Бабалар ерлігі
Келінтөбе ауылдық округіндегі №192 мектеп оқушыларынан хат келді. Сәлем хатта «Ер есімі – ел есінде» байқауы арқылы Мәткәрім Досжановтың сарбаздық жолын дәріптеуді мұрат еткені көрсетілген екен. Игілікті шараға мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлстан Жұмадуллаева ұйытқы болыпты. Жас өрендердің талпынысын қуаттап, сөз өнеріне жасаған қадамдарын қолдау мақсатында хаттарын шолып өтуді жөн санадық.
Махаббат Жолдыбек есімді оқушы атасы Мәткәрім (Маткарим) Досжанов ерлік жолы жайында жазады. Сол жайында кеңірек тоқталсақ:
– 1924 жылы 1 мамырда М.Досжанов Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылдық округінде қарапайым отбасында дүниеге келді. 7 сыныптық білім алып, еңбек жолын Кеңес колхозында қатардағы жұмысшы ретінде бастайды. 1942 жылы 18 жасында әскер қатарына алынады. 1943 жылы Уфа қаласында офицерлік оқуды 2-3 ай оқып, 6-Гвардиялық жаяу әскер полктің құрамымен Курск майданына аттанады. Міне осы шайқаста ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталады. 1944 жылы Балтық майданында болып, Латвия жерін жаудан азат етудегі ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды.
1945 жылы көктем мезгілінде 3-Украина майданына араласады. Сол жылдың 2 мамырында Берлинде жеңісті жақындатуға үлес қосады. Осы шайқастағы көрсеткен ерлігі үшін І, ІІ дәрежелі «Отан соғысының» орденімен марапатталады.
Атамыз бейбіт өмірде білім саласында қажырлы еңбек етті. Оның ұзақ жылдық сапалы еңбегі үшін 1973 жылы «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы, 1985 «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі» атағы берілген.
Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін де білім саласына араласып, сапалы білім, саналы тәрбие беру жөнінде жас әріптестерімін тәжірибе алмасып жүрді. Елдік мәселелерге үн қосып, баспасөзге мақалалар беріп жүрді. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, өзінен кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсете білді. Әсіресе жастарды білім алуын қолдады. Оны мына азаматтық ісінен аңғаруға болады. Яғни №192 мектептің бір оқушысына әр тоқсан сайын «Қазақ тілі мен әдебиет» пәнінен үздік оқып және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан оқушыға өз атынан шәкіртақы берді, – дейді жас автор.
№192 мектептің 8 сынып оқушысы Нұрдана Байтұрым соғыс ардагері Мәткәрім Досжановтың қаламгерлік қызметіне тоқталыпты.
– Атамыздың қаламгерлік қырын халық аузындағы ескі әңгіме-дастандарды жазып алып, кейінгіге мұра етуінен көруге болады. Мәселен, «Он жасар қыз» хиссасын сондай ғибратты мұраға жатқызуға болады.
Сондай-ақ, оның «Балаларыма өсиет» өлеңінде жыраулық дәстүрге ден қойғанын аңғару қиын емес. 2004 жылы «Жаңақорған тынысы» газетінде «Болсын деп кейінгіге үлгі-өнеге» атты мақаласында анаға құрмет көрсету, ата аманатына адалдық таныту турасында тағылымды өсиет етеді. Мақаланы оқып туған жерді қадірлеудің қыр-сырын терең ұғуға болады. Мәткәрім атаның бұл мақаласы біздер үшін өнегелі бағыт-бағдар деп білемін, – дейді Нұрдана.
P.S.: Ардагерлерді ұлықтап, қолына қалам алғандар қатарында Жаншуақ Қадырбай мен Динара Кежехан да бар. Олар Мәткәрім Досжановтың соғыс жолындағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі еңбегі жөнінде жазған. Әсіресе ұстаздық ұлағаты турасында тоқталып, еліне қызмет еткен ердің есімі ешқашан ұмытылмайтынын сөз еткен.
Хаттарға шолу жасаған
Жұпар ШӘЙМЕРДЕНОВА
Пікір 1