№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАНЫ НӘЗІК БОЛСА ДА, ЖҰДЫРЫҒЫ ЖУАН ГҮЛЖАЙНА

ЖАНЫ НӘЗІК БОЛСА ДА, ЖҰДЫРЫҒЫ ЖУАН ГҮЛЖАЙНА


Бұрын бокс спорты тек ерлерге арналған деген түсінік болатын. Өйткені, қазақ отбасында қызын боксқа емес, биге бергенді тәуір көретін жандар көп. Яғни, қыз бала – нәзік жаратылыс деген ұғым қалыптасқан. Десе де, соңғы жылдары жаны нәзік болса да, жұдырығы жуан бұрымдылар шаршы алаңда елдің абыройын асқақтатып жүрген жайы бар. Жалпы, 2012 жылы Лондонда өткен олимпиада ойындары бағдарламасына әйелдер боксы енгізілгеннен бастап, қыздар қауымының боксқа деген қызығушылығы арта түсті. Біз бүгін сөз еткелі отыған бұрымды боксшының есімі – Гүлжайна. Тегі – Үббіниязова.

Бокстан хабары бар спорт жанашырлары бәлкім бұл есімді естіген болуы мүмкін. Ол – бокстан Қазақстанның 5 дүркін чемпионы. Әлем кубогының 2 дүркін жүлдегері. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарының қатысушысы. Бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Қазақстан Республикасының спорт шебері. Міне, осындай Қазақстанның ұлттық құрама сапында атой салған Гүлжайна бұл күнде кент орталығындағы қарапайым отбасының келіні. Бұрымды боксшымен тілдесу барысында қыздарға бокспен айналысу қаншалықты қиын екенін сұрадық.
– Әрине, қыз баласына қиын. Бірақ, бокста бір сәтте мықты әрі нәзік бола білу керек. Өте қатал спорт түрі. Қыздардың еркелігін көтере бермейді. Жауапкершілігі де ауыр. Міне, осыны сезінген адам ғана чемпион бола алады. Өзім 15 жасымнан бастап бокс үйірмесіне қатыстым. Бүгінгі таңда әріптес бұрымдылар әлемдік жарыстардан қалыс қалып жатқан жоқ. Төрткүл дүние алдында көк байрақты желбіретіп, Қазақстанның абыройын асқақтатуда, – дейді Гүлжайна Үббіниязова.
Сондай-ақ тілдесу барысында Гүлжайнаның жаттықтырушысы өзінің туған ағасы Ерәділ Үббіниязов болғанын білдік. Ол кісі Ақтөбе облысы бойынша әйелдер боксының аға бапкері екен. 2015 жылы Жаңақорғанға Жүсіповтер әулетіне келін болып түскен Гүлжайна бұған дейін Ақтөбе қаласында ізінен ерген нәзік жандыларға жаттықтырушылық қызмет атқарған. Шәкірттер тәрбиелеп, білгенін балаларға үйреткен. Арадағы аз ғана үзілістен кейін Гүлжайна ауданда әйелдер боксының дамуына өзіндік үлес қосуға бет бұрды. Жаңа жылдан бастап, кенттегі спорт кешенінде бокстан қыздар үйірмесіне жаттықтырушы ретінде қабылданды.
– Бокс спорты жаныма жақын болғандықтан бұл саладан алыстап кете алмадым. Оған қоса, отағасы да бокстан облыстық құраманың мүшесі. Қазіргі таңда қыз балаларды 10 жастан бастап бокс үйірмесіне қабылдаймыз. Спортқа бейімі бар бұрымдыларға есігіміз айқара ашық. Алдағы мақсат – ауданнан әйелдер боксының дамуына сүбелі үлес қосу, – дейді Гүлжайна.
Айтқандай, Гүлжайна Үббіниязо­ваның жары – Қуандық Жүсіп Тәуелсіздік жылдары Жаңақорғаннан шыққан тұңғыш спорт шебері. Ауданға танымал бапкер Құрбаш Сарқұловтан тәлім алған Қуандық бүгінде бокстан облыстық құраманың белді мүшесі.
Иә, 2015 жылға дейін Қазақстанда 60 келі салмақта №1 боксшы бұрымды атанған Гүлжайна енді жаңақорғандық жас спортшыларды тәрбиелеуді қолға алды. Сәтін салса, үйірме ісі алға басса, өзінің ізін жалғар жас жеңімпаздарда жарыққа шығар күн алыс емес.

Әбдісамат ӘБДІШ.
16 ақпан 2019 ж. 1 122 0