№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ережесіз жекпе-жек Жаңақорғанда

Ережесіз жекпе-жек Жаңақорғанда


Бүгінде футбол мен бокстан кейін шоуға айналған ережесіз жекпе-жек спорты біздің елде енді еңсе көтере бастады. Қазір әлемдік рейтингте көш бастаған «UFC» додасында қазақ жауынгерлері өнер көрсетіп жүр. Демек, аталмыш спортқа қолдау бар деген сөз. Өткен аптада Ақтау қаласындағы турнирде анық түсіндік. Біздің ауданда да бұл спорттың іргетасы қалана бастады. Келінтөбелік Нұрсұлтан Бекзілдаев есімді жас жолға қойды.

Жаңақорғанда Келінтөбе деген ауыл бар, шаруашылық құрылымдары мен гандбол спортынан озып келеді. Қол добынан аядай ауылдан шыққан арулардың дені аймақ абыройын қорғап жүрсе, екі-үш қыз ұлттық құрама сапында. Міне, осындай спорты биік ауылдан енді ережесізжекпе жектен ел чемпиондары шығатын болады.

– 2020 жылы ауылға арнайы келіп, шәкірт тәрбиелеуде мақсат тұттым. Негізі бұл ісіме бастамашыл болған Әбдісаттар Садықов бапкер болатын. Қазір греплинг, қоянқолтық ұрыс, самбо мен дзюдодан балалар тәрбиелеудемін. Әзірге турнирлерге оқушылар қоян-қолтық ұрыс пен самбодан қатысып келеді. Бүгінде 30 оқушым бар. Барлығы Келінтөбенің тумалары, бұйырса №8 спорт мектебіне тіркеліп, штаттық жүйеде жұмыс жасайтын болсам өзге ауылдардан да шәкірт іздейтін боламын.

– ММА, Греплинг, панкратион, яғни ережесіз жекпе-жек дегенді естіген ата-аналар балаларын жіберуге қарсы болмай ма?

– Бұл балалар бірден төбелеске тартылып, жекпе-жекке араласып кете алмайды. Біріншіден жасы жетпейді, оның үстіне турнирлерге тек жоғарыда айтқандай қоян-қолтық ұрыстарға бара алады. Спорттың қай түрінен болмасын өзіндік ережесі болады, сондықтан барлығын алдынала ата-аналарға түсіндіреміз. Қазір дамыған заман, әрі спорттың әлеуеті артып тұр. Шыны керек, елдің бір еңсесін көтеретін осы спорт қой, сондықтан бұл спортқа да көңіл бөліне бастады. Барлығына уақыт керек. Негізінен мен 2020 жылға дейін де ауылда жастарды жаттықтырдым. Мен дайындаған сол жастар қазір Алматы қаласында жүр.

– Сіздің мектепке қабылдану үшін балалар жасына қарай бөліне ма?

– Мектеп жасынан бастап қабылдай береміз, яғни 7 жасынан бастап қатысуға мүмкіндік бар. Қазір демалыстамыз, қыркүйектен бастап жаттығуды бастаймыз. Біздің клубтың аты «Олжас» деп аталады. Биылғы жетістігіміздің бірі Әлия Ысқақова есімді шәкіртім облыста қоян-қолтық ұрыстан чемпион атанды. Одан бөлек жасөспірімдер самбо мен дзюдо турнирлерінде олжалы оралып жүр.

Жалпы, бұл спорт дүйім қазақ жұртына жақсы таныс. Дегенмен, біздің ауданда арнайы спорт түріне әлі ене қоймады. Ауылдағы жалынды жастар Алматы шаһарына барып дайындалып, жарыстарда төбе көрсетіп келеді. Нұрсұлтан да осыдан оншақты жыл бұрын арман қуалап Алматыға барып, «ММА» турниріне қатысуды мақсат тұтты. Жаттығу залдарын жағалап, демеушілік іздейді. Тамшы тер, еңбектің арқасында өзі қалаған «ММА» турниріне тап болады.

– «Алмас қырандары» деген клубқа келіп қосылдым. Ел және халықаралық турнирлерде бақ сынап, жеңісті жолым басталды. Көбіне қырғыз оғландарымен кездесіп, мықтылығымды дәлелдеп жүрдім. Ауылға келсем де жаттығудан қол үзбедім, өйткені, шақырту келсе кез келген турнирлерге, рейтингтік жарыстарға баруға әзірмін. Ауылға екі себеппен келдім, ең алдымен, отбасылық жағдайға байланысты шаңырақта болуым керек болса, екіншіден, өзім жете алмаған, өзім бағындыра алмаған биіктерді шәкірттерім жетсін деген мақсатта оқушы тәрбиелеуді мақсат тұттым, – деді чемпион.

Иә, бұл спортты естігенде бұрындары көбісі үрки қарайтын еді. Бірақ, қазір қазақ қоғамының да қызығушылығы артты. Жауынгерлік өнер біздің қанымызда бабадан бері бар, әу бастан батырдың ұрпағы болған ұлттың жекпе-жектен жеңілуі, бұл спорттан тайсалуы дұрыс емес. Сондықтан, Нұрсұлтан сынды жастар жауынгерлік спорттың рухын көтеріп, елде дамуына үлес қосып келеді. Арманын ауылдан бастаған азаматтың артынан ерген сайыпқырандары ауданның ғана емес, өңірдің, жалпы алаш жұртының айбынын асқақтатар Шавкат, Жалғас, Дамир сынды чемпион болады деп сенейік. Алға, Нұрсұлтан!

Әлібек Жарықбаев
19 шілде 2022 ж. 594 0