Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ: НҰРЛЫБЕК дара шықты

ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ: НҰРЛЫБЕК дара шықты


Соңғы жылдары белбеу күресінен өтетін бәсі биік турнирлерде, әсіресе ел біріншілігінде жаңақорғандық балуандар жүлдесіз оралмайды. Кем дегенде қоламен қуантып жүр. Сонымен бірге кенжелеп қалған қазақ күресін де өрге сүйреп келе жатқан белбеу күресінің білекті оғландары аудан абыройын асқақтатып келеді. Олардың қатарында Нұрлыбек Алдабергенов та бар. Ол жуырда өткен белбеу күресінен ел чемпионатында тұғырдың ең биігінен көрінді. Сондықтан, біз жерлесімізді құттықтап, спорттық мансабына зер салдық.
Жалпы, Нұрлыбек бала кезінен спортшы болуды армандаған балуан. Әкесі Әбдісаттар Садықовтың қол астында жаттығып, жастайынан жарыстардан төбе көрсетіп жүрді. Жастар арасынан облыс, республикадан алтынмен де, күміспен де жиі оралатын. Ересектерге ауысқалы қос күресті қатар алып, ел біріншіліктерінде еңсемізді тіктеді. Соңғы жарысында, Астана қаласында өткен белбеу күресінен ҚР чемпионатында 68 келіде ешкімге дес бермеді. Ақтық сында Атыраудан келген балуанды таза жеңіспен жеңіп, алтынды мойынына тақты. Айта кету керек, одан бөлек 100 келі салмақта Нұрберген Алдаберген қоланы қанағат тұтса, әйелдер арасында
Арайлым Қанзада (66 келі), Мереке Құдайбергенова (76 келі) және Меруерт Абубакир (76 келіден жоғары) күмісті еншіледі.
Жалпы, белбеу күресінің әдістері қазақ және самбо күресіне келеді. Жамбас әдісі, артқа қарай лақтыру, аяқ ішінен ілу секілді түрлері ұқсас. Нұрлыбектің жанына жақын әдісі бар. Ол туралы бала кезгі досы, әрі белбеу күресінен әлемді мойындатқан Мереке Құдайбергенова сыр шертеді.
– Шыны керек, Нұрлыбектің әдісін түсіну қиын. Оның күресу мәнері өзгешелеу. Ол ақылды балуан, қарсыласының әрбір әрекетін аңдып, соған қарсы тәсіл қолданады. Оң жамбасына келетін әдісі артқа қарай алып ұру. Көбіне ол қарсыласын алдап, екінші әдісті жасай алады. Бұл оның бозкілемде жеңіл белдесуіне мүмкіндік туғызады. Нұрлыбектен келешекте үлкен үміт күтетін боламыз, оның болашағы алда, – деді Мереке.
Иә, оның техникалық әдістерді шебер орындайтын әккі балуан екенін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан, ертеңіне сеніммен қарайтынымыз түсінікті.
Айтпақшы, Нұрлыбек күзде Казань қаласында өтетін Әлем біріншілігінде бағын сынайды. Бұл жолы алтынмен ораламын дейді ол. Себебі, былтыр Астанада өткен әлемдік додада қоламен шеттеліп қалған болатын. Енді кеткен есені қайтару үшін жаттығуды бастап кетті.
– Әрбір жарыс алдында барлық спортшыларда қобалжу болады. Көк туды көкке желбіретіп, әнұранның шырқалғанын сезіну бір ғанибет сезім. Сондықтан, алдағы Әлем біріншілігінде барымды саламын. Ең бастысы, өзіме деген сенімділік бар. Бұйыртса қазақ күресінен де осындай асуларды бағындыруға ниеттімін, – деді аққорғандық саңлақ.
Аққорған демекші, белбеу күресінен Сыр мерейін өсіріп жүрген балуандар Түгіскеннен шыққанын әсте ұмытпауымыз керек. Әбдісаттар Садықов баптайтын білекті балуандардың бағындырар белесі әлі алда деп күтеміз.
Отбасында үш қыздың арасында өскен ол жақында шаңырақ көтерді. Анасы Гүлмира Сейтенова медицина саласында қызмет етеді. Қорыта айтқанда, әке жолын жалғап, үлкен спортта мерейі тасып жүрген Нұрлыбектің шаңырағында спортшылар династиясы қалыптасады деген сенім бар. Ең бастысы, жігерлі спортшының шығар шыңы әрқашан биік болғай...
24 сәуір 2018 ж. 1 155 0