» » Біздің чемпиондар

Біздің чемпиондар


Қызылорда қаласында Бердіхан Лесханұлын еске алуға арналған шағын футболдан ардагерлер арасында (45+) өткен облыстық турнирде аудан аяқдопшылары тұғырдың ең биігінен көрінді. Сыр өңірінің әр ауданынан және облыс орталығынан құралған командалар арасында өткен дәстүрлі турнирге тек 45 жастан асқан аға буын өкілдері қатысып, өзара мықтыны анықтады.


Жалпы бұқаралық спортты дамыту мем­лекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болса, оның ішінде осы спорт түрі соңғы бес жылдың ішінде өте қатты дамыды. Облысты айтпағанда, аудандарда қысқы және жазғы лигалар мен қоса бір жылда бірнеше турнирлердің жалауы желбірейді. Нәтижесінде жас буыннан кәсіби ойыншылар қалыптасып, бүгінде олар елдің әр өңірінің клубтарында өнер көрсетіп жүр. Шыны керек, футбол бұл әлемдегі нөмер бірінші спорт, сондықтан жастардың жартысы осы спортқа аса қызығушылық танытады. Жаңақорғанның өзінде әуесқой жарыстарда кем дегенде 30-ға жуық команда бар, мұның өзі үлкен жетістік.
Кешегі Тұрсынхан Мұсаев ағайдың төл шәкірттері бастаған ардагерлер былтыр республикалық турнирлерде талайды там­сандырған болатын. Тұрсынхай ағаймен сұхбатта: «Жыңғылдың арасынан шыққан балалар қалай чемпион атанды» деп аймақ спортшылары аң-таң болған екен. Міне, сол жастар кешегі Тараз төрінде ауданның атын шығарды. Бұл аға буын бұған дейін де турнирлерде төбе көрсетіп, өздерін дәлелдеп жүрген болатын. 35 жастан ас­қандар арасында да бұл команданың жеңісін талай көрдік. Тараз қаласында өткен ел чемпионатында Жаңақорған жігіттері қоламен қуантқан болатын. Жартылай сында жарыс фавориттерінен ғана есе жіберген біздің футболшылар қоланы оңай олжалып алғаны бар. Жарысқа кіл мықтылар келгенін көрдік. Жақында ғана кәсіби мансабын аяқтаған ардагер ойыншыларды байқадық. Мәселен, Дінмұхамед Сүлейменов, Серік Жаманқұлов секілді сақа ойыншылар бір команданы алға сүйрей алды. Міне, осындай мықты ойыншылармен иық тірестіре жүріп, біздің аға буын олжамен оралды
Облыста өткен біріншілікте аймақ арда­герлері арасында қарсылас шақ келтірмеді. Одан бөлек шағын турнирлерде тұғырдан тайған емес. Сонымен Бердіхан Исматуллаевты еске алуға арналғантурнирде жаңақорғандық ардагерлер топтық сыннан сүріней өтіп, жартылай финалда Дилмаш командасынан басым түсті. Есеп 5:1. Ал, ақтық бәсеке­де Отбасы банк командасымен кездесіп, 2:1 есебімен қапы қалдырып, алтын жүлдені ауданға алып келді. 40-тан асқан аға буынның 40 минуттан аса алаңда тоқтаусыз доп тепкені жастарға үлкен мотивация десек те болады. Міне, Жаңақорған футболының көшін алға сүйреп жүрген ардагерлер көшінде Ерлік Тұртанов, Оразалы Тасболатов, Ерлан Әптаев, Ғалымжан Рүстемов және өзге де ойыншылар бар. Әрбірінің төккен тері бір төбе.
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Барлық командалар жақсы дайындықпен келген. Біз барымызды салдық, жеңіс еншімізде. Енді биыл ел чемпионатына барып, кеткен есені қайтарып, алтын алуға тырысамыз. Жанкүйер болып, демеу болған азаматтарға алғыс айтамыз. Жаңақорған футболының болашағы зор, әлі де қолға алу керекпіз. Жастардан күтер үмітіміз көп. Соларға үлгі болып, ауданның абыройын асыру үшін жігіттер барын салды, – деді команда капитаны, әрі жетекшісі Оразалы ағамыз.

Әли ТЕМІРБЕК

18 қаңтар 2025 ж. 483 0