№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНАН ЖҮЛДЕ КҮТЕМІЗ

АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНАН ЖҮЛДЕ КҮТЕМІЗ

2018 жылдың 18-тамыз бен 2-қыркүйек аралығында Индонезияның Джакарта қаласында XVIII жазғы Азия ойындарының
жалауы желбірейді. Сары құрылықтың кіл мықтылары бас қосатын аламанға ел спортшылары сайдың тасындай сақадай сай. Әсіресе, Сыр үмітін арқалаған 13 саңлақ ел қоржынына жүлде салады деген сенімдеміз. Ал, төртжылдық басты додасына Жаңақорғаннан кімдер барады? Біз бүгін соны саралап көрейік.

Бұл байрақты бәсекеге жаңақорғандық Нұрлыбек Алдабергенов пен Арайлым Қанзада жолдама алып қойды. Белбеу күресінен талай сында жүлделі оралып жүрген қос спортшы да шыңнан көрінуге ниетті. Сондықтан, спортшылармен тілдесіп, олардың дайындығын сұрадық.
Нұрлыбекке келетін болсақ, оның шыққан шыңы бір төбе. Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азия және Әлем біріншілігінің жүлдегері, Әлем кубогының күміс жүлдегері. Бала кезінен кәсіби спортшы болуды армандаған балуан әкесі Әбдісаттар Садықовтың қол астында жаттығып, жастайынан жарыстарда олжа жинай бастайды. Әсіресе, жастар арасында жарқылдай өнер көрсетіп, алтын мен күміс медалін қатар алып, ауданның абыройын асырады. Ересектерге ауысқалы қос күресті қатар алып, ел біріншіліктерінде еңсемізді тіктеді. Белбеу күресінен бөлек, қазақ күресінен жақсы нәтижеге қол жеткізді. Тіпті, халықаралық байрақты бәсекелерде көк туымызды көкте желбірете алды.
– Дайындық өте керемет. Бап шаба ма, бақ шаба ма? Оны уақыт еншісіне қалдырайық. Дегенмен, бұйыртса жүлдемен ораламын, маған сенім білдіріп, қолдау көрсетіп жатқан ағайыма, жанкүйерлеріме алғыс айтамын. Тағы бір белесті бағындыратын сәт келді, – деді жерлес балуан.
Иә, сәтін салса Азия ойындарынан жаңақорғандық балуан жүлдемен оралар. Өйткені, ол қандай да дода болмасын жүлдесіз оралған емес.
Ал, Арайлым Қанзадаға келетін болсақ, небәрі 19 жастағы бұрымды қыздың да бағындырған белесі биік. Ел чемпионы, былтыр жастар арасында өткен Әлем біріншілігінде қоламен қуантты. Сондықтан, сары құрылық бәсекесінде жерлес
балуаннан толағай табыс күтеміз. «Ат тұяғын тай басар» демекші, Мереке Құдайбергенова мен Меруерт Әбубәкірдің ізінен еріп келе жатқан Арайлымнан қызылордалықтар жүлде күтеді.

Айта кетейік, 2014 жылы Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII Азия ойындарында ауыр атлетикадан Алмас Өтешов күміс жүлдені иеленсе, гандболдан қыздар Қазақстан құрама сапында өнер көрсетіп, қола жүлдені иеленген болатын. Енді алты спорт түрінен аламанға түсетін Сыр спортшылары одан да асуды аларына сенімдіміз.
Азия ойындары 1951  жылдан бері әр төрт жылда Азия мемлекеттері арасында өткізіліп келеді. Джакартада өтетін Азия ойындарында 462 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.  Қазақстаннан 419 спортшы спорттың  38 түрінен  жарыс жолына шығады. 
Қорыта айтқанда, біз жерлес қос спортшыға рухани демеу беріп, жарыс алдында жігерлендіріп қоюды жөн көрдік. Қазақта «болар баланың бетінен қақпа, белін бу» деген нақыл бар. Сондықтан, жастардың жолына сеніммен қарап, қандай жағдай болмасын қолдау көрсете білейік. Бұл біздің азаматтық борыш.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
24 шілде 2018 ж. 888 0