№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алпыста алқынбаған футболшы

Алпыста алқынбаған футболшы

Әдетте футболшылар кәсіби мансабын 40 жасқа дейін аяқтаса, әуесқой ойыншылар 50-ден асқаннан кейін үлкен спорттан кетеді. Мейлі ол кіші футбол болсын, басқа болсын, жалпы ала допты серік етіп алаңда жастармен иық тірестіре жүру оңай емес. Біздің Өмірбек Қаппаров ағамыз алпыстың есігін қағып тұр. Әлі де әуесқойлар арасындағы футбол лигасы қатарында жүр. Алпысқа қарай адымдаса да ала допты жанынан тастамаған ағамызбен тілдесіп, спорт саласы төңірегінде әңгіме өрбіттік.

Бірлік ауылының тумасы Өмекеңді жаңақорғандық спорт сүйер қауым жақсы таниды. Ер жасы елуге дейін футзалдан аудан, облыстық турнирлерде ауылдың атынан сынға түсіп, олжалы оралып жүрді. Екінші жағынан еркін күресті де серік етіп, кешегі күнге дейін турнирлерде төбе көрсетіп, жүлделі орын алып жүргенін білеміз. 
– Бала кезден күреспен айналыстым, жоғары сыныпта футболды да қатар алып жүрдім. Жалпы біздің ауылдың әрбір екінші баласы еркін күрес мектебінің түлегі. Сол дәстүр әлі де бар, Бірлікті балуандар мекені деп атау осыдан болар. Ізімізден ерген Пернебек Беласаров, Ролан Кешубаев, марқұм Қайрат Оралбеков пен тұңғыш Олимпиада ойындарының қатысушысы Жасұлан Мұхтарбекұлы осы сөзімізге дәлел. Мен болсам «спорт шеберлігіне үміткер» дәрежесін ала алдым, – деп сөзін ары қарай жалғады.
– 1981 жылы Алматы қаласына оқуға түстім, қазіргі спорт және туризм академиясында білім алдым. Алайда, әскер қатарына қосылуыма байланысты оқуды жалғастыра алмадым. Красноярскіде екі жыл борышымды өтеп, ауылға қайтып, күрес залына бардым. Әскерде жүргенде дзюдомен айналыстым, нәтиже жоғары болмаса да, жетістік болды. Қызметке қалуға ұсыныс та келді, бірақ туған жерге қайтуды жөн көрдім. Ауылға 1984 жылы келіп, дәнекерлеуші болып қызметке орналастым. Үйленіп, отбасылық өмір басталды. Спорттан қол үзіп, тіршілік қамымен жүріп алдым. Бірақ іштегі талап, талант, махаббат мені қайта спортқа алып келді. Бірақ кәсіпқойлыққа тым кеш еді, қалған өмірімді еш болмаса әуесқойлыққа арнайын деп шештім, – деді күрсіне.
Иә, спорт деген шын сүйіспеншілік мансабын ерте аяқтаған кез келген жанның ішіне өкініш ұялатады. Бірақ Өмекең еш қамықпай, жастардың қатарына қайта қосылды. Үлкен футболға келіп, Тұрсынхан ағайдың қол астында жаттыға бастады. Облыстық спартакиада мен турнирлерде аудан атынан сынға түсіп, топ жарды.
– Ол кезде ауылдасым Есмахан ағамыз, Шалқиядан Еркін Исаев, Икрам Исмаилов, Құдырет және Роман Едігеев, Талғат Әшіров және өзге де жігіттер аудан намысын абыройлы қорғады. Менің ол кездегі міндетім орталық шепте ойнау болатын. Кейіннен үлкен футболдан кеткен соң, футзалға ойыстым. Қақпашы міндетін алып, ауыл командасы сапына келдім. Ол кездегі ең ірі турнирдің бірі Арапбек Әбиев атындағы доп додасы болатын. Сол турнирді 9 рет жеңіп алып, ауыспалы 3 кубокты ауылға сыйладық. Одан кейін біраз уақыт өтті, қазір ауданда қатарластарымның көбі бапкер, енді бірі басқа салаға ауысып кетті.
– Ал, сіз ше?
– Менің қызметім басқа болса да допты тастаған емеспін. Соңғы екі-үш жылдың көлемі болды, ауыл жастарына орным­ды беріп, өзім Қызылорда лигасына кеттім. 40 жастан жоғары ардагерлер біріншілігінде «КГЭК» командасының негізгі қақпашысымын. Біз ардагерлер атынан талай аламанда оза шаптық. Мәселен, былтыр Тараз қаласында өткен дәстүрлі республикалық турнирде қоламен қайттық. Елдің әр өңірінен келген 18 команда ішінен үздік үштікке кірдік. Балуандық өнерден де соңғы жылдары қол үзе бастадым. Сонда да кеудемде бозкілемге тағы бір шығып, белдессем деген жалын тұрады. Дәурен өтті, енді Алла денсаулық берсе, әлі талай жыл әуесқой футбол төрінде тұрамыз.
Отбасында үйдің үлкені ізінен ерген інілерін де футболға жол сілтейді. Туған інісі, «Шаншар» театрының әртісі Ғалымжан Қаппаров та мектеп бітіргенше футбол мектебінің әліпбиін үйренген. Отбасында ұл-қызды да тәрбиелеп, спортқа баулыды.
Жалпы Жаңақорғанда доп додасында Өмірбек ағамыздан кейін Ерлік Тұртанов, Оразалы Тасболатво, Ерлан Әптаев, Ғалым Рүстемов және өзге де 40 жастан асқан аға буындар жарыстарда жастармен иық тірестіріп жүр. Бұл да өскелең жастарға үлкен өнеге.
Міне, біз бүгін кейіпкер еткен Өмірбек Қаппаровтың өмір жолы осылай өрілді. Жас кезінде, ардагер ретінде де үлкен жетістікке жетпесе де, ол кісінің спортқа деген шынайы сезімі бізді бей-жай қалдырмады. Жаңақорғанда біз білетін Серік Ибрагимов ағамыз қазір 63 жаста, әлі де гір тасын көтеруден әлемдік деңгейде жүрсе, Өмекең де ізін басып, спортты серік етіп келеді. 
 
30 қаңтар 2022 ж. 1 009 0