№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мақсатым – әлем чемпионын тәрбиелеу

Мақсатым – әлем чемпионын тәрбиелеу


Сыр өңірінде еркін күрестің дара жолы бар. Әсіресе кейінгі жылдары күрес шеберлері жоғары нәтиже көрсетуде. Мұндай жетістікке жетуде облыстық жастар құрамасының аға бапкері Серік Әбдімәуленовтың еңбегі зор.


Жаңақорғанда еркін күрес мектебі қалыптасқан. Сондықтан әрбір баланың спорттағы алғашқы қадамы күрестің осы түрімен байланысты деуге болады. Серік Пернебекұлын да бала арманы жетелеп, Әбутәліп Амановтың қол астында жаттығады. Техникалық шебер­лігін арттырып, тактикалық тұрғыда сауатты күресуді меңгереді. Физикалық әлеуетін арттырады. Сөйтіп облыстық, республикалық турнирлерде қарсылас шақ келтірмейді.
– 1995 жылы алғаш спорт мектебінің табалдырығын аттадым. Еркін күрестен Әбутәліп ағайдың қол астында жат­тықтым. Облыстық біріншілікте жүл­де­лі орыннан көрініп жүрдім. 1999 жылы мектепті тәмамдап, 2000 жылы Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алдым. Еңбек жолымды 2001 жылы №51 М.Қаратаев атындағы орта мектепте мұғалім болып бастадым. 2004 жылы спорт мектебіне ауыстым. Міне, содан бері бапкерлік қызметте келемін, – деді ол.
Кез келген спортшының арманы байрақты бәсекелерде топ жарып, ел намысын лайықты қорғау. Әбдімәу­леновты алдағы уақытта әлем чемпио­нын тәрбиелеймін деген мұраты алға жетелеп келеді. Мәселен, Азамат Шағапұлы қазір әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүр. 2012 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанды. Бүгінде ересектер арасында өз салмағында мықты балуандар сана­тынан.
– Спорттағы әрбір жетістік маңдай термен келеді. Менің осындай тұғырдан көрініп, жетістікке жетуім Серік ағайдың еңбегі. Сондықтан бапкерлер артқан сенімді ақтауға тырысудамын, – деді шәкірті Азамат.
Азаматтан бөлек, Серік ағайдың шәкірттерінің қатарында Кәрібай Жандос пен Нұржан Өмірбековті де айтуға болады. Олар да қазір ел чемпио­наттарында олжалы оралып жүрген спортшылар. Әңгіме арасында білікті бапкерден қазіргі қазақ балуандарының әлеуеті қандай, оларға не жетіспейтінін сұрадық.
– Шыны керек, біз күреске қатыс­қан жылдары дәл бүгінгідей жағдай болмады. Қазір барлық жағдай жаса­лынған, тек нәтиже көрсете білу керек. Кеше Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлем чемпионатында қазақ балуан­дары тәп-тәуір өнер көрсетті. Бірақ, физикалық тұрғыда дайындығы аз екені көрінді. Спортшыны жеңіске жетелейтін күш – рухта. Осыны байқай алмадым. Бізге мықты психологтар керек. Онсыз жеңістің жолын табу қиын, – деді кейіпкеріміз.
Бүгінде 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр­ған Серік аға балаларым өссе міндетті түрде күреске беремін дейді. Қазір үлкен ұлы Қайсар жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатында екі рет жүлделі оралды. Бір күміс, бір қола еншісінде. «Құдай қаласа, әлі талай бәсекелерде топ жарамын» дейді балғын зілтемірші. Одан кейінгі ұлын міндетті түрде еркін күреске беруге ниетті.
– Менің спортшы және бапкер ретінде жетістікті иеленуім Әбутәліп ағайдың қамқорлығы, бағыт-бағдар беруінен. Жаттықтырушылық ізденісті, еңбекқорлықты талап етеді. Шәкірттің қабылетіне, икеміне қарай әдіс-тәсілдер үйретіп, ерік-жігерін қайрап, жеңістің жолы табуға жауаптымыз. Осы жолда тер төге беремін, – деді С.Әбдімәуленов.
Еркін күрес спортын жанына жақын тұтатын жаңақорғандықтар бапкер шәкірттерінен әлем және олимп шыңын бағындырар чемпиондар шығатынына сенімді. Оны уақыттың еншісін қалдырайық.

Әлібек ТЕМІРБЕК
01 қазан 2019 ж. 918 0