№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балуанның бабын тапқан бапкер

Балуанның бабын тапқан бапкер


Еркін күрестің мектебі Жаңақорғанда қалыптасып, даму шыңына жеткенін қазақ жұрты жақсы біледі. Мұрат Тотаев, Әбутәліп Аманов, Ильман Изатов, Қайрат Оралбеков, Жанболат Бердиев, Қайназар Байтеміров, Серік Әбдімауленов және т.б білікті бапкерлерден тәлім алған балуандардың биігі өз алдына. Ал осындай бапкерлердің тәрбиесін көріп, ізін жалғап келе жатқан жаттықтырушылар да аза емес. Олардан да күтеріміз мол. Солардың қатарында кезінде жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты және спартакиада жүлдегері, жастар арасында Халықаралық және Республикалық жарыстардың жеңімпазы атанған Ғабит Абиловты ерекше айтуға болады. Тәжірибелі бапкерді әңгімеге тартып, бүгінгі өрендердің бет алысын, қарым-қабілетін сөз етпекпіз.


Шыны керек, соңғы жылдары Дәулет Ниязбеков, Ғалымжан Өсербаев, Азамат Шағапұлының ізін жалғар жас балуандардың биігін көре алмай келеміз. Әрине жас өрендердің жетер жетістігі, бағындырар белесі алда екені шүбәсіз. Оның барлығы төккен тер, еткен еңбекпен келетін нәтиже.
– Жаңақорған спорты еркін күресімен мақтана алады. Алдыңғы аға буын мен балғын балуандардың жетістігінен осыны көруге болады. Арғысын айтпай-ақ қойғанның өзінде кешегі Бейжің Олимпиадасынан бері он жылдан астап уақыт Сыр елінің мерейін үстем еткен жерлестеріміз жетерлік. Спорт болған соң белгілі бір кезеңдерде тоқырау да болады. Бірақ біз жасөспірімдерден көбірек үміт күтеміз. Мәселен, өз шәкірттерімнің ішінен Бекзатхан Қыдырбай, Ерасыл Құрықбаев, Асылбек Құтымбек, Нұрлыбек Мұхамеджан және тағы басқа өрендерден чемпион шығатынына сенімдімін, – деді жас жаттықтырушы.
Өзі де он жылдан астам уақыт бозкілемде тер төккен Ғабит Алматыдағы республикалық спорт колледжінде білім алып, кейін Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетін бітіреді. Жаттықтырушылық жолды Қызыл­орда қаласындағы №1 спорт мектебінде бастайды. Тәжірибе жинақтағаннан кейін қызметін аудандағы №7 спорт мектебінде жалғастыруға бел буды.
– Ғабиттің мақсаты биік, бала кезінен чемпион болуды армандады, жетті. Енді шәкірттерінен жақсы нәтиже күтеді. Чемпиондарды тәрбиелеп шығару Ғабиттің қолынан келеді. Тек өрендерді көбірек жарысқа шығарып тұрған жөн. Сонда ғана бала айналаны таниды, тәжірибе жинақтайды. Бір сөзбен айтқанда, өседі, – деді республикаға танымал төреші, әрі бапкері Ильман ағай.
Бүгінде ұлттық құрама сапында жүрген Азамат Шағапұлы, Ғалымжан Өсербаев, Қанат Мұсабековпен бір кілемде тер төгеді. Бүгінде оқушылары, әсіресе бұрымды балуандары ел чемпионатында жүлде алып жүрген Айдар Әбенов те кейіпкерімізбен бір залда жаттыққан. Алайда Ғабит жарақатына байланысты үлкен спорттан кетуге мәжбүр болды. Бірақ күрестен алыстамады, алты жылдан астам бапкерлік қызметті абыроймен атқарып келеді. Балуан, әрі бапкер ретінде алған марапаттары да аз емес.
– Алда жоспар көп. Жақында Алматы облысында жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтеді. Чемпионатқа облыс құрамасы сапында жаңақорғандық өрендер өнер көрсетеді. Дара шыққандары Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. Өрендер биыл жақсы нәтиже көрсетеді деген үміттемін, – деді ол.
«Ұстаздан шәкірт озса игі» демекші, Ғабит Абилов келешекте шәкірттері керемет нәтижеге қол жеткізіп, балуанның бабын табатын білікті бапкер шыңына жетсе, міне, ұзақ жылдық еңбектің ақталғаны осы. Мұратты жолда табыс тілейміз, жас бапкерге.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

14 наурыз 2020 ж. 898 0