№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Абайды танып болдық па?

Абайды танып болдық па?


Соңғы кезде мектептерімізде «Абайтану» пәні факультативті сабақ ретінде оқытыла бастады. Бұған дейін де мектеп оқулықтарынан Абайдың білім, ғылым тақырыбында және табиғат туралы өлеңдерімен жас ұрпақ жақсы таныс. Бірақ Абай әлемін танытуда мұнымен шектелуге бола ма?
Кешегі кеңестік кезеңде тамыры суала бастаған тәрбие өзегі өз қасиет-қадірімізден ажыратып, өзгенің құлы етіп жібере жаздағанында дау жоқ. Бірақ азаттықтың күні туып, еркіндіктің жалауы желбірегеніне отыз жыл уақыт болды ғой. Құндылықтарымызбен қауышудың толыққанды талабына неге әлі бет бұра алмай келеміз?


«Единица болмаса, не болады өңкей нөл»

Қоғамда басқаның бәрін былай қойғанда Абайға деген зор құрмет жоқ. Тіпті әлін білмей, әлек болатындардың ермегіне айналған әлеуметтік желілерде Абайдың жағасына жармасып, ондай екен, мұндай екен деп пікір айтушылардың бас көтергенін көргенде адамдық болмыстың азып-тозған мұнан асқан қандай мысалы болуы мүмкін деп айран-асыр қалатынымызды жасырмаймыз. Бірақ соның түп-төркініне үңіліп көрсеңіз әттеген-ай дегізер қателіктің төбесі қылтиып көрініп қалады. Ол қандай қателік?
Қазір заман ауыр. Постиндустриалдық жетістіктер – интернет, заманауи техника құралдарының үздіксіз дамуы адам санасын толассыз ақпарат дүмпуінің астына алып, жүрек көзіне үңілуден алжастырып барады. Адамзат адасты. Тап осындай алапат кезеңде бізге не керек? Адасқан топтың басын бұратын тұлға керек. «Не болады өңкей нөл, единица болмаса?» демеп пе еді Абай.
Кемеңгер Абай адасқан топты жөнге салатын үш құндылықты айтқан. Олар: 1. Пайғамбарлар. Ол қазір жоқ. 2. Әулиелер. Әулиенің соңы біз боламыз деп кеткен соңғы асылдарымыздың аттарының өзі сана түкпірінде бұлдырап барады. 3. Хакімдер. Абай солардың басында тұрған тұлға.
Әр заман өз хакімін тудырады. Ондаған ғасырлар бойы ортақ тамырымыздан ажырамай халық болып сақталып келе жатқанымыз осы даналық тінінің сабақтасып келе жатқандығында.
Біз Әл-Фарабидің туылғанына 1150 жыл, Абайдың туылғанына 175 жыл толғандығын қатар тойладық. Осы екі алыптың білім, ілім сабақтастығына баға бере алған екеуінің де мұраты бір екендігін аңдар еді. Өйткені екеуінің де іліміне құдірет дарытып тұрған Құдайды тануы. Бұл туралы Абай: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» дейді. Осы арқаудан ажырамай адами қасиетіне кір шалдырмаған пендеден хакім (әкім емес) шығуы мүмкін. Оның атақты адам болуы міндет емес. Қарапайым ел қатарында қоңыр өмір сүруі де, ен далада қой бағып жүруі де мүмкін. Бірақ көкірегі ашық, пәлсапасы терең, өмірдің өзінен түйген тұжырымдарының өзімен оқымыстыңды он орап алады. Сондықтан Абай: «Әрбір ғалым – хакім емес, бірақ әрбір хакім – ғалым» деп баға берген. Яғни хакімдік ғалымнан да жоғары. Оларға аян білімі берілген. Табиғаттан берілген осы таңғажайып тартуды иеленгендер кімдер екенін білмесек те арамызда жүр. Хакім Абай ілімін әрі қарай тарқатуда табанды еңбек ететін де солар. Солардың арқасында Ұлы Даланың даналық ілімі өз жарасымымен жалғаса береді.
«Хакімдердің діні әртүрлі болуы мүмкін. Олар болмаса дүние ойран болады» дейді Абай. Европалық белгілі екі ғалым бір африкалықпен, аса оқыған-тоқығаны жоқ, бірақ халқына беделді көсеммен сөйлесіп отырады. Ақ шашты абыздан не тақырыпта да тауы шағылып ұтылып қала берген бірі мұның сыры неде деп таң қалса, екіншісі «е, бұл кісі газет оқымаған ғой» деген екен. Яғни, сана-сезімін ешнәрсе шатастырмаған, өмір ақиқатына тура қарай алатын, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» ұстанымынан танбай турасын айтар осындай тұлғалар, әзірге әлемді сақтап тұрған хакім де солар.
Ата-бабамыздан жалғасқан осы са­бақ­тастықты кілт үзуді қалаған кеңес үкіметінің нешеме қиянаттарын бастан кешкен қазақ егемен күн туғанда сол қолдан шығарып алған кем-кетігін түгендеуге бел буып кіріскені жөн. Ұлт ұрпағының жанына егіп келе жатқан ол ұрық – парасат дәні деп аталады. Бұл дәннен өсіп-жетілген ұрпақ сәби кезінен сезімтал болып өседі. Бұл жөнінде Абайдың ұлы Тұрағұлдың былай деп жазғаны бар: «Ағам (әкесін аға деп атаған) жақынына жұғысқан кішкентай бөбекке болсын сүйсініп, «қарашы қанына тартып тұр ғой» деп мәз болса, өзімен өзі мауқиғанға көңілі пәсейіп, әй әшейін ішпекпін, жемекпінніңі бірі болар да деп торығып қалатын». Сіз өзіңіз басынан құс ұшырмай үлпілдетіп өсіріп отырған балаңызды соның қайсысына балар едіңіз?
Қазақ баласының жүрегіне хакімдіктің сәулесі түсуі үшін соның жарқын эталоны – Абайға жиі жүгініп отыруымыз керек. Кемеңгер тұлғаның өсиет-өнегесі біздің күнделікті өмірімізде - оқып-тоқуда, елдік басқару жүйемізде, адамдар арасындағы бауырластықта, ағайындық қарым-қатынаста, тіпті жақсылыққа бағыштар аталы сөз, баталы тілекте, тағысын тағы адами құндылықтың барлық саласында түпқазығын түгелдей білгендерді бір ғана Жаратушы Иеге жақындата бермек. Аристотельден Абайға жеткен рухани жүйенің тұтастығын осыдан іздеген дұрыс.

Абайға қалай жақындаймыз?


Еліміз бойынша орта білім беретін мектептердің барлығында жоғары сынып оқушыларына аптасына бір сағат факультативтік негізде «Абайтану» пәні өтеді. Онда да оның мазмұны, өтілу сапасы ұстазға байланысты. Егер пән мұғалімі жауапкершілігі мол, бала тағдырына, тәліміне жанашыр тұлға болса сол санаулы минуттың өзін мәңгіліктің тақырыбына мінсіз үйлестіріп, жас үміт жүрегінде Абай тұңғиығына үзілмес арна сызып беруі мүмкін, олай болмағанда өзі баға қойылмайтын еокін сабақты оқушы ойнап-күліп ермекпен өткізбек. Осы тақырып бойынша аудан мектептері арасында Жайылмадағы №195 мектеп-гимназиясында айқын мақсатты көздеген артықшылықты аңғардық. Мектеп дирек­циясы тапсырмасы бойынша жоғары сыныптың кез келген оқушысына Абайдың қарасөзін жатқа білу талабы қойылып, үзіліс кезінде болсын тоқтатып білімін тексеру дағдысы жолға қойылған. Абай сыныбы, Шәкәрім сыныбы, Мұқағали сыныбына бөлінген түлектер осы ақынның өлеңдерін жатқа айтып беруге әзір жүруі тиіс. Ал Абайдың қарасөзін жатқа айта алмағанның өзінде мән-мағынасынан санасында түсінік болуы қажет. Көкөрім көңілін шуақтандырудың көркем тәсілі осындай-ақ болар.
Елордада Абай орталығы ашылды. Бұл орталықта кемеңгер ақынға бай­ланысты дүниелер жинақталу үстінде. Әлем жұотшылығы Абай арқылы қазақ елін тануы керек. Сондықтан да Абай орталығы қазақ елінің энциклопедиясы саналады.
Осыдан біраз бұрын мемлекет қай­раткері, Академик Ғарифолла Есім Мемлекет басшысы Касым-Жомарт Кемелұлына хат жазып, Абай Акаде­миясын ашу жөнінде ұсыныс түсірген. Абайды зерттейтін ұйымдар жоқ емес. Әрбір университеттер жанында «Қазақ тілі, әдебиеті» кафедралары, ғылыми-зерттеу институттар, орталықтар бар. Академияның міндеті зерттеу емес, бүкіл қоғамдық ғылымдар, гуманитарлық салаға басшылық жасап, олардың бағытын айқындау. Абай идеясын таратып, насихаттау, қоғам қай бағытта өмір сүріп жатыр, болашақта қалай өмір сүреміз дейтін сұрақтарға жауап беретін мемлекеттік иделогияның орталығы болу керек. Сонда ғана Абай тағылымы мемлекеттік деңгейде қоғамның барлық саласына кіре алады. Қоғамның барлық мүшелері – ағарту саласы ғана емес, ғалым да, бизнесмен де, техник те төрт ауыз сөздің тұздығын кемеңгер Конфуцийден емес, одан ақылы асқан Абайдың даналығымен айшықтап, айнала жұртқа Абаймен мақтанатын болады. Ал біз Абайды жете түсінген жоқпыз. Сөздерін жаттасақ та сана түкпірінен зерделеп өткізіп, ақылымен амал еткіміз келмейді.
Біле-білсеңіз, Абайдың:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ, орынсыз бекер мал шашпақ. Оған қайғы жесеңіз, Талап, еңбек, терең ой. Қанағат, раһым ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз» деген екі ауыз сөзінің өзі адам баласына абыройлы өмір есігін ашып тұр емес пе? Олай болса Абайдың даналық сөзі адамзатты ұстап тұр.

Баян Үсейінова
29 шілде 2021 ж. 929 0