№42 (8856) 10

10 маусым 2025 ж.

№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Екі дүркін чемпиондар

Екі дүркін чемпиондар


Күллі қазақ көрермендерінің сүйікті спорт комментаторы Амангелді Сейітханов тікелей хабарды осылай түйіндейтін. Иә, көгілдір экранның арғы жағындағы әлеуметке жігер беріп, тек жеңісті күндерге үміт жалғайтын Алаштың ардақты ұлы, талантты журналист, жорға ақын Амангелді Мәлітханұлы тірі болғанда биыл 56 жасқа толар еді. Өмірден ерте озған спорт сайыпқыраны осыдан төрт жыл бұрын кенеттен мәңгілік мекеніне аттанып, барша қалам иелерінің қабырғасын қайыстырып кетті. Жыл сайын әріптес аға атында шағын футболдан турнир өткізіліп келеді. Биыл да республикалық турнир жалғасын тапты.


Алматыда «Хабар» агенттігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген доп додасында елдің әр өңірінен келген журналистер қауымы бақ сынасты. Дәстүрлі турнирге Сыр елінің үмітін арқалап «Ақмешіт» командасы да аттанды. Екі жыл бұрын чемпион атанып, былтыр сол чемпиондықты қорғап қала алмаған қызылордалықтар биыл қалқан құлақ кубокты қайта аймақ төріне арқалап қайтты...
Спорттағы жеңісті күндердің эфирдегі жаршысы болған Амангелді Сейітханов атындағы турнир жалауын желбіреткендер шаршы алаңда «Алаштың Амангелдісі» аталатын әнді шырқады. Ән дәстүрлі турнирдің бейресми әнұранына айналғандай. Қатысушылар Амангелді Сейтхановты бір минут үнсіздікпен еске алды. Марқұмның ағалары, әріптес достары мен ізбасарлары Амангелді Сейтхановтың тапқыр, ұранға айналған ұшқыр теңеулерін тірілтіп, жылы естеліктерімен бөлісті. «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев:
– Амангелді ағамыз Хабар агенттігімен бірге талай белесті бағындырды. Оған біздер ғана емес, жалпы көрермен куә. Қазақ спорт журналистикасының комментаторлық бағытында айрықша із қалдырған азамат. Сондықтан өзіміздің құрметімізді білдіріп, атын өшірмей осы турнирді 4 жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Бұл дода әлі де жалғасын табады, – деп ізгі тілегін білдірді.

Амангелді Сейітхан «Хабар» арнасында 20 жылдан астам уақыт еңбек етті. Бес олимпиада ойындарынан хабар таратты. 1998 жылы футболдан әлем чемпионатын тұңғыш рет қазақ тілінде жүргізді. Спортшыларымызды эфирде тапқырлығымен қайрап, жеңіс тұғырынан көрінуін жан тәнімен қалады. Өзі де ала допты жанындай жақсы көрді. Команда құрып, футбол ойнады. Ұзақ жылдар «Хабар» арнасында қызмет еткен әріптесіміз, спорт жаңалықтарының шолушысы, комментатор ретінде бес олимпиада ойындарына қатысып, хабар таратты. Тұңғыш рет футболдан әлем чемпионатынан қазақ тілінде тікелей эфир жүргізіп, спорт журналистикасының дамуына зор үлес қосты. Спорт саласының ардагерлері, әріптес аға буын, жалпы иісі қазақтың спорт және журналистика саласына жақын азаматтарының барлығына ыстық ықыластарын білдірді.
– Ағаларыма ризамын, марқұмның есімін жоқтатпай, осындай арда туған азаматтарды бағалап, қазіргі өскелең жас ұрпаққа насихаттауда керемет бағдар бұл меніңше. Соған қатты ризамын. Рақмет сіздерге! Жеңісті күндеріміз көп болсын! – деп ұлы Бекасыл да аға буынға алғысын айтты.
Амангелді Мәулітханұлының екінші отбасындай болған ұжымы «Хабар» Агенттігінің» ұйымдастыруымен өткен турнирге Талдықорғаннан «Қаракет» командасы, Қызылорданың «Ақмешіті», Тараздан «Тараз пресс», Астанадан «Қазмедиа» командалары мен «Хабар агенттігінің» ала доп шеберлері, Атырау, Шымкент пен Түркістан және биыл алғаш рет «Абай» командалары қатысты.
– Амангелді енді өзі жоқ болғанымен мына ісі жалғасып жатыр. Баяғыда бір жарысқа барамын деді, Мақал-мәтел жарысы болды. Амангелді енді сен мақалдың бәрін білесің ба десем, білмесем ойдан шығара саламын ғой, ондай қасиетім бар дейді. Ұлы сөзі бар ғой «жеңісті күнде жүздескенше» деген. Ұран болып кетті, – деп досы Бақытбек Сембаев сағынышпен еске алды.
Дәстүрлі турнир биыл бірінші рет чемпиондар лигасының форматында өтті. Әлемдік үрдіске сай әр команда үш ойыннан өткізіп, жоғары ұпай жинағаны жүлдеге таласты. Алаңда кірме ойыншы жоқ. Есей Жеңісұлы, Дәурен Берікқажыұлы, Есболат Айдабосын, Аман Тасыған, Айбек Қабылша, Ақын Ордабай сияқты қаламымен танылған журналистер Аман ағаның кубогын иеленуге барын салды.
Жарыс қорытындысы бойынша «Ақмешіт» құрама командасы топ жарды.
– Бұрын Сейдахмет Бердіқұловтың турнирін күтетінбіз, енді көктем шыққанда футбол маусымы осы Амангелді ағамыздың турнирімен басталып жатыр. Жұрт көктемді күтсе біз осы турнирді күтеміз. Ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде, былтыр чемпиондықты қорғап қала алмасақ та, биыл оны қайтарып алдық. Қолдау білдерген жандарға, демеушілерге алғыс айтамыз, – деді команда капитаны Әділбек Жақанов.
Екінші және үшінші жүлделі орындарды «Тараз» құрама командасы мен «Қазмедиа» футболшы әріптестеріміз иеленді. Міне, қоғамдағы тілшілер қауымына деген құрметтің көрінісі Амангелді ағаның турнирінен көрін¬ді. Мәселе құрметте ғана емес, журналистердің мәртебесін көтеру, олардың билік пен халық арасындағы алтын көпір тіршілігіне тіреу болу. Сыр журналистері, жеңісті күндерде жүзедесе берейік!

Әли ТЕМІРБЕК

13 мамыр 2025 ж. 462 0