Чемпион Қажымұқан

Ақтау қаласында дзюдодан 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Адек Жанашевті еске алуға арналған халықаралық турнир тәмамдалды. Елдің түкпір-түкпірінен және көршілес елдерден келген жас балуандар сынға түсіп, жүлде жолында барын салды. Дәстүрлі балуандар турнирінде жаңақорғандық жас дзюдошы Қажымұқан Байзақ та бақ сынап, 81 келіде чемпион атанды.
Жалпы дзюдо спорты біздің ауданда енді еңсе көтеріп, жас балуандар өсіп келеді. соңғы бес жылдың ішінде толайым табыстарға жетіп, ел біріншіліктерінде тұғырдан түспей келеміз. Мұның барлығы бапкерлер мен спортшылардың ерен еңбегінің жемісі. Талғат Алайдар Дархан Темірханұлы баптайтын дзюдошылардың нәтижелері көңіл қуантады. Бір ғана Қажымұқанның өзі былтыр ел чемпионы атанды. Биыл да, болашақта да бұл балуаннан күтеріміз көп.
Шыны керек, дзюдо спорты әлемдегі бәсі биік спорттың бірегейі. Олимпиадалық түрге енетін бұл спорттың көрермендері мен қолдаушылары өте көп. Сондықтан бұл күреске біздің жастар ерекше ден қойып келеді. Алған бетінен таймаса Қажымұқаннан үміт көп.
– Арманым үлкен спортта әлем чемпионы болу ғана емес, Олимпиадада ел байрағын көкке көтеру. Бұйырса ағайлармен жұмыс жасап жатырмыз, алда жоспарымыз көп, – дейді жас чемпион.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ