№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Асауды тұсар талапты ұл

Асауды тұсар талапты ұл


Бізбен көрші тұратын Дархан деген жігіт бар. Бірнеше күннен бері қолда тұрған жабағыны мініске үйретіп әлектеніп жүрген онымен тілдесудің сәті түсіп, бұл өнердің де шет жағасын біліп алдық.


– Қорада не тоғайда бас байлатып көрмеген асауды жалғыз бұғалықтау мүмкін емес. Мейлі жаяу, мейлі аттылы бол,алдымен құрық саласың. Мойнына құрық түскен жануар тулап, омырауға жетпей тартып, әлектенгенде, мойнына жүген салып, үстіне қарғып мінетін тақымы мықты жігіттердің қарулы қолдарынан тырп ете алмай қалады.
– Асау тайды үйретуді он жасымнан бастадым. Мініске мінетін аттың жөні бөлекше болады. Бітіміне, жүрісіне, шабысына қарайсың. Атқа ерекше құмар болдым. Мұны байқаған әкем мені ылғи қасынан тастамайтын. Әсіресе көкпарға деген қызығушылығым ерекше еді. Қазақ пен жылқы егіз ұғым емес пе? Сосын да болар, жылқыға мінсем рухтанып кетем. Негізі атқа міну қазақы қанымыздан берілген қасиет қой. Қолым қалт етсе, делебем қозып атқа мінгім келіп тұрады. Мұны білген көрші-қолаң, ағайын-туыс асауды үйретуге келгенде маған жүгінеді, – дейді ол.
Расымен, асау үйрету тәуекелге барумен бірдей. Жанына кісі жолатпайтын, қасына барсаң тулап жүген салдырмайтын небір жануарды тақымы мықты, құрыш қолды, шымыр жігіттер ғана ауыздықтай алса керек.
Көзіміз көргендей, Дархан асауды үйретуде алдына жан салмайды екен. Оларды мініске үйретуге 30 күн мен 60 күн аралығында уақыт кетеді екен, ал, шындап қолға алсаң 2-3 апта уақытта жуасытуға болатынын да естідік. Әңгімеге әкесі Әбдіманап араласты.
– Алғаш бөлек шаңырақ болған шағымыз. Дархан екі-үш жасар бала. Өзі онша-мұнша жылай бермейтін, бірде қатты шарылдап жылап келді. Біз бәйек болып жатырмыз. Сөйтсек көрші Медеттің қорасына еніп кетіп, тұлпар тұяғының астында қала жаздаған ғой. Дереу алып шығып, тиісті жазасын берген болу керек, бірақ құртақандай боп қораға кіріп кетуін тоқтатпады. Солай жас кезінен жылқыға құмар. Бірде терезеден жасөспірім ұлымның асауды үйретіп жатқанын бағып тұрғам. Жылқы баламды лақтырып жіберді. Жерге омақаса құлағанға шошып кеттім. Сөйтсем жалма-жан тұрып, атына қайта мінді. Талай рет беті-қолы жырылып,құлағы сынып жүрсе де асауды үйретуден беті қайтпады, – дейді әкесі. Баласы көкпар шапса, анасы тақымын қысатын текті халықтың ұрпағы емеспіз бе, сонадайдан көрінген аттылыға алаңдап, ұлына ұқсатып, келер жолын тағатсыздана күтетін ананың көңілі балада. Сондай шақтарын есіне алған анасы Айна: Балам жылқы үшін туылғандай. Бұрындары іздеп алаңдайтынмын. Анасы емеспін бе, бір жері жарақаттанып қала ма деп уайымдап жүруші едім. Қазір тақымы мықты, қарулы қолдың иесі болды. Әрдайым жолы болсын деп Алладан сұрағаннан басқа қолдан келері жоқ, – дейді анасы.
Қолы қалт етсе ер-тұрманын қолына алып, қораға қарай көңілі ауып тұратын оның арманы ауыл балаларына ат баптауды үйрету. Ол бұл жолды бастап та кетті. Сенбі, жексенбі күндері 5-6 сынып оқитын балаларды жинап, көкпар ойнауға баулып жүр.
Асауды үйрету жоғарыда айтып кеткендей жүрегі түкті жігіттерге ғана тән. Дархан Сәрсенбаевтың бұл өнерін оның спорт саласындағы жетістіктерімен де байланыстыруға болады. Еркін күресті меңгерген ол аудан, облыс, республика көлеміндегі жарыстарда дараланып, шетелге де шығып жүр. Шашасына шаң жуытпаған спортшының текті жануармен болмысы бір десек те болатындай.
Бірде мынадай оқиға болған екен. Көкпардан шаршап, ат үстінде келе жатқан балаң жігіттің қалғып, ауып кеткенін байқап еді. Астындағы атының кісінеп кеп, иесін, арқасына мінгізбек ниетін аңдап, сол сәт жылқы баласына деген құрметі бұрынғыдан да артты.
– Жылқыға бас білдіргенде қамшыны дұрыс пайдалану керек. Ерттеп мінгенде де бірден қамшы салмай, жүгенін тартып, ауыздықты қимылдатып біраз бабына келтіру
керек. Кейбір шабандоз аттарға желдің өзі қамшы. Атқа мінерде оның көзіне қарап барып мінген дұрыс, – дейді шабандоз.
Иә, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» деп хакім Абай дәл суреттегендей, жаны асыл, тектілігі бір аңызға арқау болатын жылқы малының қасиеті жөнінде бұл бір сырдың ұштығы. Атқа мінсе кеудесі желдей есіп, ерекше рухтанар қазақ баласының атқа құмарлығы бұл бір мысалмен шектелмесе керек. Қасиетті үрдісті жалғастырар ұрпағымыз көп болсын.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
08 наурыз 2021 ж. 772 0