№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әлем чемпионаты: қоржында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола

Әлем чемпионаты: қоржында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола

Жаңақорғандық жас балуандар жақында белбеу күресінен өткен Әлем және ТМД елдерінің ойындарында ел намысын абыройлы қорғап келді. Сынға түскен жас спортшылар ел қоржына 1 алтын, 1 күміс және 2 қоланы салып, көк байрақты көкте желбіретіп, мерейімізді асырды. Аға буынның ізін жалғап келе жатқан чемпиондар туған өлкеге оралған соң, арнайы сұхбаттасудың сәті түсті.
Жалпы біздің ауданда белбеу спорты қарқынды дамыды. Ересектер мен жастар арасындағы ел және әлемдік ареналарда алтынсыз қайтпайтын едік. Енді осы жолмен жүрген жасөспірімдер де жүлделі орыннан көріне бастады. Әбдісаттар Садықов басқаратын №8 спорт мектебінен шыққан жас балуандардың құтты қадамы осылай басталды.
Алдымен, 5-8 қыркүйек аралығында Татарстанның Мамадыш қаласында өткен 2004-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы белбеу күресінен әлемдік бәсекеге Қарақат Атамұрат аттанған болатын. 48 келіде бақ сынаған Қарақат алғашқы айналымда өзбек, одан кейін алаң қожайынын жеңіп, жартылай сында сүрінді. Ал, қола үшін тартыста қырғыз спортшысын сан соқтырып, байрақты басына көтерді.
– Шыны керек, қобалжу көп болды. Әрбір белдесу оңай соқпады, финалға да өтетін мүмкіндігім бар еді, тек сәттілік жетіспеді. Бұйырса келер жылы кеткен есемді қайтаратын боламын. Қазір Орал қаласындамын, самбодан ел біріншілігінде бақ сынауға келдім, – деді Қарақат.
Ол 2019 жылы Павлодар қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 3-ші орынды қанағат тұтса, биыл Жаңақорған төрінде өткен біріншілікте алтынмен апталып, әлемге жолдаманы жеңіп алған болатын. Жаттықтырушысы Мейірхан Қожанов шәкіртінің ертеңінен үлкен үміт күтетінін жеткізді.
– Қарақат бұл спорттың табалдырығын осыдан бес жыл бұрын аттаған болатын. Үйінің кенжесі, сабақ үлгерімі де жақсы. Бұйырса самбодан, одан кейін қазақша және дзюдодан да чемпион атануға ниеттіміз. Оған Шәкіртімнің мүмкіндігі жетеді, – деді бас бапкері.
Иә, қожакенттік қаршадай қыздың жетістігі осылай басталды, алар асуы әлі де алда екеніне біздің де күмәніміз жоқ.
Ал, Казань қаласында І ТМД ойындарының белбеу күресіне жол жүрген жерлестеріміз үш бірдей жүлдемен қуантты. Түгіскендегі №8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тәлім алатын Балымай Төлеген алтынмен сүйіншілесе, Алдаберген Айберген күмісті, Наурызым Мамыт қоланы мойынға тақты.
Бірнші күні арулар бозкілемге көтерілді. 48 келіде ел атынан сынға түскен Балымай ақтық сынға дейін сүрінбей өтті, ал финалдық бәсекеде кілем иесімен белдесті. Біздің қыз оны да қапы қалдырып, өзінің теңдесіз екенін дәлелдеді.
– Бар мақсатым чемпион атану болатын. Бозкілемге шыққан бойда барлық қарсыласыма бірінші болып әдіс жасап, белдесуді уақытынан бұрын аяқтауға тырыстым. Бапкерлер айтқан ақылын, қай жерде қандай әдіс-тәсіл қолдану керектігін бағамдап, жасап шықтым. Қуаныштымын, бұл деңгеймен шектеліп қалуға болмайды. Бұдан үлкен белестер күтіп тұр, осы спорттық әлеуетімді жоғалтпауым тиіс, – деді чемпион қыз.
Иә, бұл спорттан алтын сыйлау біздің балуандардың дәстүріне айналды. Білекті де, жүректі жігіттер мен арулардың биігіне Сыр жұрты ғана емес, алаш елі қуанып, әнұранымыз шырқалып, көк байрағымыз көкте желбіреп тұрады. Бұл аудан спортының бүгінгі таңдағы тағы бір белесі. Тарих жаңарып, жастар есейіп келеді.
Жігіттер арасында жарыс жолына шыққан 75 келі салмақ дәрежесінде Наурызым Мамыт үшінші орын үшін белдесуде барын салып, жүлдегерлер қатарынан көрінсе, 90 келі салмақтағы балуанымыз Алдаберген Айберген күмісті қанағат тұтты. Айберген басқа да турнирлерде атой салып жүрген жастың бірі. Әлем чемпионатында да жүлдемен оралғанын білеміз. Жас балуандарды Аслан Нұрқожаев, Сәулетбек Атабаев және Әбдісаттар Садықов жаттықтырады.
– Жастар жарады, ендігі мақсат өзге де спорт, оның ішінде самбо, дзюдо мен қазақша күрестен ел чемпионаттарында топ жару. Дайындықты пысықтап жатырмыз, қазір самбодан Орал қаласында чемпионат өтуде. Жастар сол жарысқа жол жүрді, күтеріміз алтын, сондықтан тілеулес болып отырмыз, – деді білікті бапкер Әбдісаттар Садықов.
Әли ТЕМІРБЕК
19 қыркүйек 2021 ж. 1 494 0