№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Темірбектің тұғыры

Темірбектің тұғыры

Жарты ғасырдан астам ғұмыры бар Жаңақорған спортының тарихында қаншама спортшылар мен бапкерлердің есімі алтын әріппен жазылды. Олардың көбісі көз алдымызда жүрсе, енді бірі арамызда жоқ. Солардың ішінде аудан баскетболы мен семсерлесу спортына үлес қосып, шәкірт тәрбиелеп кеткен Темірбек Жарықбаевтың аты ерекше аталады. Саналы ғұмырын спорт саласына арнаған білікті бапкер тірі болғанда арқалы 60 жасқа толар еді. Бүгін ұстаз туралы аздап сыр шертпекпіз.

  Жаңақорғанда ол кісіні аға буын ішінде Темірбек десе көпшілік тани бермес, алайда, “Титай” есімімен танылған тұлға туралы білмейтін жан кемде-кем шығар.
Бала кезінен спортқа әуес Темірбек есейе келе қос спорттың тізгінін ұстайды. Әуелі семсерлесудің қыр-сырын үйреніп, облыстық, тіпті, республикалық турнирлерде топ жарады. Осы кезде баскетболды да қатар алып жүреді. Уақыт өте келе мектеп қабырғасын тәмамдап, оқу орнына барады. Қарағанды қаласына барып, диплом алып, туған өлкеге қайта оралады. Алдымен заң саласында, яғни, облыстық прокуратурада еңбек етеді. Одан кейін аудан спортының өрлеуі жолында еңбегін бастайды.

Иә, өткен ғасырдың 80-жылдарының басы мен 90-жылдардың аяқ тұсына дейін аудан спортының өрлеуінде қызмет еткен Тәкеңнің еңбегіне ел жоғары баға берді. Әсіресе, ел егемендік алған жылдары тек аудан емес, аймақ баскетболының биік тұғырға көтерілуіне қызметі сіңді. Семсерлесу спортын ауданға алып келген Жақсылық Егізбаев болса, сол спорттың одан арғы биігінде Әмір Рысбеков пен Темірбек Жарықбаевтың қолтаңбасы қалды.
– Темірбек өзімнің баламдай болды, оны үлкен спортқа мен алып келіп едім. Оның бойынан спорттық әлеуетті танып, тәрбиелеуге тырыстым. Жақсы көрсеткіш көрсетті, ол кезде бойы да кішкентай, жіптіктей жігіт еді. Кейіннен қалай ер жеткенін де байқамаппыз. Иә, оның аудан спортына сіңірген еңбегі зор болды. Аудандағы спорт мектебінің директорының орынбасары болды. Қолынан келген қызметтің барлығын адал атқарды. Тағдырдың жазғаны ғой, өмірден ерте өтті. Әйтпесе, шығар биігі зор еді, – деп Жақсылық ағамыз еске алады.

Жақсылық Егізбаевты аудан спортының атасы деп те атайды. Сексен жастың сеңгіріндегі білікті бапкер, спорт жанашыры, ұстаз әлі де шәкірт тәрбиелеп келеді. Міне, осындай ұстаздан тәлім алған Тәкең өмірде өз орнын қалыптастыра білді. Үйленді, үйлі болды. Бүгінде ізінде перзенті қалды. Темірбек Дүйсенбайұлының ізінен ерген бауырлары да спортқа жақын болды. Барлығының спорттағы биігі бір төбе. Мәселен, шәкірті, әрі қарындасы Сапаркүл Жарықбаева 2007 жылдан бастап Кентау қаласындағы Б.Саттарханов атындағы №1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары қызметін абыройлы атқарып келеді.

Темірбек Жарықбаевтың барлық еңбек жолын бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейінен көре аласыздар, екеуі де «спорт шебері», Қазақстан чемпионы. Бір өкініштісі, қазір бұл спорттың оты сөнді. Ал баскетболдың бәсі биік. Тәкең салған ізбен келе жатқан шәкірттері, бүгінде республикаға танымал білікті бапкер Қанат Айдаров пен Дильяра Мұсаеваның оқушылары облыста озық. Олардың жетістігі бір төбе.
Биылдың өзінде аймақ баскетболында үздік үштіктен түскен емес. Жалпы баскетбол спортының кең тарап, қайта еңсе тіктегені оқушылардан көрінеді. Биыл ұлдар мен қыздар керемет өнер көрсетіп, аудандар арасында озды. Бұл да бұл спорттың болашағын көрсетеді.
– Темірбекпен бала кезден доспын. Туыстығымыз да бар, бір нанды бөліп жеген жан жолдас болдық. Оның өмір жолынан мол өнеге алуға болады. Қаншама шәкірт тәрбиеледі, жан тәнімен спортқа берілді. Тіпті өмірінің соңғы кездерінде ауырып, денсаулығы сыр берсе де, сабақ беруін тоқтатқан емес. Шынайы дос, спорт жанашыры, бауырмал аға, ізетті іні, елдің ұлы бола білді. Ол туралы айта берсек айтылмаған сыр көп, бір ғана қыры аудан спорт саласына өмірін арнады, – деді Дәулет ағай. Аудан спортында есімі қалған тұлғаларды түгендеп жатқан соң баскетболға да бет бұрған едік. Темірбек Дүйсенбайұлының өмірден өткеніне де 20 жылдан асыпты, кім біледі, көзі тірі болғанда еңсерер биігі көп еді. Жыл сайын облыстық турнир де беріліп, бапкер есімі ұлықталып келді. Соңғы 2-3 жылдың көлемі болды, турнир тоқтап, жастар жарыссыз қалды. Өйткені ауданда баскетболдан санаулы ғана турнир бар. Соның биігінде Темірбек атындағы аламан еді. Оны қайта тіктеу басшылықтың құзырындағы мәселе.

Әлібек Темірбек

21 қараша 2023 ж. 929 0