№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көкпаршылар тартысы

Көкпаршылар тартысы

Жаңақорған төрінде Тәуелсіздік мерекесіне орай көкпардан облыс чемпионатының кезекті жалауы желбіреді. Дәстүрлі шабандоздар додасына кіл сайдың тасындай сақа спортшылар қатысып, өз бақтарын сынады. Жүлдегерлерге және жекелей жігіттерге де сый-құрмет көрсетілді.


  Жалпы көкпаршылардың чемпионаты бізде өтуі тектен-тек емес. Басты себеп облыс құрамасының негізін жаңақорғандықтар құрайды. 13 жылдан астам ат спортынан аймақтың абыройын асырып келе жатқан шабандоздардың ізін жалғайтын жастар да аз емес. Солардың көшін осы чемпионатта анық байқадық. Өйткені, бұл біріншілік облыс құрамасына іріктеуге арналғаны ескертілген. Сондықтан жастар барын салды.

– Иә, бұл жарыстың басты мақсаты алдыда өтетін ел чемпионатына құрама жасақтау. Әрине, жігіттер баршылық, бірақ өсіп келе жатқан жастар арасынан да тасада жүргендер барын білгіміз келді. Сондықтан, бүгінгі бәсекеде білекті оғландар білгенінен жаңылмауға тырысады, – деді аймақ ат спортының білікті жаттықтырушысы Исламхан Боранбаев.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы және спорт ардагерлері Омар Төлегенов, Серік Мұсабаев, Мадияр Ахметов және Мәметәлі Жаденов көкпаршыларға сәттілік тіледі. Сонымен Сыр көкпаршыларының сайысына «Қайсар», «Сунақ Ата», «Қыр Өзгент», «Тау тарландары», «Сығанақ», «Түгіскен» сынды командалар қатысып, жеңіс үшін бар күш-жігерлерін ортаға салды. Әрбір бәсеке тартысқа толы болғаны рас. Жарыстың негізгі фавориті қайсарлық жігіттер еді. Өйткені, олардың басым көбі облыс намысын қорғап келе жатқан әккі спортшылар болатын.

Жаңақорғандықтар асыға күткен көкпаршылар бәсекесінде алтыннан алқа тағынған Қызылорда облысының «Қайсар» құрама командасы болды. Оның да негізін жаңақорғандық жігіттер құрайтынын ұмытпайық. Күміс жүлдеге Түгіскен ауылының «Түгіскен» ұландары иелік етті. Ал қола жүлде Қыркеңсе мен Өзгент ауылдарынан құралған «Қыр Өзгент» құрама командасының жігіттеріне бұйырды.

Айта кетсек, көкпардан облыс чемпионатына демеушілік еткен ауылдар болды. Олардың қатарында Қаратөбе, Келінтөбе, Түгіскен, Қожакент, Өзгент, Қыркеңсе, Жаңарық, Байкенже, Қосүйеңкі, Талап, Қыраш, Бірлік, Төменарық, Жаңа ауыл және Жаңақорған кенті қаржылай қолдау көрсеткен.

Дүбірлі додаға қатысқан жеңімпаздар мен үздік ойыншылар аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталып, облыстық мәдениет және спорт басқармасының дипломдары мен медальдары және демеушілердің ақшалай жүлде қорлары табысталды.

Жаңақорғандық ат спортының саңлақтары көкпардан бөлек, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан Қазақстан бойынша Сыр өңірін үздік үштіктен түсірмей келеді. Әсіресе, жастардың келеші жарқын. Тек өкініштісі, бізде ат спортына арнайы мектеп қаралмаған. Яғни, заманауи жабдықталған кешендер мен алаңдар жоқтың қасы. Тұлпарлар да көп емес, соның барлығы ел чемпионы болуға кедергі екені айтпаса да түсінікті. Ол уақыттың еншісінде. Жалпы биылғы облыстық чемпионаттан байқағанымыз көкпарға аудан жастарының деңгейі өсіп, әжептеуір бәсекелестік қалыптасқан.

– Біздің басты көздегеніміз көкпардан ұлттық құрамаға жастарды алдыру. Ал, ел чемпионы болуға әлі көп еңбектену керек. Келер жылы жастарға үміт артып отырмыз. Егер тағы үздік үштікке кіретін болсақ, ұлттық құрамаға ойыншылар шақырту алады. Бірақ чемпион атануды мақсат тұтып отырмыз. Осы бастан жаттығуға кірісіп, пысықтай беруге тиістіміз, – деді білікті бапкер.

Биылғы көкпардың көкжиегі осылай көрінді. Бәсеке қалыптасып келе жатқан ортада енді сәл қолдау болса дұрыс болар еді.

Әли ТЕМІРБЕК



21 желтоқсан 2022 ж. 441 0