» » Тәуелсіздік құрдасы

Тәуелсіздік құрдасы

Бүгінде тәуелсіздіктің төл құрдастары орда бұзар отыз жасқа келіп, елдің дамуына өз үлестерін қосуда. Олар қоғамдық өмірдің әр саласында табысты еңбек етуде. Айдар Әбенов болса спорт саласында өзіндік ізі бар азамат.
Бастауыш сыныпта оқып жүр­генінде күрес залына барып, кілемде аунап-ойнап, спортшы болуға бе­кі­неді. Оның ынта-ықыласы алда­мады. Бірнеше жылдың ішінде еркін күрестің қыр-сырын меңгеріп, бапкерлерінің көзіне түсіп, аудандық, облыстық деңгейдегі турнирлерде дараланады. Сөйтіп, өзінің өмі­рін спортпен байланыстырып, жо­ғары білімін А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінде алады. Онда бапкерлік өнерге маманданады.
2011 жылы Жалағаш ауданында еңбек жолын бастаса, 2018 жылы өзі жаттығып, шыңдалған №8 спорт мектебінде жаттықтырушы қызметін жалғастырады.
Жасөспірім спортшылардың тех­никалық, тактикалық тұрғыда шың­дап, жетістікке жетелеп жүр. Мақ­саты – қазақ күресінің аңызына айналған Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыханов сынды жігерлі, намысты «чемпион рухты» балуандар дайындау.
– Жаңақорғанда талантты, талап­ты жасөспірімдер көп. Сондай ұландарды тауып, оларды спортқа баулып, көрген-білгенімді үйрету азаматтық борышым деп білемін. Біздің ауданнан Олимпиада ойын­дарында өнер көрсеткен Жасұлан Мұхтарбекұлы, Дәулет Ниязбеков, Ғалымжан Өсербаев сында балуандар шықты. Солардың ізін жалғайтын спортшылар дайындау біздің негізгі міндетіміз, – дейді ол.
Білікті бапкерден тәлім алатын жасөспірімдер арасында «чемпиондық рухымен» ерекшеленіп жүргендер де аз емес. Мәселен, Әбдішүкір Ерасыл еркін күрестен Қазақстан чемпионатында үздік үштіктен көрінді. Бану Төлеген елдің мықтыларын анықтайтын чемпионатта күміс медальды мойнына тақты. Батыржан Жұматов облыс біріншілігінің жеңімпазы, республикалық турнилердің жүлдегері.
– Тәуелсіздіктің төл құрдасы болға­нымды мақтан етемін, әрі өз-өзімді кәсіби шыңдап, чемпиондар тәрбиелеп, елімнің спорттық державаға айналуына үлес қосқым келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Мақсатшыл Айдардың нәтижелі жұ­мысына әріптестері де тәнті.
Рауза КӨБЕГЕНҚЫЗЫ
28 қараша 2021 ж. 701 0