» » Ат спортынан алдамыз

Ат спортынан алдамыз


Жаңақорған ауданының ат спорты бүгінде Сыр өңірінің брендіне айналуда. Құрылғанына 12 жылдан асқан аймақ шабандоздары ат спортының кез келген түрінен үздік үштікте келеді. Аға буынның ізін жалғаған жастар жақында ел чемпионатында сүйіншілеп қайтты. Сыр өңірінің намысын 10 жылдан астам биік ұстап келе жатқан жаңақорғандық жігіттердің жеңісті жолына Сыр жұрты куә. Бірақ, бұл спортшыларға да серпін керек, қолдау маңызды. Осы мәселе және алдағы жоспарды саралау үшін білікті бапкер, облыс құрамасының белді жаттықтырушысы Сламхан Боранбаевты сөзге тарттық.

 – Биылғы жыл табысты басталды. Ел чемпионаттарында жеңіс тұғырында жүрдік, жастар ұлттық құрама сапын толықтырды. Көкпардан сол үштік тұғырдан түспесек, аударыспақ пен жамбы атудан алтын тұғыр бұйырып келеді. Теңге ілуде де жаман емеспіз. Бұйырса, саяткерлік спортын да биікке көтереміз деген жоспар бар. Оның бастауына биыл ел куә болып, чемпионат біздің ауданда өтті. Одан бөлек, биылғы облыстық «Алтын күз» спартакиадасында алтын тұғыр біздің еншімізде. Қалай десек те, біздің бар арманымыз ел чемпионы болу. Барлығы уақыттың еншісінде, нәтижелерге жыл салып жетіп келеміз, – деді аға бапкер.

Иә, жақында Елорда төрінде өткен жамбы атудан жаңақорғандық жас өрен Ақәділ Пернебай кезеңнің 3 стилі бойынша ешкімге дес бермей, мерген екенін дәлелдеді. Түрік стилінен 1-орын, қалған түрінен күмісті олжалап, жалпы кезеңдердің қорытындысында чемпион атанды. Ғалымжан Өміртай мен Наурызқожа Әмзеев баптаған Ақәділ тағы бір мықтылығын дәлелдеп, «Қазанат» ипподромында өткен ел чемпионатында атой салды. «Тектіден текті туады» деген осы болар. Чемпионның әкесі Бекқали Өзенбаев та кезінде аламандарда атой салған азамат еді. Енді перзенті жасындай жарқылдай бастады.

Айта кететіні, Ғалымжан 2019 жылы жамбы атудан ел біріншілігінде алғаш рет Сыр еліне алтын сыйлап, жарыстың ең жас спортшысы атанған еді. Бұл жолы оған қола бұйырып, олжалы оралды. Ересектер арасындағы теңге ілуден жаңақорғандық Исрайыл Айдар 3 орын иеленіп, Түркияның Стамбул қаласында өтіп жатқан V этноспорт мәдени фестиваліне жолдама алды.

– Алдымен алдағы жоспармен бөлісейік. Жуырда Көкшетау қаласында жасөспірімдер арасында ел чемпионатының жалауы желбірейтін болады. Бұл сында 2005-2007 жылы туылған балуандар тартысады. Ал, күзде көшпенділер ойыны басталады, оған баруға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін тамызда іріктеуден сүрінбей өтуіміз керек. Жігіттер сақадай сай, бұйырса ол тұғырды да бағындыратын боламыз, – деді С.Боранбаев.
Биылғы жылдың тағы бір жетістігі, 14 жас шабандоз «спорт шебер» атағына қол жеткізді. 12 балуан көкпардан, екеуі аударыспақтан. Міне, осындай оғландар облыстың атын оздырып, бәйгеде барын салып жүр. Тек оларға қолдау болса болғаны, әрине, қаржылық қолдау керекақ, бірақ, бәрінен бұрын астарындағы тұлпарларына тіреу болса. Шыны керек, көз көріп жүр, шабандоздардың жаттығатын алаңы болғанымен, ешқандай жағдай  жасалмаған. Аттар да адам секілді, шаршағанда көлеңке керек, жаттығудан кейін суытып, қалпына қайта келтіру керек. Мұның барлығы үлкен жұмыс, оны бір күндік жаттығу барысында байқадық.

– Қазір аудан орталығындағы арнайы алаңның айналасына жасауға тиісті жұмыстарды тізбектеп, жобасметасын жасап қойдық. Яғни, алаңды қоршау, көрермендер отыратын орындықтар, жылқы өнімі мен құралсаймандарын сататын дүңгіршіктер және жануарлардың тынығатын орындарын салу жоспарда бар. Мұндағы мақсат – ұлттық спорттың деңгейін көтеріп, өскелең ұрпақты осы жолға тәрбиелеу. Өйткені, атадан келе жатқан, қанымызға сіңген өнер біз дәріптемесек, кім дәрптейді. Әрине, мұның барлығы алдағы уақыттың еншісінде, дегенмен, тездетіп, ат спортына жағдай жасамасақ бұдан да биікке шығамыз деген үміт сөніп қалады-ау, – деді бапкер.

Өте дұрыс, қарап тұрсаңыз, біздің елде спортқа көбірек көңіл бөліне бастады. Қай спорты алсаңыз да арнайы жаттығу залы, қажетті саймандары жетерлік. Әрине, ат спортына да көңіл бөлінеді, бірақ жағдай мәз емес. Қазір жылқылардың барлығы Қыркеңсе ауылында, күнделікті жаттығуға аудан орталығына келіп-кету үлкен мәселе. Келгеннен соң жаттығатын алаңның бүгінгі беделі көңіл көншітпейді. Әрине, бұл аудан шешетін мәселе емес, десе де көңіл бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді. Екіншіден, құс ұшырып, тазы жүгіртуді де қолға алдық, келер жылы ел чемпионаттарында саңлақтар топ жаратын болады. Сондықтан іске бүгін кіріссек, үштіктен үздікке көтерілетініміз ақиқат. Жалпы нәтижені сараласақ, ұлттық спорттан ұпайымыз түгел.

Әли ТЕМІРБЕК
10 қараша 2022 ж. 313 0