Аянат әлем чемпионы
Оңтүстік Америка құрылығынан Қазақстанға сүйінші жаңалық жетті. Перу елінің астанасы Лима қаласында жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатында қазақ зілтеміршілері қос алтынды қанжығаға байлап, абыройымызды асырды. Соның бірі жаңақорғандық жас спортшы Аянат Жұмағали алтын тұғырдан көрініп, Сыр елінің мерейін үстем етті.
Аянат бұған дейін елдің бірнеше дүркін чемпионы атанып үлгерді. Сары құрылық бәсекесінде де алтыннан алқа тағынып, қазақ ауыр атлетика спортының болашағын бағдарлап берген болатын. 76 келіде сынға түскен Аянат фавориттер қатарында болғанымен оны басқа ел өкілдері мойындағысы келмеді. Дегенмен ол негізгі қарсыластарынан оқ бойы озып, көк туды көкте желбіретті. Алдымен серпе көтеруден 97 келіні бағындырса, жұлқа көтеруден 125 келіні басынан асырды. Қос сайыс бойынша 222 келіні еңсерген жерлесіміз фин және үндіс елінің аруларын әлдеқайда артта қалдырды. Бұл жас қыздың үлкен спорттағы тағы бір биігі. Алдымызда жастар мен ересектер баспалдағы күтіп тұр. Елдегі спорт сарапшылары Аянатты келесі олимпидаға үміттілер қатарына қосып қойыпты. Құдай қаласа, ол күннің де ауылы алыс емес.
– Дайындығымыз өте жақсы болды, қарсыластарынан 11 келі артық көтергенімен Аянаттың шамасы бұдан да жоғары еді. Бұйырса, алдымызда ересектер бәсекесі күтіп тұр. Бірер жылда осы тұғырды қайта бағындыруға келетін боламыз. Ең бастысы, шәкіртімнің деңгейін білдім. Алла жазса, әлі талай жаһан жұрты алдында әнұранымызды шырқататын болады, – деді бапкері Берік Өтешов.
Жалпы, Аянат Жаңақорғанның тумасы, қарапайым отбасында дүниеге келген. Кенттегі №169 Н.Илялетдинов атындағы білім ордасының түлегі. №7 спорт мектебінің оқушысы. Бойындағы дарыны мен талантын шыңдау үшін Алматы қаласында тәлім алды. Осыдан бес жыл бұрын үлкен спортқа бет бұрған ол 17 жасында әлемді аузына қаратты. Әкесі Жомарт ағамыз да бір сөзінде: «Қызымды спортқа бергеніме өкінбеймін, тек болашағына қатты алаңдаймын. Қыз бала болған соң әрбір тұғырға көтерілген сайын жеңісі емес, бойына жарақаты болып қала ма деген қобалжу болады. Бапкері мен қолдаушыларына ризамын» деп ілтипатын білдірген болатын.
Міне, қаршадай қыздың спорттағы әр баспалдағы осылай алтын әріппен жазылып келеді. Қаншама рекорд жасап, Сыр зілтеміршілері арасында өз биігін қалыптастыра алды. Сыр елінің ғана емес, қазақтың мақтанышына айналған Аянаттың жеңісі құтты болсын, қазақ елі!
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ