Өркениет ошақтары
Сыр өңірі өркениеттер тоғысы ретінде мыңжылдар көшінде өркендеп, қала мәдениеті дамығанын жақсы білеміз. Оған Ұлы Жібек жолының бір тарғамы осы аймақпен өтіп, шаһарлар әлеуметтік-экономикңалық тұрғыда дамығаны дәлел. Біздің ауданның аймағындағы Сығанақ, Өзгент, Мейрамтөбе, Аққорған, Бұзық және т.б қалалар пайда болып, гүлденді. Бұл қалалардың ішінде Сығанақтың аты тарихи деректерде жиі кездеседі.
Ең алғашқыда бұл қала жайлы Х ғасырда «Худуд аль-алам» атты еңбекте жазылған. ХІІІ ғасырдың басында, яғни 1219 жылы Сығанақ қаласы Шыңғысханның ұлы Жошының жорығында моңғол әскерлеріне қарсылық көрсетіп, жеті күн болған шайқастан соң жеңіліске ұшырап, қиратылады. Бұл деректерді біз Рашид ад-Диннің қолжазбаларында кездестіреміз.
Бірақ, көп ұзамастан Сығанақ қайтадан қалпына келтіріліп, ХІІІ ғасырдың ортасында гүлдене бастайды. Армян патшасы І Гетумнің елшісі Киракос Гандзакеци Моңғолияға елшілік сапармен барып келе жатқанда осы қала жайлы өз қолжазбасында жазып кетеді.
Қазақ хандығы құрылғаннан бастап Сығанақ қаласы қазақ хандарының алғашқы астанасы болды. Қазақ хандарымен Әбілхайыр ханның ұрпақтарының арасында бұл қала үшін талай кескілескен шайқастар болған.
Бір қызығы, қазақ хандары Сауран, Түркістан, Созақ және т.б қаланы Шайбаниліктермен алма кезек билесе, Сығанақ қаласын бермеуге күш салады. Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәңібек хандар Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен тарайды. Тарихшылар Ақ Орданың негізін қалаушы Орда Ежен және оның ұрпақтары Сығанақ маңында жерленгенін алға тартып, сондықтан Сығанақ қаласын жау қолына бермеуге басымдық бергенін айтып жүр.
Бұдан басқа Сығанақ қаласы жайлы ХV-XVI ғасырларда жазылған қолжазбаларда да кездеседі. Солардың бірі атақты зерттеуші А.Якубовскийдің «Сығанақ нышандары» атты ол Ташкент мұрағатында тапқан қолжазбаларда Сығанақ жайлы біршама мәлімет берген.
Ал жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Сығанақ шаһары жайлы бірде-бір мәлімет жоқ. Қазіргі таңда археологиялық қазбалардың нәтижесінде Сығанақ қаласы XVIІІ ғасырда қиратылғаны дәлелденеді. Археологтардың айтуынша, қала бекінісінің қақпасы бұзылып, қабырғалары толығымен қиратылған.
ХІХ ғасырдың соңы және ХХ ғасырдың 30-40 жылдарына дейін бұл қалаға орыс зерттеушілері көңіл аударған. Олардың ішінде И.Кастанье, В.Каллаур, А.Якубовскийлер бұл қала орнында зерттеулер жүргізіп біршама мәліметтер қалдырған. Зерттеушілердің еңбектерінде Сығанақтың маңындағы кесенелер мен ғимараттардың да суреттерін кездестіруге болады. Бұл ғимараттар ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейін толығымен қиратылмаса да сақталып келген. Өкінішке орай сол 30 жылдары Қиыр Шығыстан Шиелі ауданына жер аударылған Корей ұлтының өкілдері осы ғимараттарды толығымен бұзып, ондағы күйдірілген қыштарын құрылыстарына пайдаланған. Осылай бірнеше ғасыр бұрын Сығанақтың ұсталары тұрғызған әсем ғимараттар жойылады. Мұндай әсем ғимараттардың қатарына қазіргі Қожамберді ауылының шетінде төбе болып жатқан «Көккесенені» де жатқызуға болады. Орыс зерттеушілері түсірген бұл орынның да бір-екі суреті ғана сақталған. Оны да жергілікті халық кірпіштерін алып, соңында толығымен қиратады.
2003 жылдан бастап Сығанақ қаласының орнында археологиялық қазбалар жүргізілуде. Келешекте Сығанақ қаласын ашық аспан музейіне айналдыру жоспарлануда.
Сығанақтан басқа біздің өңірде көне Өзгент қаласы болған. Бұл қала жайлы тарихи деректер тым аз. Әбілғазы Баһадур ханның «Түрік шежіресінде» осы Өзгент жайлы қысқаша айтылады. Бұдан басқа Өзгент жайлы біз атақты «Елім-ай» жыр дастанында да кездестіреміз. Бүгінгі таңда бұл қала орнында Сығанақтағыдай тек төбе ғана қалған. Ол төбеде бекініс қорғанның іздерін ғана аңғарамыз. Басқа ешқандай құрылыстың, немесе бір ғимараттың қалдықтары кездеспейді, барлығы жермен жексен етіп бұзылып, қиратылған. Тек Өзгенттен солтүстікке қарай 5-10 шақырым шамасында «Қасым ата» немесе «Төбесі ойық» кесенесінің қирандылары ғана сақталған. Қала орнын ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында орыс зерттеушілері В.А. Каллаур мен И.А. Кастаньелер және 1960 жылдары «Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедиция» зерттеген. Бірақ әлі де бұл қала орнында бірде - бір археологиялық зерттеулер жүргізілмеген. Өзгенттің тарихи маңыздылығы Сығанақтан артық болмаса кем болмайды. Өйткені бұл қала Сығанақпен бір уақытта өмір сүріп, гүлденіп, Сыр бойында маңызды қалалардың біріне айналды.
Ал, тарихта Өзгент атымен екі қала болған, біреуі біздің өңірде, яғни Сыр бойында, екіншісі қазіргі Қырғызстан мен Өзбекстанның шекарасында Ферғана даласында, сондықтан келешекте зерттеушілер бұл қаланы зерттеу барысында осыған назар аударып, аты бір, бірақ екі түрлі қаланы шатастырмауы тиіс.
Мейрамтөбе, Шаштөбе,
Шаһарлар ұсақ тым көне.
Бершiн, Шаған, Қарашық,
Қалпына қайта келе ме?
Ақ қорған мен Қос қорған,
Иран менен Жалқорған.
Қарнақтың - бәрiн жау алып,
Ауыр күн елге тұс болған.
Бұл шумақтар сол Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жыр-дастанында келтірілген.
Мұнда Мейрамтөбе жайлы жырау көне шаһар деп айтады. Соған қарағанда жоңғар шапқыншылығы кезінде қала қираған болуы мүмкін. Расында, Мейрамтөбе кезінде үлкен қала болған. Кім білсін, мүмкін қала кезінде басқаша аталған болар, себебі «Елім-айдан» басқа тарихи деректерде мүлдем аталмайды. Қазіргі Келінтөбе ауылынан қашық емес жерде орналасқан бұл қала орны кең көлемді аумақты алып жатыр. Айналдыра үш қатар қорған қабырғалармен қоршалған, қаланың орнында осы күнде сол қабырғаның бір бұрышы ғана сақталған. Бірақ бұл қала орны, өкінішке орай, әлі зерттелмей келеді. Қала орнынан біз зерттеу барысында үш мыс теңге тапқан болатынбыз. Олардың мерзімі XIV ғасырға жатқызылады. Сондықтан XIV ғасырда және одан да бұрын бұл гүлденген қала болған деп айтуға болады. Әрине, мұны дәлелдеу үшін қазба жұмыстарын қала орнында жүргізу қажет, сонда, менің ойымша, бұл қала тарихы жайлы нақты біле аламыз.
Ал Аққорған туралы бұдан басқа тағы бірнеше ортағасырлық деректерде кездеседі. Бұл қорған да Сырдың сол жағында орналасқан, қазіргі таңда Түгіскен ауылының маңында төбе болып жатыр. Ақынның мәлімдеуіне қарағанда Аққорғанда XVIII ғасырда халық әлі өмір сүрген.
Келінтөбе ауылынан оңтүстік-батысында 10-15 шақырым жерде, құм арасында Құмиян атты бекініс-қорғанның қалдықтары бар. Осы күнде көлемі үлкен емес төрт бұрышты қорғанның дуалдары жақсы сақталған. Бұл бекіністі кейбір зерттеушілер Х-ХІІ ғасырға жатқызады, және бұны қала деп айтады. Менің ойымша, бұл қате пікір. Себебі, біріншіден айналдыра қоршаған қорғанының көлемі үлкен емес, екіншіден оның ішінде және сыртында ғимараттармен егістіктің іздері мүлдем көрінбейді. Үшіншіден, моңғол шапқыншылығына дейін қам кесектен соғылған ғимараттар немесе осындай қорғандардың бірде – бірі осы күнге дейін сақталмаған. Күйдірілген қыштай қам кесек жаңбыр мен желге төзімді емес. Қазіргі Сауранның бекінісінің қабырғалары XV-XVIII ғасырларда салынып қайта-қайта жөнделгеннің өзінде, осы күнде жылдан – жылға мүжіліп бұзылуда. Тіпті 10-15 жылдың көлемінде толығымен жойылудың да қаупі бар. Мұндай қауіп Құмиянға да төніп тұр. Менің пікірімше Құмиянды XVII-XVIII ғасырларда бір бай ауқатты адам салдырып, өзінің шағын әскерімен мұнда өмір сүрген.
Сыр бойында, біздің өңірде көне заманнан бері көптеген қалалар мен елді мекендер болған. Бірі жау шапқыншылығынан немесе басқа да бір себептерден қиратылып жатса, енді біреулері гүлденіп жатқан. Бұлардың қатарына Абызтөбе, Келінтөбе, Балапантөбе, Ордакент және де тағы басқаларды жатқызуға болады. Бұл қалалар және онда өмір сүрген халық дүрбелең замандарда түрлі тарихи оқиғаларды басынан өткізген. Өкініштісі, осы кезде біз бұл қалалар мен қорғандар жайлы аз білеміз, тарихи деректер жоқтың-қасы, әрі ортағасырлық өркениет ошақтары зерттеп, зерделеуді қажет етуде.
Әлімжан ЕРЖАНОВ,
өлкетанушы, тарихшы