Мұхтар және мәңгілік ғұмыр
Ауған соғысы және интернационалдық борыш 70-80 жылдарда 18-25-тегі біздің ағаларымыздың тағдырын тәлкек еткен қатал сын еді. Тарих көшінде қалған осы бір сұрапыл жылдар қазақстандық нар жігіттердің біразының жастығын жалын құштырды. Кеңес әскерлері 1989 жылы 15 ақпанға дейін 10 жылға жуық мерзімде соғыс қимылдарын жүргізді. 1979 жылы 25 желтоқсанда Ауғанстанға Кеңес әскері қатарында интернационалдық борышын өтеп, Ауғанстан еліне көмек көрсету үшін Қызылорда облысынан 821 әскер майдан даласына аттанды. 821 жауынгердің 31-і мүгедек болып оралса, 18-і майдан даласында қайтыс болды. Солардың ішінде Жаңақорған ауданынан қатысқан 80-ге жуық азаматтың бірі Мұхтар (Мамбетәлі) Нарымбетов жат елде өмірмен қош айтысты.
Қатерге бел буып, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан Мұхтар Оразбекұлы егер тірі болғанда биыл 60 жасқа толар еді. Жауынгерлік борышына адалдық танытып, жат елде қан кешкен Жаңақорғандық боздақтың ерлігі болашақ жастарға, бүгінгі ұрпаққа өнеге. Қазіргі таңда ауданда «Жаңақорған аудандық Ауғанстан ардагерлері және патриот жастары» қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Әр жылдың 15-інші ақпанында Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына орай Ауған ардагерлері мен жастар арасында кездесулер өткізіледі. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қуаныш Абилакимов бүгінде №163 орта мектепте ұстаздық қызмет атқарады.
– Жаңақорған ауданы бойынша Ауған жерінде жауынгерлік борышын өтегендер арасында бір азаматымыз – Мұхтар Нарымбетов жат елде жан тапсырды. Елге оралған соң 6-уы соғыс зардабынан түрлі науқастармен қаза тапты. Қазіргі таңда ауданда 45 ардагер бар, оның 7-8-і әр салада қызмет атқарады. Өзім осы ұйым жетекшісімін. Бастапқы әскери дайындық сабағынан дәріс беремін. Қоғамдық бірлестік жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында мектептерде «Айбын», «Жас мерген», «Мен әскерге дайынмын» атты дәстүрлі әскери патриоттық сайыстар өткізіп тұрамыз. 18 ақпанда Мұхтар Нарымбетов пен Әділ Қадіровті еске алуға арналған волейболдан аудандық турнир ұйымдастырмақпыз, – дейді Қуаныш Мұсаұлы.
Енді қаһарман ұлдың өмірбаянына қысқаша тоқталып өтсек. Жат елде майдан кешкен жерлесіміз жайлы ағасы Мұқан Нарымбетов өз естеліктерімен бөлісті.
– Мұхтардың өмірден озғанына биыл 40 жыл толды. Артында ізін жалғар тұяғы қалмаса да өшпес мұрасы – ерлігі қалды. Жыл сайын өзі оқыған №169 Н. Илялетдинов атындағы орта мектепте еске алу шаралары өткізіледі. Мұхтар Нарымбетов атына көше берілді. Ол 1960 жылы 2 шілдеде дүниеге келген еді. Орта мектепті бітірісімен ДОСААФ мекемесінде оқып, жүргізуші куәлігін алды. Еңбек жолын астық қабылдау пунктінде жүргізуші болып бастады. 1979 жылы, нақ 19 жасқа толған туған күні әскер қатарына шақырылып, бірден Термез қаласына жіберілді. 2 айлық оқу жаттығудан кейін Кабул қаласына майданға аттанды. Осы жерде дұшмандар шабуылынан жарақат алып Ташкент қаласына госпитальға түсіп, қайта майдан даласына аттанғанын кейіннен естіп білдік. Алғашында соғыс даласынан хат келіп тұрды. Онда өз мамандығы бойынша жүргізуші қызметін атқарған екен. Майдан даласына оқ дәрі жеткізу барысында Мұхтардың ротасы қоршауға түсіп, ауыр жарақат салдарынан көз жұмады. Бұл 1980 жылдың 3 қыркүйегі болатын. Кешегідей көз алдымда. Қаралы хабарды алып бауырымыздың өзі емес жансыз денесі салынған табытты қарсы алып, қабырғамыз қайысқан қасіретті күннің елесі әлі де жанымызды аяздай қариды. Бүгінде өз егемендігін алған еліміздің жас ұландары қандай бақытты. Олар осы тәуелсіздіктің жарқын таңын тек жақсылыққа жалғай берсе екен, – дейді ағалық тілекпен.
Мұхтармен бірге жерлестері Аман, Арыстан, Әбубәкір бір ротада әскери міндетін өтеп оралыпты.
Мұхтар қаза болған соң 1981 жылы Михайл Георгадзенің бұйрығымен «Қызыл жұлдыз» орденін беру ұйғарылған. Батыр ұланын ұлықтап, 1985-1986 жылдардан бастап Мұхтар Нарымбетов атындағы республикалық жарыстар жүйелі ұйымдастырылып келеді.
Енді бірер күнде, дәлірек айтқанда, 14 ақпан күні Мұхтар Нарымбетовты еске алуға арналған орталық мешітте ас берілмек екен. Ерлік ұмытылмауы тиіс. Осы орайда ағайындары атынан Төребай Ысқақұлының мынадай тілегін жеткізсек дейміз. Орталық саябақтағы Ауған жауынгерлеріне арналған мүсіннің айналасында бос жерге аудан басшылығы тарапынан рұқсат етілсе, осы Мұхтар Нарымбетов бауырына арнайылап жеке монумент болар, мүсін болар азаматтық тұлғасын әйгілеп тұрар бір ескерткіш салуға шын ниетімен ықылас білдіріп отыр. Бұған құзырлы орындар не дер екен.
Майра ҒАНИЕВА