№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақмешіт алтын тұғырда

Ақмешіт алтын тұғырда

Ел егемендігін алған жылдан бастап қазақ спортының биігін бекемдеп, жетістігін жаһанға жария етіп, қай спорттың болмасын өрлеуіне өзіндік үлес қосқан белгілі журналист, спорт жанашыры Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған доп додасы жалғасын тапты. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық аладоп бәсекесін өткізуді “Хабар” агенттігі мойнына алыпты. Тартысқа толы шағын футбол турнирінде Сыр елінің тілшілері тұғыр биігінен көрініп, Ақмешіт төріне алтын алып келді.

Биылғы турнирде 16 команда бақ сынап, жүлделерді сарапқа салды. Астана, Алматы, Талдықорған, Түркістан, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда және Атыраудан келген журналистер екі күн бойы Алатау төрінде аймақ үшін аянып қалмады. Турнирдің ашылу салтанатында Амангелді ағамыздың ұстазы мен бірқатар спорт саласының саңлақтары келіп, ізгі тілегін білдірді. Арнайы Қанат Ислам да келіп, құрмет білдірді. Сондай-ақ, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли мен Ержан Байтілес ағамыз және өзге де журналистика саласының майталмандары турнирді салтанатты түрде ашып берді.

Сонымен көптен күткен жарыс та басталды. Командалар төрт топқа бөлініп, екі алаңда өнер көрсетті. Біздің Ақмешіт «А» тобына түсіп, Шымкент, «Алаш Медиа» және «Қазмедиамен» бақ сынасты. Алдымен Шымқаладан келген ұжыммен жасыл алаңға бет алдық. Алғашқы ойын оңайға соқпады, қорытынды есеп 1:0. Жеңіс біздің пайдамызда. Екінші ойын алаштық жігіттермен өрбіді. Алаңға әбден үйреніп алдық та, қарсыласты барынша қыспаққа алдық. Капитанымыз Әділбек Жақанов покер жасап, алаң иелері жарысты осы жерден түйіндеді. Бұл жолы есеп 5:0 болды. Тек топтағы соңғы ойын сәл ауырлау болды. Елордадан келген «Қазмедиа» жігіттері біздің ұрымтал тұсымызды пайдаланып, жеңіп кетті.

Ширек финалда былтырғы жылдың чемпиондары, яғни Амангелді Сейітхан турнирінің алғашқы жеңімпаздары талдықорғандық «Қарекетпен» жолықтық. Ойын үстемдігі бізде болғанымен соңғы ысқырық шалынғанша есеп ашылады. Тек ойын соңындағы пенальтиде жеңіп шықтық. Жартылай сында «Спорт журналистерімен» кездесіп, тағы да есеп ашылмады. Бұл жолғы пенальти сериясы ұзаққа созылды. Соңғы екі допты алып шығып, команда ақтық сынға жолдама алды. Бұл да бір тарих болды. Ал, финалда бізді баяғы қарсылас «Қазмедиа» күтіп тұрды. Ойын басталысымен қақпаны торуылдаған елордалық ұжым гол сала алмады. Екінші таимда біздің жігіттер айып соққысын әдемі ұйымдастырып, есепті ашты. Жанкүйерлердің барлығы бізді қолдап отырғанын көріп, іштей шабыттандық. Тіпті комментатор Ермұхамед Мәулен де әдемі сөздерімен жігерді қамшылап отырды.

Ойын аяқталуына санаулы секундтар қалғанда қарсылас есепті теңестіріп кетті. Тағы 7 метрлік айып добы, бұл жолы жігіттердің аяғы жаңылған жоқ, қақпашы ретінде соққыларды қайтаруға жан салдық. Осылай республикалық турнирде топ жардық, бәсі биік футбол тойында тұғыр биігінен көріндік.

– Турнирдің өтуіне қолдау көрсетіп, ойыншыларға академияның жасыл алаңын тегін берген Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Хайроллаұлына алғыс білдіреміз! Бұл турнирді жылда дәстүрге айналдырып, бұдан да кең көлемде өткізуге тырысамыз. Ең бастысы, қазақ журналистерінің арасындағы достық, шығармашылық байланысты осылай арттыруды көздеп, жылына кем дегенде 5-6 доп додасы өтіп тұрады. Бұл да өскелең жастарға үлгі боларлықтай. Иә, биыл шынында қызылордалық Ақмешіт командасы үздік болды. Құттықтаймыз, – деп Берік Уәли жылы лебізін білдірді.

Алашқа аты мәшхүр болған Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған республикалық турнирдің қола жүлдесі «Атырау Ақпарат» командасына бұйырды. Жекелеген номинациялар бойынша үздіктер марапатталып, естелік сыйлық пен қаржылай сый алды. Жалпы турнирдің үздік ойыншысы «Ақмешіт-Қызылорда» капитаны Әділбек Жақанов деп танылды. Жеңісті күндерде жүздескенше..!

Әлібек Жарықбаев

16 мамыр 2023 ж. 424 0