» » Балуандардың биігі

Балуандардың биігі


Тұңғыш Президент күні қарсаңында ауданның саңлақ спортшылары абыройымызды асырып, мерейімізді тасытты. Алдымен жас балуандар белбеу күресінен Әлем чемпионатында ел қоржынынан 1 алтын, 4 қоланы салып, керемет нәтиже көрсетті. Сосын біздің футболшылар Алматыда өткен республикалық турнирде дараланды. Жеңімпаздармен жүздескенде жүлделерін Тұңғыш Президент күні қарсаңында женіп алғанын мақтан етіп, жеңісті жерлестеріне арнайтынын айтты.
Өзбекстанның Жызак қаласында 2001-2003 жылы туылған жастар арасында өткен әлемдік сында жерлестеріміз, Түгіскен ауылының №8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің саңлақтары сыннан сүрінбеді.
Чемпиондарды Жаңақорған теміржол вокзалынан күтіп алып, құрмет көрсету үшін аудан әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы бастаған басшылар шығып, ыстық лебізін білдіріп, спорттық өмірде бұдан да биік белестерді бағындыра беруде тілектестік білдірді.
Жалпы біздің ауданда белбеу спорты қарқынды дамыды. Ересектер мен жастар арасындағы ел ішілік және әлемдік ареналарда алтынсыз қайтпайтын едік. Енді осы жолмен жүрген жасөспірімдер де жүлделі орыннан көріне бастады. Әбдісаттар Садықов басқаратын №8 спорт мектебінен шыққан жас балуандардың құтты қадамы осылай басталды. Біз тақым қысып, асыға күткен жарыстың жалауы желбіреді. Бозкілемге бірінші болып бұрымдылар беттеді.
Жеңіл салмақта сынға түскен Балымай Төлеген жарысты жақсы бастады. 48 келі Балайымның салмағы, ол осы салмақта жақында ғана І ТМД ойындарының чемпионы атанды. Ол жолы жасөспірімдер арасында додаға түскен болатын. Енді міне жастар арасындағы алғашқы қадамында қолаға қол созды. Керемет жетістік, осы жолды 66 келідегі ару Жұлдыз Жұмахан да жалғады. 2019 жылғы Ташкенттің Алмалық қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік бәсекеде де қолаға қол созған еді, бұл жолы да жас балуанға қола бұйырды. Биыл ғана жастарды толықтырғанын ескерсек қос балуанның болашағы алда екені шүбәсіз. Мереке Құдайбергенова мен Меруерт Әбубәкірдің жолын жалғап, ізінен еретін қос қарлығаштың жеңісіне біз де бір марқайып қалдық.
Ал, жігіттер арасында додаға қосқан балуандар да құралақан емес. 68 келідегі Айберген Маукенбай мен 75 келіде өнер көрсеткен Наурызбек Мамыт тартысты үздік үштікпен түйіндеді. Екеуі де ақтық сынға апарар жолда сүрінгенімен қола үшін тартыста тартынып қалмады. Барын салып, жүлдемен оралды. Саулебек Атабаев, Бағдаулет Төлегенов, Алмат Әбдіназаров, Аслан Нұрқожаев және аға жаттықтырушы Әбдісаттар Садықов баптайтын шәкірттер төрт қоланы қанағат етті. Ал, бар үміт 90 келідегі Алдаберген Айберген де болды. Байрақты бәсекелерде қоламен қорытындылап жүрген ол жақында ТМД ойындарында күміспен қуантқан еді. Бірақ жастар арасында алтын аламын деген уәдесін бергені есімізде.
– Алтын тұғыр менің басты мақсатым болды, осы үшін қаншама тер төктім. Басты қарсыластар ресейлік және өзбек балуаны болды. Әлем бойынша өз салмағымда үздік екенімді дәлелдедім. Алда жоспар көп, бірер жылдан соң ересектер арасындағы додаларда бақ сынаймын. Ол жақтағы бәсеке бөлек. Барша жанкүйерлермен маған тілеулес жақындарыма, бапкерлерге алғыс айтамын. Бұл жеңісті Елбасы күні мерекесіне орай еліме арнаймын, – деді жас чемпион.
Жеңімпаз жастарымызды өткен жексенбі күні күтіп алып, құрмет көрсеттік. «Биылғы жыл табысты болды. Облыс чемпионы болдық, енді жастарымыз әлемдік аренада атой салуда. Мұның барлығы қажыр-қайрат, еткен еңбектің жемісі. Балуандар жарады» – деп спортшылар мен бапкерлерге аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмуд Рахымжанов алғысын білдірді. Жастар жанашыры Арман Мажитов та құрметтеп күтіп алып, тілектес көңілін білдірді. Бұл да өскелең жастарға күш-жігер беретін қолдау.
– Жастардың барлығы алтынға лайықты өнер көрсетті. Бұйырғаны осы, келер жылға жоспар көп, сәл демалыстан кейін балуандар бозкілемге қайта оралады. Спорттық әлеуетін жоғалтып алмау үшін жаттығуды тоқтатпауымыз керек. Жеңістің барлығы алда, – деді белбеу күресінің аймақтағы аға бапкері Әбдісаттар Садықов.
02 желтоқсан 2021 ж. 643 0