2009-2019: ЕРКІН КҮРЕСТЕН НЕ ҰТТЫҚ?
2008 жылы Бейжің Олимпиадасында өнер көрсеткен Жасұлан Мұхтарбекұлы көп өтпей-ақ, үлкен спорттан кетті. Қазір жаттықтырушылық қызметте жүр. Енді сол 2009 жылдан бүгінгі күнге дейін, яғни 10 жылда Жаңақорғанда еркін күрестен кімдер абыройымызды асқақтатып жүр. Біз бүгін соны зерделеп көрген болатынбыз.
1. Дәулет Ниязбеков – Лондон Олимпиадасының қатысушысы, Азияның – 4, Қазақстанның – 7 дүркін чемпионы. Әлем чемпионатының қола жүлдегері деген атағы тағы бір. Биыл бұйыртса Елорда төрінде өтетін Әлем біріншілігінде ел намысын қорғайтын болады.
2. Ғалымжан Өсербаев. Рио Олимпиадасының қатысушысы, Азияның бірнеше, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы. Әскерилер арасында өткен байрақты бәсекеде топ жарды. Бір сөзбен айтқанда Ғалымжаннан да биыл әлемдік додада алтын күтіп қаламыз.
3. Азамат Шағапұлы. Әскерилер арасында өткен Олимпиада ойындарының жүлдегері, жасөспірімдер арасында өткен ел және Азия чемпионы. Азаматтан да Сыр елі ғана емес, барша қазақ елі толағай табыс күтеді.
4. Қанат Мұсабеков. Ол кеше Шымкентте өткен Қазақстан Республикасының V спартакиадасында қоламен қуантты. Ол да бүгінгі күнге дейін халықаралық және ел біріншіліктерінде жүлде тұғырынан жиі төбе көрсетті. Бабы келсе, ол да ағалар жолын жалғастыруға ниетті.
5. Нұржан Өмірбеков те Сыр атынан талай сында бақ сынап жүрген саңлақ. Олда бәсі биік додаларда жүлделі оралды.
6. Жандос Кәрібай. Ересектерге көшкелі жолы болмай жүрген Жандостан біз әлі талай биікті күтеміз. Себебі, ол аға буынға қарағанда әлі жас балуан. Ол жасөспірім және жастар арасында үмітімізді ақтаған еді...
7. Әбдіманап Байгенжеев. Неге біз оны соңынан қалдырдық. Себебі, ол қазір Павлодар атынан сынға түсіп жүр. Дегенмен, Әбдіманап Жаңақорғанның тумасы, біздің оғлан. Оның да шығар шыңы әлі алда. Жақында өткен ел біріншілігінде күміспен қуантқан болатын.
Міне, 10 жылда біз осындай белесті еңсердік. Әзірге Сыр елінің мақтаныштары осылар. Десе де, біз олардан Әлем және Олимпиаданың алтындарын күтеміз. Қалғаны уақыт еншісінде...