Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлттық үрдісін ұлықтаған ел ұтады

Ұлттық үрдісін ұлықтаған ел ұтады


Бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін адами капиталды дамытуымыз керек. Қазығын бекемдеп, қанатын кеңге жайып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің мерейін асқақтата түсер үш таған – халықтың тұрмыс – тіршілігі, тілі мен ділі, сосын білімі мен әлеуеті десек, осы үш негізгі діңгекті мығым ұстап тұратын ұстын – ұлттық үлгі, дәстүрлі үрдіс, тарихи тағылым, мінез бен менталитет екенін естен шығармауымыз тиіс.


Отаншылдықтың мәйегі ұлтты сүюден басталады. Өз ұлтын, елі мен жерін сүйіп, оның дамуына қызмет ететін, оның болашағына жанашырлық танытқан жан ғана отаншыл бола алады.
Отаншылдық сана халықтардың өз ана тілін, ділін, салт – дәстүрін берік сақтап, оны мақтан тұтумен өлшенеді. Яғни, ұлттық құндылықты ұлтын сүйе білген жан ғана қастерлейді. Осы рет­те бізге Алаш ардақтыларының ұлт азаттығын, еркіндігін сақтап қалу жолындағы қан – қасапты жолы, қа­жырлы қайраты, ойы мен арманы дәлел.
Қазақтың рухани және саяси қай­раткерлерінің мемлекетшілдік дәстүрін, отаншылдық ұстанымын жалғастырған ұлт қаһармандары көп. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы ағамыз еді. Ол «қалың елі, қазағының қамы үшін қылыш сермеген» батыр ғана емес, бар ғұмырында ұлтына араша болып, ата – баба асыл қадір – қасиеттерін ұрпақ жадына берік орнықтырып кетуге барын салған тұлға. Оның ақ сөйлеген кесімді сөзі де әлеумет санасын серпілтіп, жігерін жаныды.
«Намысы биік, еңсесі тік, рухы асқақ, саналы қазақ қандай болу керек?» Осы ұлық мақсатты ұран етіп, ұлт болашағы жолында басын сан рет сауғаға салған өр тұлғаның Қазақ ССР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа жазған хатындағы ұлттық тәрбиені қолға алу, ата дәстүріне қан жүгірту, ұлттық ойындарды жаңғырту хақындағы ойлары бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ.
Ол бүгінгі жастың бойынан кешегі ер Едіге, Қобыланды, Алпамыс, Бекет, Исатай, Махамбеттің қанында буырқанған асқақ рух, жасын жігердің ұшқыны сөнбесе екен деген тілектен туған толғамын ұлттық санаға апарып тірейді. Халықтың ертеңгі тағдырына жауапты өрендеріміздің ұлттық өре­сінің биіктеуін мұрат тұтты.
Ұлттық қадір – қасиеттерімізбен қайта қауышу бағытында мемлекеттік деңгейде кезең – кезеңімен іске асырылып жатқан іс – қимылдар механизмін жоққа шығаруға болмайды.Оның түпкілікті нәтиже беруі оған құйылатын қаражаттың еркінде емес, оны қолдап, асыл мұратқа жан бітіретін көпшіліктің айнымас сертінде, асқақ ниетінде.
Соңғы уақытта ұлттың құндылығына, тарихты таразылауға, өткенді ұлықтауға нақты басымдық беріліп, бұқаралық бағдар түзуге бет бұрдық, Төл мемлекетімізді төрге оздырудағы пер­зенттік хәм президенттік қызметін «Қазақтың тілі – қазақтың жаны» деп бастаған Қасым – Жомарт Тоқаев бірден ұлттық құндылықтарға ден қойды.
Абайдың 175 жылдығына бай­ла­нысты жыр эстафетасын өзі бастап, Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге пәрмен берді. Одан соң Елбасы белгілеп берген Ұлттық домбыра күнінің маңызын одан сайын арттырып жіберді.
Ұлы шайыр Абайға қайта оралып «Абай және ххі ғасырдағы Қазақстан» атты ойлы, танымдық мақала жазды.Бұған дейін де мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне көтеруді әлденеше рет айтқан Мемлекет басшысы жақында «Егемен Қазақс­тан» басылымына берген сұх­ба­тында «Жаңа сын – сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құн­дылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт – дәстүрімізді, ұлттық сана – сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, ке­лер ұрпақ бізді кешірмейді.
Әсіресе, мемлекеттік тілдің мә­селесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады.Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты.Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады.
– «Келешекте шын мәнінде ұлт­аралық қатынас тіліне айналатын қазақ тілін жылдам дамытуымыз қажет» – дей келе, өз ұстанымын тағы бір байқатты.
Бұл бағытта соңымыздан ер­ген саналы ұрпақты аясы тар рушыл­дыққа емес, мұраты асқақ рухшылдыққа баулу маңызды. Бір қуанарлығы, ел егемендігін алған елең-алаңда дүниеге келген ұр­пақтың көңілі ашық, көкірегі ояу, обал-сауапты аға буыннан артық білетіні қуантады. Бүгінде Жаңа­қорған жастарының ата-баба дәстүрін қайта жаңғыртудағы жар­қын қадамдары осы сөзіміздің дәлелі. Олар бүгіннің өзінде жұмыла әрекет жасап қамыққанның көз жасын құрғатып, бірнеше тұрмысы төмен отбасына асар әдісімен жаңа баспана тұрғызып берді.
Қайырымдылық – халықтық дәс­түріміз еді. Абай ақын айтқан «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен қайратың екі жақтап» деген ұлағатты өміріне өнеге еткен бұл толқынның бойынан тағдырлы ұлтымыздың текті ұлына тән тағы қанша табиғи қадір – қасиетке куә боларымыз алдағы күн еншісінде.
«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген тамаша тәмсіл бар халқымызда. Жарамсақтыққа жаны қас, ақ сөйлеп, адал тұруды жаны сүйетін бұл жастарымыздың өз-өздеріне деген сенімділіктеріне қарап жаның сүйсінгендей. Ке­ше, туған күнін айрықша атап өтіп, жапатармағай жан бітіріп, жағым­паздық танытып қалуға әуес арзан пиғылдың жолын кескен ел Президентінің салмақты шешімінің өзі әлеуметке қанша ой салды. Әманда пайданы емес, арды ойлаған ата-баба қадір-қасиетін ұлықтаудың бұл да бір тамаша үлгісі еді. Осы үрдісті үлгі тұтқан әкім-қараға қазақ атам айтып кеткен «Ұлық болсаң кішік бол» деген тәмсілдің өзі таяныш болып, оларды қалың бұқараға жақындата түсеріне шәк келтіре алмайсыз.
Дана қазекемнің тағы қандай әдеп әліппесі, өсиет мен өнегесі бар еді? Әрдайым соны еске алып, бұлжытпай сақтай білсек бағымыздың жанғаны.

Баян ҮСЕЙІНОВА
23 мамыр 2020 ж. 752 0