№30 (8844) 26

26 сәуір 2025 ж.

№29 (8843) 22

22 сәуір 2025 ж.

№28 (8842) 19

19 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Тараз: ардагерлер тұғыр төрінде

Тараз: ардагерлер тұғыр төрінде


Ардагерлер арасындағы дәстүрлі доп додасы биыл Тараз қаласында жалғасты. 35 жастан жоғары және 40, 50, 60 жастан асқан ардагер аяқдопшылар арасында өткен ел чемпионаты биыл Сыр елі үшін сүйінші жаңалықпен түйінделді. 60 жастан асқан аға буын үздіктер қатарынан көрініп, ақтық сында киелі Тараз шаһарында өнер көрсетті. Бұл жолы жүлдесіз қалса, 40 жастан асқан футболшылар чемпион атанып қайтты. Жаңақорғаннан барған біздің аға буын өкілдері елдің әр облысынан келген мықтылармен айқасып, нәтижесінде тұңғыш рет елдің чемпионы атанды.


Былтыр да біздің жігіттер жарыс алаңынан табылып, қоланы қанағат тұтып еді. Сол кеткен есені қайтарып, Тараз төрінен олжалы оралды. Бұл жолғы жүлде алтын болды, бұл тек аудан спорт сүйер қауымының ғана емес, дүйім аймақ жұртының жеңісі. Төрт күнге созылған доп додасында біздің жігіттер екі айналым жүйесі бойынша өнер көрсетіп, барлық қарсыластарынан оқ бойы озық болды. 6 ойында қарсылас қақпасын 50 рет дәл көздеп, толассыз голл жаудырған біздің футболшылар үздік команда атанды. Тіпті жергілікті «Әулиеата» командасы да қарсылық таныта алмай, екі ойында да жеңіліс тапты.
– Былтыр кеткен есені биыл қайтардық, жігіттер жарады. Барлық кездесуде барымызды салдық, өйткені, өлкеге алтынсыз қайтпаймыз деп уәде берген едік. Шүкір, мақсатымыз орындалды, бұйырса, келер жылы чемпиондықты қорғап қалуға тырысамыз. Ойыншылар мен демеушілік білдірген азаматтарға алғыс айтамыз. Біздің жолды жастарға берсін, тілеулеспіз, Алла сәтін салса, өскелең жастар аудан абыройын асқақтатар деген сенімдеміз, – деді команда жетекшісі Оразәлі Тасболатов.
Иә, Орекең бастаған аға буынның бұл баспалдағы көңіл қуантады, бұған дейін талай турнирлерде топ жарып, ешкімге дес бермей келе жатқан еді. Мәселен, жыл басында Қызылорда қаласында Бердіхан Лесханұлын еске алуға арналған шағын футболдан ардагерлер арасында (45+) өткен облыстық турнирде аудан аяқдопшылар тұғырдың ең биігінен көрінген болатын. Сыр өңірінің әр ауданынан және облыс орталығынан құралған командалар арасында өткен дәстүрлі турнирге тек 45 жастан асқан аға буын өкілдері қатысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде жаңақорғандықтар жеңімпаз атанып, ел біріншілігіне жолдаманы жеңіп алды.
Жалпы бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болса, оның ішінде осы спорт түрі соңғы бес жылдың ішінде өте қатты дамыды. Облысты айтпағанда, аудандарда қысқы және жазғы лигалармен қоса бір жылда бірнеше турнирдің жалауы желбіреді. Нәтижесінде жас буыннан кәсіби ойыншылар қалыптасып, бүгінде олар елдің әр өңірінің клубтарында өнер көрсетіп жүр.
Шыны керек, футбол әлемдегі нөмірі бірінші спорт, сондықтан жастардың жартысы осы спортқа қызығушылық танытады. Жаңақорғанның өзінде әуесқой жарыстарда кем дегенде 30-ға жуық команда бар, мұның өзі үлкен жетістік. Кешегі Тұрсынхан Мұсаевтың төл шәкірттері бастаған ардагерлер былтыр республикалық турнирлерде талайды тамсандырған болатын. Тұрсынхай ағайымызбен сұхбатта: «Жыңғылдың арасынан шыққан балалар қалай чемпион атанды?» деп аймақ спортшылары аң-таң болған екен. Міне, сол жастар кеше Тараздың төрінде ауданның атын шығарды. Бұл аға буын бұған дейін де турнирлерде төбе көрсетіп, өздерін дәлелдеп жүрген болатын. 35 жастан асқандар арасында да бұл команданың жеңісін талай көрдік.
Кешегі ел чемпионатында жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген біздің спортшылар үздіктер қатарынан көрінді. Әсіресе, көптің көңілі Ерлан Әптаевқа ауды, ардагерлер лигасының жарық жұлдызы болған ол бұл чемпионатта да мықтылығын мойындатып, «Үздік сұрмерген» жүлдесін жеңіп алды. бүгінде 47 жасқа келсе де жастармен жағаласып доп теуіп жүрген оған Сыр спорты басшылығы арнайы алғысын да жеткізді. Сондай-ақ, жарыс бойы үш голды енщісіне жазып, қақпасы кірпік қақпай күзеткен біздің қақпашымыз Ахмет Алайдаров «Үздік қақпашы» номинациясының иегері атанды.
Міне, біздің аяқдопшы аға буын өкілдерінің тағы бір биігі. Бірер жылдан кейін 50 жастан асқандар арасында да атой салса нұр үстіне нұр.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
08 сәуір 2025 ж. 325 0