» » Аянат алтын алды

Аянат алтын алды

Қостанай қаласында өткен ауыр атлетикадан әйелдер және ересектер арасындағы ҚР-ның чемпионатынан сүйінші жаңалық жетті. Жаңақорғанның жас атлетшісі Аянат Жұмағали алтыннан алқа тағынып, Сыр елінің мерейін өсірді.
№7 спорт мектебінің спортшысы, 76 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аянаттың бұл ересектер арасындағы алғашқы бәсекесі. Былтыр ол 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында бақ сынап, мықты екенін дәлелдей алды. Енді міне ересектер арасында да теңдесіз екенін көрсетті. 
Берік Өтешовтің төл шәкірті Аянанын арманы Әлем және Олимпиада чемпионы болу. 18 жастағы чемпионның бұл үлкен спорттағы алғашқы биік баспалдағы. Бұйыртса Аянат әлемдік сахнада елдің әнұранын шырқатып, көк туымызды көкте желбіретеді деген үміттеміз. 
– Алғашында Аянатты басқа спорт түріне беруге тырыстық. Бірақ өзінің қалауы ауыр атлетика болды. Осылай ұстазы Беріктен спорттың әліппесін үйренуді бастады. Аллға шүкір, қызымыз ауданның абыройын асырып, мерейімізді үстем етіп келеді. Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектеп интернатынан шақырту алып, сонда білім алуда. Бұйырса, 2028 жылғы Олимпиада ойындарында көріп қалам ба деген арман бар. Ең бастысы, спорттық мансабын биіктете беруі тиіс. Құрмет көрсетіп жатқан жандарға мың алғыс айтамын, – деді әкесі Жомарт.
21 ақпан 2024 ж. 716 0