№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қоржында қос алтын, бір күміс

Қоржында қос алтын, бір күміс



Сыр еліне сүйінші жаңалық. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Семей қаласында өткен самбодан ҚР кубогында Сыр елінің спортшылары табысты өнер көрсетті. Биыл тұңғыш рет қатысқан жаңақорғандық бұрымды балуандар қоржынға қос алтын, бір күміс сыйлады. Мереке Құдайбергенова мен Меруерт Әбубәкір өз салмақтарында дара шықса, күміс тұғыр Алиса Нұртасқа бұйырды. Жеңістерін жерлестеріне және ел тәуелсіздігіне арнаған чемипондармен тілдескен едік.


Айта кетейік, бұл кубок бір жағынан Қабанбай батыр атындағы турнир ретінде аталып өтіледі. Сонымен, самбо, дзюдо, белбеу және қазақша күрестен әлем және Азия чемпионаттарында, ел біріншілігінде жүлдесіз қайтпаған қыздар бұл жолы да үмітті ақтады. Армандары Олимп шыңын бағындыру болатын. Әбдісаттар Садықовтан тәлім алатын балуандар Семей төрінде қарсылас шақ келтірмеді. Алдымен бозкілемге 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі Меруерт Әбубәкір көтерілді. Түркістан және жарыс қожайынынан басым түскен Меруерт ақтық сында қызылордалық балуанның жауырынын жер иіскетті.
– Алғаш қатысып тұрғаннан кейін қарсыластарды толық зерттеп үлгермедік. Бапкерлер тапсырмасын тиянақты орындауға тырыстым. Шүкір, алтын бұйырды, енді келер жылы дзюдоға көңіл бөліп, ұлттық құрама сапынан орын алу басты мақсат. Бұйырып жатса Олимпиада ойындарына барып қалармыз, – деді чемпион қыз.
Биыл белбеу күресінен әлем чемпионатында және қазақ күресінен ел біріншілігінде Меруерт пен Мереке қоламен қуантқан болатын. Сондай-ақ, Меруерт дзюдодан да жеңіс тұғырынан көрініп, Сыр өңірінің белді балуанына айналды. Нұрлыбек Алдабергенов баптайтын бұрымды балуаннан келер жылы үлкен жеңістер күтеміз.
Келесі күні жарыс жолына Мереке мен Алиса шықты. 80 келіде өнер көрсеткен қос балуанның жолы ақтық сында түйісті. Биыл белбеу және самбодан жастар арасындағы додаларда жасындай жарқылдаған Алисаның шеберлігіне көпшілік тәнті болды. Биыл ересектер арасында алғаш бағын сынап жүрген ол өзі қатысқан турнирлер мен байрақты бәсекелерден жүлдемен оралуда. Ақтық сында спорттық өмір жолында жол көрсетіп, үлкендік ақылын айтып, өзіне ұстаз болып жүрген Мерекемен күш сынасып көрді. Әрине алтын алқа Мерекенің, күміс Алисаның мойнына тағылды.
– Биылғы жыл қыздар үшін табысты жыл болды. Бұл тұғырда Диана Ғайбулла да бар. Осы төрт қыздың алған асуы, бағындырған белесі бір төбе. Енді келер жылы бұдан да биіктерден көретін боламыз, – деді білікті бапкер Әбдісаттар Садықов.
Жастар жылы №8 Түгіскен спорт мектебінің спортшылары үшін табысқа толы болды. Тек күрес түрлерінен ғана емес, басқа да спорттан аудан мерейін асырғандар бар. Таеквондо, ауыр атлетика, еркін күрестен жасөспірімдер жүлдемен оралып жүр. Осыдан-ақ, бұл спорт мектебінің келешегін айқындай беруге болады.
Жалпы самбо күресі Жаңақорғанда енді ғана еңсе көтеріп келеді. Жақында ғана жастар арасында Алиса чемпион атанып, Диана күміске қол созса, енді міне алтын тұғырға қондық. Мереке бастаған нәзік жандылардың әлі де алар асуы алда. Келер жылы Токио Олимпиадасы. Енді қыздар дзюдодан ұлттық құрама сапына іріктеуге дайындықты бастайды. Кім біледі, біз Жаңақорғаннан олимп шыңын бағындыратын қыздарды да көріп қалуымыз ғажап емес. Тек қыздарға сәттілік тілейік!

Әли ТЕМІРБЕК
24 желтоқсан 2019 ж. 705 0