№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аянат ел чемпионы

Аянат ел чемпионы



Апта басында Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан жеке жаттығулар бойынша 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер
арасындағы ел чемпионатының жалауы желбіреді. Елдің жас зілтеміршілері бақ сынаған ҚР-ның чемпионатында Сыр елінің қоржынына бір алтын жүлде түсті. 71 келіде өнер көрсеткен жаңақорғандық Аянат Жұмағали алтыннан алқа тағынып, тұғыр биігінен көрінді. Чемпион қызын жерлестері арнайылап күтіп алып, құрмет көрсетті.

Жаңақорған ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов, сектор меңгерушісі Махмут
Рахымжанов, аудандық мәслихат депутаты Серік Мырзабаев, №7 спорт мектебінің директоры Сламхан Боранбаев, БАҚ саласының ардагері Ерубай Қалдыбек және ата анасы мен жерлестері қошемет білдіріп, жеңісімен құттықтады. №7 спорт
мектебінің түлегіне Сламхан ағамыз бен аудандық мәслихат депутаты Серік Мырзабаев сый-құрмет көрсетті.

– Аянаттың жеңісі ауданның ғана емес, Сыр өңірінің жеңісі. Алла амандығын берсе, қызымыз елдің байрағын әлем елдерінің
алдында биік тұғырға қондырып, әнұранымызды шырқататын болады. Біз оған сенімдіміз, өйткені, спортшымыз әлі жас, болашағы әлі алда. Бапкерлері мен ата-анасына алғыс айтамыз, елдің мақтанышына айнала берсін, – деп мәдениет және спорт бөлімінің басшысы ізгі тілегін білдірді.


Аянат чемпионатта жұлқа көтеруде 85 келіні бағындырса, серпе көтеруде 106 келіні ырқына көндіріп, қоссайыстың
нәтижесімен 191 кг-ды еңсеріп, жеңімпаз атанды. Айта кететіні, ол жақында Албанияда өткен Әлем чемпионатына қатысып, үздік бестікке енген болатын. Бұл керемет нәтиже, енді ересектер көшіне
ілесіп, бағын сынауға ниетті.

– Қазақстан біріншілігі Аянаттың спорттық мансабындағы екінші биік белес. Бұл жолы оның үздік екенін барлығы мойындады. Енді
жаз айында спартакиадаға қатысып, артында Индияда өтетін Азия чемпионатына барамыз. Алла сәтін салса, әлемдік ареналарда атой салып, олимп шыңын бағындыруға барымызды салатын боламыз, – деді бапкері Берік Өтешов.


Жалпы, Жаңақорғанда бұл спорт түрі соңғы бес жыл ішінде еңсе көтеріп, жас спортшыларды шыңдап үлгерді.
Әсіресе, бұрымдылардың қатары артып, қызығушылығы оянып келеді. Солардың көшінде жүрген Аянаттың бүгінгі жетістігі
аудан үшін үлкен абырой болды. Оның ізінен ерген Беріктің шәкірттері облыста озық жүр. Аймақ чемпионаттарында олжалы оралып келеді. Чемпион қызға құрмет көрсете келген өзі оқыған №169 Н.Ильялетдинов атындағы мектеп оқушылары мен ұстаздары да қуанышын бөлісіп жатты. Ал, әкесі қызының ертеңіне елдің үміт артып отырғанын біледі. Сондықтан қызына бағыт-бағдар беріп, осы
сенім үдесінен шығуға батасын беріп келеді.

– Алғашында Аянатты басқа спорт түріне беруге тырыстық. Бірақ өзінің қалауы ауыр атлетика болды. Осылай ұстазы Беріктен спорттың әліппесін үйренуді бастады. Аллға шүкір, қызымыз ауданның абыройын асырып, мерейімізді үстем етіп келеді. Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектеп интернатынан шақырту алып, сонда білім алуда. Бұйырса, 2028 жылғы Олимпиада ойындарында көріп қалам ба деген арман бар. Ең бастысы, спорттық мансабын биіктете беруі тиіс. Құрмет көрсетіп жатқан жандарға мың алғыс айтамын, – деді әкесі Жомарт.


Иә, 5 жылдан соң Аянат Олимп шыңының алтынын елге алып келеді деп сенеміз. Ол уақыттың көшінде, бәрінен бұрын ауданның ауыр атлетика спортының өсіп келе жатқаны көңіл қуантады.
15 сәуір 2023 ж. 238 0