Білекті балуан
Жаңақорғанда ерекше күтімдегі жасөспірімдердің спорты дамудың жолына түсті. Сәт сайын параспортшыларымыз жетістігімен қуантып жүр. Міне, осындай жеңіспен оралып, қол күрестен Әлем чемпионы атанып, мәртебемізді асқақтатқан Бауыржан Оразбаевты Жаңақорған халқы болып қуанышпен күтіп алды.
Алматы қаласында өткен пара қол күресінен 25-ші Әлем чемпионатының жеңімпазы атанған Бауыржан Оразбаевты күтіп алу салтанаты шарасында аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов чемпионды жарқын жеңісімен құттықтады.
– Жаңақорған топырағында талай нар тұлғалардың кіндік қаны тамған. Әсіресе, спорт саласында қара күштің иесі ретінде танылған жерлестеріміз өте көп. Батыр бабаларымыздың жолын жалғап, қаншама жастар туымызды желбіретіп, абырой мінберінен көрінуде. Соның бірі Бауыржан Оразбаев деп мақтанышпен айта аламыз. Ол бүгін әлем чемпионатында өзінің бәсі биік спортшы екенін айқын дәлелдеп, жаңа рекордтық көрсеткіш көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Біз осындай спортшы жастың қайсарлығына тәнті болып тұрмыз, – дей келе, жеңіспазға аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Айта өту керек, жерлесіміз әлемнің 50 елінен 200-ге жуық спортшы қатысқан дүбірлі додада 55 кг салмақ дәрежесі бойынша жеңіске жетті. Әлем чемпионын жаттықтырып, қол күреске баулыған Шыңғыс Азнабаевтың қуанышы жүзінде шалқып тұрып:
– Шәкірттеріммен мақтанамын, себебі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында өзінің жолын тапқан жандар аз. Бауыржан әр дайындықты қалт жібермей, өзінің биік мақсатына нық қадам басып, додаға түскенде ерекше шабыттанатыны бар. Наурыз айында ҚР чемпионатта, одан әрі Азия чемпионатында бірінші орын алған еді. Одан әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алып, уақыт оздырмай жаттығуды бастап кеттік. Алғашқы әлем чемпионатынан-ақ мықтылығын дәлелдеп, қарсыластарды рекордтық көрсеткішпен жеңді, – деді Шыңғыс бапкер.
Жас өреннің спортқа келгеніне көп уақыт өтпесе де алғашқы биігін бағындырып отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қол күресшілердің арасынан бірінші орын алып, әлем чемпионы атану әр спортшының ұлы арманы. Қол күресі бойынша әлем чемпиондарының жетістігін сараласақ, бұған дейін осы спорт түрінде оң қол және сол қол бойынша чемпиондар көп болды. Ал Бауыржан Оразбаев қос қол көрсеткіші бойынша да чемпион атанып тұрған жалғыз спортшы. Сондықтан болар, білекті балуанды қарсы алуға елдің ықыласы ерекше болды.
– Біздің басты мақсатымыз – әлем чемпионы атанып, көк туды аспанда желбірету болды. Жаттығуда қолданып жүрген әдістерді жарыс барысында пайдалана алдық. Бұл менің алғашқы жетістігім! Әлі талай тұғырда жеңіспен көрінетін боламыз. Бізге қолдау көрсеткен жерлестерге және бапкерімізге ерекше алғыс білдіремін, – деді Бауыржан Оразбаев.
Білекті балуанның құрметіне өткізілген бұқалалық шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов бастаған спортшылар, ел жанашырлары, көптің алдында жеңіспаз жастың мерейін өсірді. Қазақта «Болар баланың белін бу» демей ме, сондықтан балғын армреслингшіні үнемі демеп, қолдау білдіру азаматтығымыздың белгісі.
Мақпал МАРҚАБАЙ