Жас құтқарушылар жарысы
Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі мен №14 өрт сөндіру бөлімі және Жаңақорған жастар ресурстық орталығы білім бөлімімен бірлесе мектеп оқушылары арасында «Жас құтқарушы – 2024» аудандық сайысын өткізді. Жаңарық ауылындағы денешынықтыру спорт кешені базасында ұйымдастырылған жарыс жылдағыдан жоғары деңгейде өрбіді.
Сайысқа 4 команда қатысып, үздіктерді анықтады. №167 орта мектебінен «Қыран» және «Ұлан» командасы, №192 орта мектептен «Сұңқар» және №221 орта мектебінен «Құтқарушылар» командасы сайысқа түсті. Алдымен қатысушы командалар сапқа тұрғызылып, Әнұран шырқалды. Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Шыңғыс Байділдаұлы, №167 мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні оқытушы-ұйымдастырушысы Ағайдар Бегайдарұлы, №192 мектебі алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні оқытушы-ұйымдастырушысы Арман Алғибайұлы салтанатты жиынды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс бағдарламасы бойынша бірінші кезекте топтың атын таныстыру кезеңі өтті. Одан кейін команда мүшелері сұрақ-жауап викторинасы, жауынгерлік киім кию сайыс, өрт сөндіру эстафетасы, арқан байлау, жалпы әскери қорғаныш жиынтығын кию, алғашқы дәрігерлік көмек, кермеде тартылу жәнен шалқалап жатып денені көтеру бойынша сынға түсті. Сайыстың төрешілер құрамында, бас төреші – Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Шыңғыс Жәдіков, Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Азамат Қорғанбаев, №14 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Алшынбай Оразбеков және №14 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Бақберді Нәжім сайысқа қазылық етті.
Сонымен «Жас құтқарушы – 2024» аудандық сайысына қатысушы командалар төмендегідей орынға тұрақтады. 1-орынды «Сұңқар» командасы, (жетекшісі Арман Егембердиев). 2-орынды «Құтқарушылар» командасы, (жетекшісі Бақытжан Нұрмышов). 3-орынды «Ұлан» командасы, (жетекшісі Ағайдар Мадалиев) иеленді. Сайыстың қорытынды бөлімінде жалпы командалық жүлделі орын алған жеңімпаз командалар мен үздік нәтиже көрсеткен оқушылар Жаңақорған ауданы бойынша Төтенше жағдайлар бөлімінің арнайы дипломдарымен, медальдарымен марапатталды.
– 2023 жылғы 18 мамырда Қызылорда облысының «Жас құтқарушы» клубтарының арасында облыстық слет өткізілген болатын. Аталған слетке қала және аудандарда өткен сайыста үздік деп танылған командалар қатысты. Олардың қатарында Жаңақорған ауданы білім бөліміне қарасты №167 мектеп командасы бар.
– 2023 жылдың 1 маусым күні слет жүлдегерлері арнайы дипломмен, медальдармен, бөлім бастығының Алғыс хаттарымен, естелік сыйлықтарымен марапатталған болатын. Биыл да оқушылар облыстық сайыста бақ сынайды, – деді Шыңғыс Байділдаұлы.
Айта кететіні, бөлімде «Ашық есік күні» өтіліп, болашақ құтқарушыларға практикалық дәріс беріліп, үгіт-насихат жұмысы жүргізілді.
Жаңақорған ауданы білім бөліміне қарасты мектеп оқушылары арасында өткен «Жас құтқарушы» спорттық сайысының басты мақсаты – балалар және жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеу, төтенше жағдайлардың туындау қауіпі төнген кезінде жеке және ұжымдық қауіпсіздік мәселесіне саналы және жауапты көзқарасты қалыптастыру. Сондай-ақ балалар мен жастарды қолданбалы спорт түрімен шұғылдануға тарту, сондай-ақ жасөспірімдерді әскери-патриоттық тәрбиелеу және «құтқарушы» мамандығын насихаттау болып табылады.
Төтенше жағдайлар бөлімі