№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Аудан гандболының кешегісі мен бүгіні

Аудан гандболының кешегісі мен бүгіні


Жаңақорғандағы қай спорттың тарихын алып қарасаңыз, әрқайсысының өзіндік тарихы бар. ХХ ғасырдың 70 жылдары ауданға келген гандбол спортының қалыптасу, даму кезеңдерін көруге болады. Әсіресе гандболдың қыздар арасында мерейі үстем. Қос жерлесіміз қазір ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр. «Елу жылда ел жаңа» демекші, биыл бұл спорттың киелі өлкеге келгеніне де жарты ғасыр болды. Сондықтан спорт тарихының бүгінгі мұқабасында гандбол туралы сыр шертпекпіз.


Қай спорттың болмасын дамуына үлес қосқан жандардың еңбегі қашан да құрметке лайық. Мейлі ол спорт маманы болсын, қарапайым пән мұғалімі болсын, ең бастысы жастардың жігерін шыңдап, ауданның спортына үлес қосса болғаны. Бұл спорттың аудан деңгейіндегі өрісінің қанат жаюына өзіндік қолтаң­басын қалдырған ұстаздың бірі – Ахмет Нақыпов. Ардагер бапкер туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Ахмет ағай баптаған шәкірттер бүгінде бір-бір саланың тізгінін ұстаса да, 1974-1980 жылдар аралығында өңір спортында өздерінің ізін қалдырды. Біз ұлағатты ұстаздың өмірдерегінен гөрі, оның спортқа қосқан үлесі туралы аз-кем қайта көз жүгіртіп өткіміз келді. Осыдан екі жыл бұрын торқалы төл мерекесі қарсаңында тереңірек тілдесіп, сұхбаттасқан болатынбыз.
Қызмет жолын Өзбекстанда бастап, 1972-73 оқу жылында кенттегі №163 мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып ауысқан Ахмет ағай шәкірт тәрбиелеп, бапкерлік қырымен танылды.
– 1974 жылы ең алғаш Қызылордаға жарысқа оқушыларды алып бардым. Алғаш рет сынға түскелі отырғаннан кейін шәкірттерімде де қобалжу болды. Ол кезде киім жоқ, содан Ким Вячеслав деген бапкердің шәкірттерімен сынға түстік. Ол кезде «Буревестник» (қазіргі «Сейхун») командасы облыста ең үздік ұжым болатын. Алайда, тәжірибесі толысқан, тарихы бар сол командаға ғана есе жіберіп, аудандар арасынан бірінші орынға қол жеткіздік. Міне, сол уақыттан бастап оқушылар облыста озық болды. Тіпті, кейбір шәкірттерім аймақ намысын қорғап жүрді, – деген еді бізбен сұхбатында.
Иә, шәкірттері республикалық сындарға дейін барып, аудан ган­дболының өрлеуін көрсете білді. Ұстаздың тағы бір қыры, ол сол жылдары тегін үйірме сабағын ашып, қосымша балаларды дайындады. Жеті жыл бойы шәкірт тәрбиелеген ұстаздың шәкірттері аз емес. Саттар Оспанов, Қайрат Аблахов, Зейнеп Әжібекова, Айман Ырзаева, Мария Өрғараева және басқа да оқушылары гандбол спортын қалыптастырып, жастарға жол салып кетті десек болады. Қиын-қыстау кезеңде жарыстардан қол үзбей, жеңіс тұғырынан көрініп жүретін сол жолды жалғап келе жатқан қыздар бүгінде облыста озып жүр.
Құнанбай Салыбеков жаттықты­ратын Келінтөбенің қыздары аудан абыройын асқақтатуда. Жеті жыл жаттықтырушылық қызметте жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің мұғалімі қызметіне ауысады. Мұнда да ұстаз пән мұғалімдері арасынан өтетін жарыстарға қатысып, жастарды жарысқа дайындайды. Жас өрендерді патриоттық тәрбиеге баулыған ұстаздың өзі де бала кезден спортқа құмар болып өсті. Волейбол мен баскетболдан да жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүрді. Осы жолды ұстаз болғанда да көрсете білді. Әріптестері де, шәкірттері де ұстаздың еңбектерін айтып, мақтана алады.
42 жыл мұғалімдік салада тер төгіп, қаншама шәкірт тәрбиелеген ұстаз еңбегі зор. Спортқа бағдар түзеген оқушылары бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрсе, әскери саланың тізгінін ұстаған оқушылары ел үшін еңбектенуде. Өзі де талай рет марапат биігінен көрінді. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, отаншылдыққа, білімге құштар шәкірттерімен мақтанатын Ахмет Нақыпов өз балаларын да спортқа бейімдепті. 4 ұлдың екеуі басқа салада болса, үшінші және кенже ұлы бүгінде №163, №110 мектеп-лицейде дәріс береді. Ал, қос қызы Шалқия шипажайында. Бұйыртса, болашақта немерелерін спорттың шыңынан көрсем деген ниеті бар ағайдың арманы аудан спортының биікке өрлей беруі.
Міне, біз бүгін гандбол спортының аудандағы белең алған кезеңіне тоқталдық. Мектеп ардагерлер және қамқоршылық кеңесінің төрғағасы Ахмет ағайдың өткенін көпке үлгі еттік. Енді ұстаз жолын жалғаған шәкірттердің арманын арқалаған жастардан көп үміт күтеміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
---
05 тамыз 2020 ж. 673 0