Өзгентпен қоса, Сығанақтық Сарайда да 1380-1381 жылдары өз атынан теңге соқтырғаны белгілі болды.
Ресей зерттеушілері Р.Рева мен А.Брагин өздерінің 2017 жылы жарық көрген «Жылнамалық және нумизматикалық мәліметтері бойынша XIV ғасырдың соңындағы Арал өңірінің тарихы» («История приаралья в конце XIV века по летописным и нумизматическим данным») атты мақаласында: «Сығанақ өлкесі хиджра бойынша 781 (1379-1380 ж.ж.) жылы бірнеше бөлікке бөлінген болатын. XIV ғасырдың 70-ші жылдары Орыс ханның атынан мұнда Сығанақ және Сарай (Сыр бойындағы) атты бірнеше теңге сарайларында теңге шығарылған. Тоқтамыстың кезінде бұл тізімге Сығанақ – Гюлистан қосылды. Хиджра бойынша 780 (1380-1381 ж.ж.) жылға дейін мұнда билік құрған Орыс хан мен оның ұрпақтарының саяси сахнадан кеткеннен кейін, Жошының генеалогиялық шежіресінен тараған көптеген ханзадалар Сығанақ тағы үшін күресте бағын сынап, Сығанақ өлкесінің бірнеше қалаларын басып алды. Хиджра бойынша 781 (1381-1382 ж.ж.) жылы Гюлистан – Сығанақ теңге сарайында Хизр (бек) деген хан өз теңгесін шығарған. Біздің пайымдауымызша, бұл Шибанның ұрпағы Ибраһимнің ұлы Хизр.
Бұл жошылықтың хан ретінде билік құрғаны туралы Таварих-и Гузида-ий Нусрат наме де және де қазіргі зерттеулерде айтылған. Шибандық Болат қайтыс болған соң «оның ұлдары Ибраһим мен Арабшах оның иелігін бөліп, бірге бір жерде көшіп жүріп өздерінің ордалары болған, жаз мезгілінде Жайықтын жоғарғы жағында тұрып, қысты – Сырдың сағасын мекендеген. Ибраһимнің балаларының үлкені Хизр, әкесі қайтыс болған соң хан болып сайланған. Ол урусханидтер жеңіліп, Тоқтамыс батыс жерлерге жорыққа кеткен уақытта ыңғайлы сәтті пайдаланып Сығанақтық Гюлистанды басып алады».
1382 жылы жоғарыда аталған Күнче хан биліктен кеткен соң Сығнақтық Сарайда тағы бір ханның атынан теңге соғылған. Ол ханның нақты есімі әзірше белгісіз. Теңгелерде бұл ханның есімі анық жазылмағандақтан, түрлі формаларда оқылуда: Куктағ-Тимур, Кукиғ-Тимур, немесе Кукир. Тарихи деректерде де бұл ханның есімі әлі де кездеспеді, оның есімін айқындау зерттеушілердің еншісінде.
Бұл хандардан кейін Сығанақ өлкесіндегі Сығанақ, Сарай, Гюлистан, Узгент қаласының атымен теңге соғылмаған. Бірақ, бұдан кейін теңге шығару мүлдем тоқтады деп айтуға болмайды. Сығанақ, Узгент қалаларында кейін халық өмір сүріп, Қазақ хандығы құрылған кезде бұл қалалар үшін Қазақ хандарымен Әбілхайырдың ұрпақтары арасында талай қақтығыстар болған. XV ғасырдан бастап теңіз арқылы сауда жолдары даму алған соң, Ұлы жібек жолы арқылы сауда-саттық төмендей бастаған. Жібек жолының бір тармағы өтетін Сыр бойындағы қалаларында сауда қатынасы азайған, бірақ мүлдем тоқтамаған. Бұған дәлел, сол көне қалалардың орнында XV-XVII ғасырларда соғылған теңгелердің табылуы. Алайда, бұл теңгелерде XIV ғасырдағы теңгелердегідей қала және ханның есімдері жазылмаған, олар өзінің формасымен де, ондағы жазулармен де ерекше. Формасы төртбұрыш немесе дөңгелек болып келеді, және жазудың орнына өрнектер, анық емес сызықтар, кейде «хан» немесе «әділ» деген жазулар, ал кейде, тіпті, ешбір жазусыз, болмаса бір мыстың бөлігі де ақша ретінде сауда айналымда жүре берген. Өкініштісі, қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Хақназар хан және де басқалары өз аттарынан арнайы теңге соқтырмаған.
Өз атынан теңге соқтырған қазақтың жалғыз ханы – ол Тұрсын хан, Ташкенттің билеушісі. Есім ханның қарсыласы, атақты «қатаған қырғынының» себепкері, қазақтың тарихында қатыгез билеуші ретінде көрсетілген хан Тұрсын билік үшін таласу барысында Ташкентті жаулап, Ташкент хандығының тағына отырады. Хиджра жыл санауы бойынша 1021 – 1037 (1612 – 1628 ж.ж.) жылдары аралығында Тұрсын хан өз атынан күміс теңгелер соқтырады.
«Zeno.com» нумизматикалық сайтында осы ханның атынан соқтырылған бірнеше теңгелердің суреті қойылған. «Турсун Мухаммад баһадур хан» деген жазуы бар теңгелердің артқы бетінде «кәлима-и шаһадат» жазылған. Безендірілуі бойынша бұл теңгелер сол кездегі билік құрған Бұхар хандары, джанидтер Уали Мухаммад, Имамкули, Надир Мухаммад хандардың атынан соғылған теңгелерге ұқсас. Өз атынан теңгелер шығару, Тұрсын ханның өзі құрған Ташкент хандығының тәуелсіз ханы ретінде өзгелерді өзімен санасып, мойындату мақсаты болған. Қалай болғанмен де қазақтың тарихында өз атынан теңге шығарған хан ретінде Тұрсын Мухаммад баһадур белгілі болды.

Әлімжан ЕРЖАНОВ,
тарихшы.

22 қаңтар 2019 ж. 2 139 0