Үш дүркін чемпиондар

Жыл сайын мектеп мұғалімдері арасында шағын футболдан облыстық жарыстың жалауы желбірейді. Алдымен аудандық кезеңнің үздіктерін анықтайтын ойындар жүйеленеді. Өткен аптада аудандағы 16 мектеп облыстық кезеңге барар жолдаманы сарапқа салды.
Екі жыл қатарынан чемпион атанған №169 Н.Ильялетдинов атындағы мектеп ұстаздары биылғы жылы да ешкімді місе тұтпады. Ақтық сында №163 мектеп мұғалімдерімен ойнап, айқын басымдықпен жеңді. Осылай үш дүркін чемпион атанып, қалада болатын жарысқа жолдаманы жеңіп алды.
Жарыс жоғары деңгейде өткенін көрдік, тек дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері емес, барлық пән ұстаздары спортқа жақын екендерін дәлелдеді. Бұл сында «Үздік қақпашы» номинациясы №169 мектеп ойыншысы Асылжан Көгенбаевға бұйырды.
Айта кететіні, былтыр облыстық жарыста осы мектептің педагогтары жеңімпаз атанып, кубокты төбелеріне көтерген еді. Енді сол чемпиондықты қорғауға қайта баруға мүмкіндік алды. Жарыс ережесінде командада 40 жастан асқан ардагер ойыншы болуы керек. Ал, бұл ұжымның басым көбі аға буын өкілдері. Мәселе жас та емес, тәжірибеде. Ғалым Рүстемов бастаған ұстаздарға сәттілік тілейміз. Ең бастысы, командада ауызбіршілік пен түсіністік бар.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ




