№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АИБА: Дінмұхамед төрешілер құрамында

АИБА: Дінмұхамед төрешілер құрамында

Қазақстан бокс Федерациясында қазіргі кезде комиссия және АИБА мүшесі қатарында он төреші қызмет етеді. Солардың қатарында жаңақорғандық Дінмұхамед Абайхан да бар. Бұл аудан боксы тарихындағы үлкен бір белес деуге болады. Өйткені, ауданда бұл атаққа қол жеткізген төреші болған емес. Сондықтан, небәрі 24 жасында АИБА төрешісі дәрежесіне көтерілген Дінмұхамедтің дара жолына тоқталатын боламыз.


Бірден айту керек, бүгінде білікті бапкер Құрбаш Сарқұлов іргетасын қалаған бокс мектебінің жас боксшылары байрақты бәсе­келерде жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Кейбірі жаттықтырушылық салада абыройлы еңбек етіп келеді. Енді міне төрешілік қызметте де жаңа бір биіктікті бағындыра бастады. Сол себепті, әңгіме төркінін Димаштың АИБА төрешілігіне қабылдануынан бастасақ.


– 2018 жылдың сәуір айында Павлодар қаласында шет елдік мамандардың қатысуымен емтихан тапсырдым. Онда сұрақтардан бөлек, практикалық, яғни, кез келген рингте төрешілік жасап көресің. Бес жылдық тәжірибемді жинақтай келе емтиханда жақсы нәтижеге қол жеткізіп, төбем көкке жеткендей болды. Себебі, бұл дәрежедегі төрешілер әлем және Олимпиада ойындарында қызмет ете алады, – деді ол.
Иә, АИБА мүшелігіне ену кез келген төрешінің қолынан келе бермейтіні рас. Осы артылған жауапкершілік жүгін Дінмұхамед абыройлы атқарып жүргенін мақтанышпен айта алады.
– Жалпы боксқа қалай келдіңіз?
– Мені 10 жасымда әкем боксқа баруға ықпал жасап Құрбаш ағайға тапсырды. Облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі оралып жүрдім. Одан кейін Жалаңтөс Баһадүр атындағы спорт мектебінде, кейіннен Қорқыт атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жоғары білімді алып шықтым. Әлі де тәжірибемді толықтыру үшін білікті мамандардан ақыл-кеңес алып тұрамын. Ал, төрешілік жолға 2013 жылы түстім. Алдымен, жасөспірімдерге төрешілік еттім, 2016 жылдан бастап ересектермен жұмыс жасаймын.



– Алдағы жоспар қандай?
– Шілде айының соңында Ресейдің Махачкала қаласында тағы да емтихан тапсыратын боламын. Ойдағыдай өтсе онда Әлем және Азия чемпионаттарында төрешілік ету құқығына ие боламын. Қазір білген түйген біліктілігімді осы емтиханға дайындап жатырмын.
Ол тек төреші ғана емес, қазір №7 жас­өспірімдер және балаларға арналған мектепте бапкерлік қызметте. Тағы бір айта кететіні, Жаңақорғандағы екі дүркін ел чемпионын Димаш тәрбиелеген. Бақберген есімді жас саңлақ бүгінде жасөспірімдер арасында халық­аралық додаларда атой салып жүр. Сондықтан, кейіпкеріміздің екінші бір қырын осыдан-ақ көруге болады.
– Расында, аудандағы бокс спорты енді еңсе көтеріп, жаңа бір белесті бағындыра бастады. Жасөспірімдер жыл сайын ел біріншілігінде кем дегенде бір алтынмен оралады. Былтыр облыстық спорт басқармасының қолдауымен алғаш рет ауданда бокстан Қазақстан чемпионаты өтті. Бұл сында қос-қостан алтынмен сүйіншілеп жаттық. Өзім спорт басқармасы мен аудандық спорт бөлімі, №7 мектеп басшыларының демеуімен көптеген халықаралық жарыстарда төрешілік жасадым. Сондықтан, боксқа жанашыр жандарға алғыс айтқым келеді, – деді ол.
Отбасында баланың кішкентайы Дінмұхамед Абайханұлы қазір бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты әке. Білікті бапкер, Сыр өңірінің үздік төрешісі. Алдағы уақытта да біз Димаштың бұдан да биік белесті бағындыратынына сенімдіміз...

Әли ТЕМІРБЕК


02 шілде 2019 ж. 938 0