№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Естідіңіздер ме? Олжас Мүтән чемпион атанды

Естідіңіздер ме? Олжас Мүтән чемпион атанды

  Ақмола облысы Атбасар қаласында өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты Сыр еліне алтын сыйлады. 48 келіде өнер көрсеткен жаңақорғандық боксшы Олжас Мүтән чемпион атанды. Облыста аты озып жүрген жерлесіміз Қазақстанды да бағындырды. Жандос Жаназаров пен Дінмұхамед Абайханнан тәлім алатын Олжастың жеңісі Сыр боксы үшін үлкен жетістік.

Жарыстың екінші күні шаршы алаң төріне көтерілген 48 келідегі былғары қолғап шеберлері ақтық сынға өту үшін аянып қалмады. Олжас алдымен павлодарлық қарсыласынан басым түссе, жартылай сында Алматы облысынан келген саңлақты қапы қалдырды.
– Шыны керек, қарсыластар өте мықты болды. Мен де барымды салдым, осыған дейін кеткен есемді қайтардым. Енді бұдан да биікті бағындыратыныма сенімдімін. Ата-ана, маған үнемі қолдау көрсететін жанкүйерлер мен бапкерлеріме алғыс айтамын, – деді чемпион.
Ал, ақтық сында Олжас шығыстық спортшымен жолы түйісті. Төрт раундқа созылған кездесу соңында төрешілер бір ауыздан жаңақорғандық жастың басым болғанын мойындады.
– Жарысқа үлкен дайындықпен бардық. Бұл додаға тағы екі боксшыны қосқан едік, алайда жеңіс тұғыры Олжасқа қана бұйырды. Былтыр Жаңақорған төрінде өткен чемпионатта 2 алтын, 1 күміс және 1 қоланы еншілеген едік. Бұл жолы алтын тұғыр Олжасқа қана бағынды. Енді тамыз айында Кувейт қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастаймыз. Бұйыртса одан жүлделі ораламыз, – деді жаттықтырушысы Жандос Жаназаров.
Үлкен спортқа тәй-тәй қадам басып келе жатқан тұлымды ұлдың бұл алғашқы жеңісі емес. Ол бұған дейін облыс орталығында өткен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының батыс аймақтық чемпионатында, одан кейін Жосалы кентінде бокстан халықаралық жарыста, Ерлан Нысанбаевты еске алуға арналған облыстық ашық турнирде өзінің мықты екенін дәлелдеді. Былтыр Астана күні мерекесі қарсаңында өткен 2005-2006 жылы туылған балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық біріншілікте де жеңістің ең биігінен көрінді.
– Бокс үйірмесіне қатысқаныма 5 жыл болыпты. Маңдай тердің арқасында міне ел чемпионы атандым. Бар арманым – олимп шыңын бағындыру, – деді Олжас Қоғамбекұлы.
Бүгінде ауданда бокс спортының қарыштап дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған, әлі де болса ізінен ерген жастарға ақыл-кеңесін беруден аянбайтын Құрбаш Сарқұловтың қолтаңбасы өзіндік нәтижесін беруде. Оған қоса, білікті жас бапкерлер Дінмұхаммед Абайхан мен Нұрбек Исаев, Жандос Жаназаров мектебінен тәлім алып жүрген жас спортшылардың келешегі кемел. Бүгін де үлкен спортта жүрген Қуандық Жүсіп пен Азамат Бектастың жалғап келе жатқан жастардан үлкен үміт күтеміз. Қуандық демекші, ересектер арасында Сыр елінің намысын қорғап жүрген былғары қолғап шебері жуырда республикалық спартакиада да жүлдеден көрінсе, Азамат Ресейдің Анапа қаласында өткен Халықаралық турнирде қоланы қоржынға салды. Енді ол қыркүйек айында Моңғолияда өтетін жастар арасындағы Азия біріншілігіне баратын болады.
– Иә, қос боксшының да болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Осы дәстүрлі жолды жалғап келе жатқан Олжас та мықты екенін дәлелдеді. Сондықтан, сегізінші сынып оқитын саңлаққа қолдау көрсетіп, жанкүйерлік танытып жүрген №163 мектептің директоры Күланда Жақыпбекова мен ұздар қауымына алғыс білдіреміз. 25 мамыр күні мектеп ұжымы Олжасқа ерекше құрмет көрсетіп, марапат биігіне шығарды. Аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов жеңісті күндердің көп болуына тілектестігін білдірді.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
29 мамыр 2019 ж. 875 0