Қаламгерлер жеңісі
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елорда төрінде БАҚ өкілдері арасында спорт журналистикасының атасы С.Бердіқұлов атындағы шағын футболдан республикалық турнирдің жалауы желбіреді. 1994 жылдан бастау алған бұл ала доп аламанының қазақ тілшілері үшін бәсі жоғары, шоқтығы биік. Сол дәстүрлі доп додасы қаламгерлердің футбол тойына айналып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып келеді. Биыл 27-ші мәрте ұйымдастырылған аламанда Сыр өңірінің БАҚ өкілдерінен құралған «Ақмешіт» командасы да сынға түсті.
Жалпы құраманың тізгінін елге танымал журналист, әрі Сыр футболының жанашыры Әділбек Жақанов ұстап, бастап барды. Осымен қаншама жыл өңір командасының капитандығын ұстаған Әділбектің жігіттерінде бұл турнирдің алтыны мен қоласы, одан бөлек қаншама бас жүлдесі бар. Құрама сапында телеарна тілшілерімен қатарласа «Сыр Медиа» ұжымы тілшілерінің атынан мен де сынға түсіп, аймақ абыройын қорғап қайттық.
Сонымен Астанадағы жарысқа үлкен үмітпен бардық. BAQ лиганың жетекшісі турнирді ұйымдастырушы Азиз Жұмаділ биылғы турнирдің ережесін 30 жастан асқандар етіп бекіткен. Оның бір жақсысы осы кезге дейін жастардың тасасында қалып келген қаламгерлердің алаңда көсіліп доп тебуіне мүмкіндік берді. Барымызды салып, топтық кезеңде қарсылас шақ келтірген жоқпыз. Төрт ойында төрт жеңіс. Жартылай финалда оңтүстіктегі көршіміз Шымкенттен келген әріптестермен жолымыз түйісті. Бітіспес қарсыласымыз саналған ұжым ның нүктесін қойдық. Есеп 11:4.
Ал, ақтық сында азулы «Хабар» арнасымен бас жүлдеге таластық. Бастапқы 10 минут басымдық бізде болды. Бірақ, бір күнде қатарынан 5 ойын ойнаған жігіттердің күші сарқылып, әуесқой футболшылар арасында бәсі биік Хабар құрамасына есе жібердік. Сөйтіп, қоржын күміспен толықты. Айтпақшы, ұйымдастырушылар турнирдің «Үздік ойыншысы» номинациясына капитанымыз Әділбек Жақановты лайық деп тапса, төл газетіміздің бұрынғы редакторы, қазіргі «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Нұрлат Байгенже жарыстың «Үздік қорғаушысы» болды.
Турнир соңында Аршат Ораз ағамыз бен Азиз әріптесіміз «Квиз» ұйымдастырып, футбол тақырыбында ой тапқырлығынан сайыстық. Ол да өте қызық болды. Осылайша Сыр қаламгерлері жылды күміс жүлдемен қорытындылап, жақсы көңіл-күймен елге оралдық. Жерлестерге жеңісті күндер әлі алда деп айтқымыз келеді. Мүмкіндік болса, енді әуесқойлар арасында оза шабуды көздеп отырмыз.
Жалпы құраманың тізгінін елге танымал журналист, әрі Сыр футболының жанашыры Әділбек Жақанов ұстап, бастап барды. Осымен қаншама жыл өңір командасының капитандығын ұстаған Әділбектің жігіттерінде бұл турнирдің алтыны мен қоласы, одан бөлек қаншама бас жүлдесі бар. Құрама сапында телеарна тілшілерімен қатарласа «Сыр Медиа» ұжымы тілшілерінің атынан мен де сынға түсіп, аймақ абыройын қорғап қайттық.
Әли ТЕМІРБЕК