№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАСТАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА

ЖАСТАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА

Қостанай қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында қос жаңақорғандық зілтемірші қоламен қуантты. Берік Өтешов пен Аңсат Тұрсыматов баптайтын балғын саңлақтар былтыр да олжалы оралған болатын.


2018 жылғы ел біріншілігі Қостанайда өтіп, Қайсар Пернебек күмісті сыйлаған еді. 34 келіде алтынға бір табан жетпей қалған Қайсар бұл жолы 37 келіде үшінші орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ, 45 келіде өнер көрсеткен Аянат Жұмағали да қоланы мойынға тақты.
– Әрине, жарысқа тыңғылықты дайындықпен бардым. Бапкерлердің айтқанын орындап шықтым деп ойлаймын, тек сәттілік жетіспей қалды. Келесі жолы алтынмен қуантатын боламын, – деді бұрымды зілтемірші.
Аянат осыған дейін облыста бірнеше рет чемпион атанып үлгеріпті. Жаны нәзік болса да, оны ата-анасы осы спортқа беріпті. Бұл жас спортшының таңдауы екен. Міне, жасөспірім қыздың бағындырған белесі аз емес.
– Жалпы, чемпионатқа төрт спортшы апарған болатынбыз. Алайда, Аянат пен Қайсар ғана жеңіс тұғырынан көрінді. Ол екеуінің болашағынан зор үміт күтеміз. Екі-үш жылдың ішінде жеткен жетістіктері аз емес, сондықтан, келешекте байрақты бәсекелерде де ел намысын қорғап жатса аудан үшін абырой, – дейді бапкері Берік.
Спорт жанашыры Анарбек Омаров пен Ғалымжан Бердиевті еске алуға арналған еркін күрестен 2005-2006 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасындағы республикалық турнир жалғасын тапты. Денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде өткен балғын балуандар тартысына елдің түкпір-түкпірінен 150-ден аса спортшы келді.
Иә, алты салмақта бозкілемге шық­қан балуандар арасынан жаңа­қорғандықтарға үш алтын, бір қола бұйырды. 48 келіде өнер көрсеткен Наурызбай Нұралыұлы алғашқы алтынды қоржынға салды. Сол секілді Сүндетхан Әмзеев (68 келі), Сардар Абдисамитұлы (75 келіде жоғары) да алтын тұғырдан көрінді. Ал, Нұрғали Ернұр қолаға қол созды.
– Жалпы, жарыстың деңгейі жыл сайын кеңейіп келеді. Турнирдің мақ­саты жас спорт жанашырларын еске ала отырып, жас балуандардың спорттық әлеуетін шыңдау болатын. Өйткені, жарыс жастарды өсіреді. Келешекте осы балуандар байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғайтын болады, – деді аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов.
Әзербайжан мемлекетінің астанасы Баку қаласынан атымтай хабар жетті. Парадзюдодан өткен лицензиялық гран-при турнирінде Олжас Оразалыұлы қоламен қуантты.
Иә, былтыр парадзюдодан Әлем чемпионатында алтын тұғырдан көрін­ген Олжасқа бұл жолы қола бұйырды. 60 келі салмақта сынға түскен жаңақорғандық балуан жартылай сында жолы болмай, қолаға қол созды.
– Шыны керек, бұл турнирде жан­күйерлер мен бапкерлер менен алтын күткені рас. Бір қадам қалғанда жеңісті уыстан шығарып алдым. Енді осы кеткен қателігімді түзеп, Жапонияда өтетін параолимпиада да қазақ елін алтынмен қуантатын боламын, – деді чемпион.
Сондай-ақ, жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Пара пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының чемпио­натында Фариза Төлжан күмісті еншілеп, Сыр елінің мерейін асырды.
Еркебұлан Зайдашовтың төл шәкір­ті Фариза Қалбайқызының бұл алғашқы баспалдағы сәтті өрбіді. Енді жанкүйерлері одан бұдан да биіктікті күтеді. Оған Фаризаның әлеуеті жетеді, – дейді бапкері.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.

22 мамыр 2019 ж. 1 050 0