Жолдау-2026: Инфрақұрылымды жаңғыртуға 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражат ел бойынша әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуға бағытталады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.
«Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің ішкі жалпы өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды. Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз. Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамып жатыр. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты. Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады», деді Президент.


