ТАРИХТАН ТӘБӘРІК
Тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі кезде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы. Мұны түсінген озық елдер тарихын тереңінен зерттеп, ұрпағының бойына ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын сіңіруде. Ал ұлттың санасын жаңғыртып, тарихи-мәдени дәстүрлерді дәріптейтін құрал – көркем кино. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында идеологиялық насихат құралы деңгейінде түсірілген сондай фильмді көрдім. Ғұмырнамалық 10 бөлімнен тұратын «Төле би» фильмінде бала кезінен билік айтып, әділдігімен көзге түскені және жастайынан қолына қару алып, әскери өнердің қыр-сырын меңгергені көрініс тапқан. Ең бастысы, ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктіру жолындағы қам-қарекеті дәріптеледі. Сонымен...
Дала төрешісінің өмірі туралы баяндап, қазақтың ғұмырнамасын түгендейтін тарихи туындыдан сол кездегі Қазақ хандығының тыныс-тіршілігін, қазақ өмірін қапысыз тануға болады. Бидің ескіше білім алып, Ұлы дала елінің ойлы сөздерін, ұтқыр шешімдерін жадына тоқып өсіп, даулы мәселелерге төрелік еткені және соғыс өнеріне машықтанып, елдің түні тыныш, ұйқысы мазасыз болмауына атсалысқанын көресіз.
Бала би әкесі Әлібек биге: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ», – дейді. Сонда бір шыбықты беріп: «Мынаны сындырып көрші», – дейді.
Төле оны қолына алып оңай сындырады.
Сосын шыбықты біріктіріп бергенінде олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
Әлібек би: «Бұдан не түсіндің, балам?» – дейді.
Сонда Төле бала:
– Түсіндім, әке бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
– Бәрекелде, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын» дегенінің мәнісі осы, – дейді.
Фильмде осындай елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақты арқау еткен көріністерді көптеп көруге болады. Сол дәуірдегі халықтың өмір сүру салты мен тұтас қоғамның шынайы бет-бейнесі көрсетілген фильмде адамдар арасындағы қарым-қатынастар, яғни қыз бен жігіттің оқшау кездесулері, достар арасындағы сыйластыққа байланысты жоралғылар беріледі. Төле бидің ел ісіне араласып, көсем, бітімгер, ақылгөй, дана тұлға болғаны баяндалады. «Жеті жарғыны» жаңғыртуға үлес қосып, Ордабасы жиынына ұйытқы болып, алты алаштың ар-намыс рухын асқақтатып, жауға қарсы дәрмен көрсетуге үлес қосқанын танисыз. Ташкент қаласын билеген кездегі саясаткерлік бітімі, мемлекетшілдік болмысы, халықшылдық қасиеті суреттеледі.
Фильмді көру барысында Ақтабан шұбырындының қиындығын, аштықтың зұлматын, қуғын-сүргіннің қасіретін көрген алаш жұртының өміршең, бәсекеге қабілетті болуында елге тұтқа болған Төле би сынды қайраткерлердің еңбегі ерен екенін ұғасыз. Өйткені тарихи тұлғалар өтпелі кезеңдерде ұлттың мақсат-мұратын шыңдап, ұзақ мерзімді даму жолын белгілеп береді. Ондай стратегиялық жоспары бар елдің жойылуы мүмкін бе?!
Төле би қарттық шағында ұлтына:
«Жүзге бөлінгендердің жүзі қара,
Руға бөлінгендердің құруға асыққаны,
Атаға бөлінгендер адыра қалады.
Хан азса, халқын сатады,
Халық азса, хандыққа таласады», – деп аманаттайды.
Ең қызығы, фильм Түркістан облысының тапсырысы бойынша түсірілген екен. Осындайда «біздің басшылар да Сыр өңірінің жүздеген тарихи тұлғасының бірін таңдап, көркем фильм түсіріп, елдің рухани жаңғыруына үлес қосса қайтеді?» деген ой қылаң береді.
P.S.: Өз басым, Ұлы дала академиясының белді өкілі Төле би жайлы түсірілген фильмді «Мәңгілік Ел» мүддесін аманаттаған тәбәрік ретінде қабылдадым.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ