№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әлем чемпионы: Ағәділ қоламен қуантты

Әлем чемпионы: Ағәділ қоламен қуантты


Монғолияның Улан-Батыр қаласында Жамбы атудан жастар арасындағы Әлем чемпионаты біз үшін табысты түйінделді. Ел намысын қорғаған жерлесіміз, №7 спорт мектебінің түлегі Ағәділ Пернебай қоланы қоржынға салды. Жақында елге оралған чемпионды Жаңақорған жұрты күтіп алып, құрмет көрсетті.


Ағәділ биыл жасындай жарқылдады. Былтыр да төрге озып, облыс мерейін үстем еткен болатын. Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы­ның чемпионатында жамбы атудың 3 стилінен (қазақ, корей, түрік стилі) жалпы есепте чемпион атанған болатын. Биыл жастарға ауысып, әлемде үздік үштік тұғырға қонды.
– Бұл менің әлем алдындағы алғашқы баспалдағым, бұйырғаны қола болды. Алтынға үміттілердің бірі болатын­мын. Келер жылы кеткен қателіктен са­бақ алып, бұйырса алтынды сыйлай­тын боламын. Босаңсуға болмайды, алдымызда жарыстар көп, сондықтан спорттық әлеуетімді шыңдай түсуім керек, – деді жас мерген.
Айтпақшы жүлде тағып туған өлкеге оралған оғланды жерлестері қошеметпен күтіп алды. Кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Әлібек Нәлібаев жылы лебі­зін білдіріп, қаржылай сыйақы табыс етті. Сондай-ақ Қаржыбек Бүркітбаев және №7 мектеп директоры Сламхан Боранбаев та ыстық ықыласын білдіріп, батасын берді.
Өміртай Ғалымжан жаттықтыратын Ағаділдің бұл үлкен спорттағы жар­қын жеңісі, бұйырса жас мергеннің бұдан да биік шыңды бағындыратынына сенімдіміз. Оның бүгінгі қоласы бізге алтынмен тең.
– Биылғы жыл табысты басталды. Ел чемпионаттарында жеңіс тұғырында жүрдік, жастар ұлттық құрама сапын толықтырды. Көкпардан сол үштік тұғырдан түспесек, аударыспақ пен жамбы атудан алтын тұғыр бұйырып келеді. Теңге ілуде де жаман емес­піз. Бұйырса, саяткерлік спортын да биікке көтереміз деген жоспар бар. Оның бастауына биыл ел куә болып, чемпионат біздің ауданда өтті. Одан бөлек, биылғы облыстық «Алтын күз» спартакиадасында алтын тұғыр біздің еншімізде. Қалай десек те, біздің бар арманымыз ел чемпионы болу. Барлығы уақыттың еншісінде, нәтижелерге жыл салып жетіп келеміз, – деді бапкер.
Қазақтың ұлттық ойын түрлері мазмұндық жағынан адамды жауын­герлік рухқа тәрбиелейтін маң­ызды дүние. Әсіресе, садақ ату – қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың нөпірді қақ жарып, дода ортасынан керіп тұрып садақ тартқан, мергендік өнерімен мәлім білекті жігіттерді көргенде жүрегі жарылмайтын қазақ бар ма?
Осыдан төрт жыл бұрын жаңақор­ғандық жас шабандоз Ғалымжан Өміртай Жамбы атудан Қазақстан Рес­публикасының V чемпионатында чем­пион атанып, бөркімізді аспанға аттық. Одан кейін ол жыл сайын қоржынға қос-қостап жүлде салып жүрсе, енді міне шәкірті әлемдік аренада жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл бүгінгісі. Әуелі әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ.Биыл араға 20 жыл салып садақ атудан қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарына командалық жолдамаға қол жеткізді. Бұл қуанатын жағдай болғанымен, қазақ үшін таңданатын жәйт емес. Тарихқа көз жүгіртсек, садақ қадым заманнан бері көшпелілердің иығынан түспеген, қазақтың дәстүр салтымен біте қайнасқан қымбат мұра деуге болады. Тас дәуірінен ХХ ғасыр­ға дейін оқ пен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер болғанына тарих куә. Бірі адырнасын сайлап аңға шықса, екіншілері соғыс­та жаудың бетін қайтарып, егемендік жолда қан кешкен. Алайда XXI ғасырда садақ атудан қазақ оғландары топта оза шаба алмай жүр.
Садақ пен қазақ егіз ұғым. Садақты бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қол­данған. Тарих беттерін парақтасақ бес қаруын сайлап, қазанат мінген жау­жүрек батырлардың ұлан-ғайыр байтақ даланы ұрпақ үшін қорғап қалған ерлігі біздерге өнеге. Көйлегін қанмен жуған батыр бабалар ат үстінде жүріп садақ атудың мергендік өнерін меңгерген. Сақ пен ғұнның бірден-бір мұрагері саналатын ата-бабаларымыздың садақ атудағы шеберлігін бүгінгі ұрпақтың тек кітаптан оқып, аңыз-әңгімеге теліп жүргені қынжылтады. Қалғаны уақттың еншісінде, ең бастысы, чемпиондарымыз көп болсын!

Әли ТЕМІРБЕК

26 қыркүйек 2023 ж. 511 0